13 шіл, 2018 сағат 10:32

Головкин жеңіліп көрмеген америкалықпен жекпе-жекке келісім берді

Орта салмақта WBA Super, WBC және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) Сауль Альвареспен (49-1-2, 34 КО) 15 қыркүйекте өтетін жекпе-жектен кейінге жоспар құра бастады, деп хабарлайды inform.kz Sports.kz порталына сілтеме жасап.

Қазақстандық боксшы WBC белдігін міндетті қорғауды ойластырып жатыр. Ол үшін жеңіліп көрмеген америкалық боксшы Джермалл Чарломен (27-0, 21 КО) жекпе-жек өткізуі қажет.

ESPN телеарнасының журналисі Брайан Кэмпбелл Геннадийдің: «Чемпион ретінде мен үнемі жекпе-жек өткізуге дайын екенімді айтып келемін. Мен ашықпын. Ұйымдастырайық осыны», - деген сөзін жариялады.

Дегенмен, Геннадий, «Канелодан» кейін бәрібір WBO чемпионы Билли Джо Сондерспен (26-0, 12 КО) жекпе-жек өткізу ықтималы жоғары екенін білдірді. Өйткені GGG орта салмақтағы барлық титулдарды біріктіруді жоспарлап отыр.