08 мам, 2019 сағат 15:43

Головкиннің бапкері оның «Канелодан» жеңілуіне не себеп болғанын айтты

Америкалық жаттықтырушы Джонатан Бэнкс Геннадий Головкиннің Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жекте неге жеңіске жете алмағаны туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Sports.kz.

«Мен оның стилін түбегейлі өзгерткім келмейді, тек біраз нәрселерді жақсартқым келеді. Сіз әлденені өзгерткен кезде жаңа дүниелерді үйренуіңізге тура келеді, ал көздегеніңіз ойлағаныңыздай болмай қалса, алғашқы бағытыңызға қайта ораласыз. Мен де оның әу бастағы әдістерін қолға алып, сол жағын күшейткім келеді. «Канеломен» алғашқы жекпе-жектен кейін Геннадий ештеңе өзгерткен жоқ. Менің ойымша, қандай да бір өзгерістердің жоқтығы да Геннадийдің күйреуіне алып келді. «Канело» - мықты боксшы, онымен жекпе-жек кез келген адам үшін ауыр болатыны сөзсіз. Ол машықтары мен ептілігінің есебінен барлығы үшін алдырмас боксшы. Мұндай қарсыласпен айқаста бұрынғы жіберген қателіктерге түзетулер енгізілмейтін болса, біздің бұрынғы көрген жекпе-жегіміз қайталануы мүмкін», - деді Бэнкс Ring TV-ге берген сұхбатында.