12 қаз, 2018 сағат 08:30

Головкиннің салмағындағы чемпиондық белбеу бос қалды

Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Пако Валькарсель орта салмақтағы әлем чемпионы Билли Джо Сондерске (26-0, 12 КО) қатысты қабылданған шешімді жария етті, деп хабарлады Sputnik агенттігі Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Британиялық боксшының қанынан допинг (оксилофрин) табылып, оның Бостондағы (АҚШ, Массачусетс штаты) америкалық Деметриус Андрадемен (25-0, 16 КО) жекпе-жегі тоқтатылды – штат комиссиясы Сондесрке бокс лицензиясын беруден бас тартты.

"Билли Джо Сондерс орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын өз еркімен босатып, Массачусетс штаты комиссиясының допингке қарсы ережесін бұзғаны үшін жұрт алдында кешірім сұрады. Осылайша, 20 қазанда Деметриус Андраде мен Уолтер Каутондоква бос қалған "тәж" үшін айқасады. Сондай-ақ мен WBO атқарушы комитетіне Сондерсті заң бұзғаны үшін алты айға бокстан шеттетуге кеңес беремін", — деп жазды Валькарсель твиттердегі парақшасында.  

Көптеген шетелдік БАҚ Сондерс орта салмақтағы едәуір атақты боксшылар – қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль Альвареспен (50-1-2, 34 КО) жұдырықтасатын жалғыз мүмкіндігінен айырылғанын жазып жатыр.