03 сәу, 2017 сағат 14:06

Головкиннің Астанадағы жекпе-жегі қашан өтетіні белгісіз

Бүгін, 3 сәуір күні Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Берік Маржықбаев "Головкин келесі кездесуін 17 шілде күні Астанада өткізеді" деген болатын. Тіпті, бұл жекпе-жекті өткізу үшін ол қол қойыпты-мыс. Осы орайда Vesti.kz порталы не үшін Головкиннің жекпе-жегі 17 шілде күні өтпейтінін анықтап көрген.

Геннадий Головкин кәсіпқой бокста 37 кездесу өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен. 33 кездесуде қарсыластарын сұлатып салған. Қазіргі уақытта оның еншісінде төрт ұйымның чемпиондық белбеуі бар. Отандасымыз АҚШ жеріндегі бірінші кездесуін 2012 жылдың 1 қыркүйегінде өткізген. 

2015 жылдан бастап ол мұхиттың арғы жағында үлкен атаққа қол жеткізіп, жекпе-жектері ақылы жүйе(PPV сатылы) бойынша көрсетіле бастады. Өзінің соңғы кездесуін ол 2017 жылдың 18 наурызда өткізіп, америкалық Дэниэл Джейкобсты төрешілердің шешімі бойынша жеңген еді. 

Кәсіпқой бокста бұған дейін өткізген отандасымыздың жекпе-жектері демалыс күндері болған. Головкин карьерасында ешқашан дүйсенбі күні шаршы алаңға шықпаған. Ал үлкен келісімшарттарға қол жеткізгеннен бастап, оның жекпе-жектері тек демалыс күндеріне қойылып жүрді. Бұл боксшы үшін де, көрермен, телеарна үшін де өте қолайлы. Ең бастысы, қазір Головкиннің HBO телеарнасымен келісімшарты бар. Кейбір дереккөздердің мәліметі бойынша, келісімшарт бойынша қазақстандық боксшы тек демалыс күндері жекпе-жек өткізуі керек екен. 

Ал, Маржықбаев айтқан күн дүйсенбіге келіп отыр. Яғни, 17 шілде. Сондықтан да Головкиннің командасы бұл күні жекпе-жек өткізеді дегенге үлкен күмәнмен қарауға болады. Оның үстіне спикер жекпе-жек туралы толық ешқандай мәлімет таратпады.