24 сәу, 2019 сағат 08:07

Головкин мен Роллс екінші рет көз арбасты

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен канадалық Стив Роллс (19-0, 10 КО) Лос-Анджелесте (Калифорния штаты, АҚШ) екінші рет баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Sports.kz.

Головкин 8 маусым күні «тамаша шоу» сыйлайтынын тағы да атап өтті, сондай-ақ Роллсты қарсылас ретінде таңдауы кездейсоқ еместігін тілге тиек етті. «Стив осы жекпе-жекке лайықты. Меніңше, ол бұл жекпе-жек үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған бірден-бір боксшы болды, сондықтан да шақыртуды қабыл алды», - деді Головкин.

Роллс, өз кезегінде, жекпе-жекте жеңіске жету үшін де қолынан келгеннің бәрін жасайтынын жеткізді.

Баспасөз мәслихатынан кейін Головкин мен Роллс дәстүрлі көз арбасу рәсімін өткізді. Олардың жекпе-жегі 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді.

Еске салсақ, бұған дейін Нью-Йоркте қазақстандық Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен канадалық Стив Роллс (19-0, 10 КО) жекпе-жек алдында көз арбасқан болатын.