01 ақп, 2018 сағат 10:01

Головкин Ресейдегі халықаралық бокс форумының құрметті қонағы болады

Бейсенбі күні Сочиде әлемнің жетекші ұйымдарының қатысуымен тұңғыш халықаралық бокс форумы ашылады, деп жазады ТАСС.

Форум Ресей бокс федерациясының бастамасымен халықаралық олимпиадалық және кәсіпқой бокс федерацияларымен бірлесіп ұйымдастырылған. Онда кәсіпқой бокстағы басты ұйымдардың директорлары кеңесінің отырысы өтеді.

Сочидегі форумда Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA), Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA), Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC), Халықаралық бокс федерациясы (IBF) және Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) сынды жетекші бокс ұйымдарының өкілдері жиналады.

Шараға 130-дан астам мемлекет өкілдері қатысады. Ресми бағдарлама қатысушылар арасында - WBC басшысы Маурисио Сулейман, WBA президенті Хильберто Мендоса, IBF жетекшісі Дэрил Пиплз, үш дүркін Олимпиада чемпионы және алты дүркін әлем чемпионы, кубалық Феликс Савон және әлем чемпионы, үздік кәсіпқой боксшылардың бірі, қазақстандық Геннадий Головкин бар.

Форум 1-3 ақпан күндері Сочидың Pullman қонақ үйінде өтеді. Жиын бағдарламасында төрешілер семинарлары, WBA және WBC директорлары кеңесінің отырысы және Сулейман, Мендоса, Пиплз және Головкиннің қатысуымен «Әлемдегі олимпиадалық және кәсіпқой бокстың дамуы» тақырыбында пікірталас алаңы ұйымдастырылады.

Сонымен бірге, сенбі күні Сочидегі «Большой» спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтеді, онда ресейлік Мұрат Гассиев пен кубалық Юниер Дортикос арасында Бүкіләлемдік бокс суперсериясының жартылай финалдық айқасы өтеді.

Сондай-ақ, рингке бұрынғы әлем чемпионы Федор Чудинов, WBA интернационалдық белбеуінің және WBC күміс белбеуінің иегері Михаил Алоян, Ваге Саруханян, Максим Власов және Роман Андреев шығады. Форум қатысушылары мен қонақтары ресми жаттығу мен салмақ өлшеу рәсімдеріне бара алады.

Форумның жабылуы 4 ақпанға жоспарланған.