07 мау, 2018 сағат 08:24

Головкин мен Альварес неге келісе алмай жүр?


WBA/WBC/IBO/IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин қазір супержұлдызға айналған. Әлемдегі әріптестеріміз оның айтқан әр сөзінен ақпарат жасауда. Біз де қалыс қалып жатқан жоқпыз. Бүгінде еліміздегі спорттық сайттарда жарық көрген он ақпараттың жартысы жерлесімізге арналуда. Неге? Себебі, қыркүйек айына жоспарланған жекпе-жекке қатысты сұрақ көп те, жауап жоқ.

Головкиннің күзге жоспарлап отырған кездесуі қай күні өтетіні, қарсыласы кім болатыны әлі белгісіз. Басы ашылмай тұрған басты мәселе де осы. Келісім бойынша мексикалық Сауль Альвареспен жұдырықтасуы керек еді. Алайда бұл жекпе-жектің өтетініне сенетіндердің қатары күн санап кеміп барады. Өйткені, екі тарап өзара келісімге келе алар емес.

Түсінікті тілде айтар болсақ, Головкин мен Альварес 100 теңгені бөлісе алмауда. «35 теңгесін берейін, 65 теңгесі менікі» дейді мексикалық. «Жоқ, 50 теңгеден бөліп аламыз» дейді біздің жігіт. Екеуінің де қарсыласқа 1 теңге артық ұстатқысы келмейді. Айтқан сөздерінен айнитын түрі жоқ. Өйтпегенде ше? Түсінуге жеңіл етіп жазған түріміз ғой, әйтпесе әңгіме 100 теңгеде емес, түсетін табыстың пайызында болып тұр. Оның әр пайызы миллион долларға жақын қаржы. Егер түсетін табысты 50 пайыздан бөлісер болса, әр боксшыға 20 мен 35 миллион доллардың аралығында табыс түсуі тиіс. Екі тараптың жарты пайызға да жылжығысы келмей отырғаны сондықтан.

Негізі жерлесіміздің әңгімесі өзгерген. Бұрын табыс, қаражат жайында жақ ашпайтын. «Қарсыласымды құрметтеймін. Big Drama Show жасаймыз!» дегеннен ары аспай, сыпайы қайыратын. Мысалы, 2017 жылы өткен Альвареспен алғашқы кездесуінде табыстың 30 пайызына келісті. 70 пайызы мексикалықтың қанжығасында кеткен. Арада жыл өтпей табыстың тең жартысына таласып отыр.

Анығында, Гена бұл қадамға ақшаға құныққан барып отырған жоқ. Мұндай талап қоюға итермелеген өздері. Альварестің командасы осы кезге дейін ойларына келгенін істеп келді. Алғашқы жекпе-жек 2016 жылы өтуі тиіс болатын. Ол жұдырықтасудан бас тартып, WBC чемпиондық белбеуін бәсекесіз бере салды. 2017 жылы да дегенін істетті. Кездесуді Мексиканың тәуелсіздік күніне қойып, табыстың 30 пайызын ғана ұстатты. Көпшіліктің пікірінше, сол бәсекеде жерлесіміз жеңіске жетуге тиіс-тін. Төрешілер ақылға сыймайтын шешім шығарып, тағы да Альварестің ығына жығылып, тең есеп тіркеп жіберді. Ол аз болғандай 2018 жылғы 5 мамырға жоспарланған қарымта кездесуге 1 ай қалғанда шаршы алаңға шықпайтынын жария етті. «Есе қайтаратын жекпе-жек қыркүйекте өтеді» деп бокс жанкүйерлері күздің келуін асыға күтіп жүр. Ал ол болса тағы талап қоюда, табыстың 35 пайызын ғана бермекші. Мұндай «тәлпіштікке» қашанға дейін шыдауға болады? Қашанғы оның жетегінде жүре бермек? Сыпайы Генаның да төзімі таусылды. «Табыстың жартысын бересің!» деп шорт кесті.

Дәл қазір Головкиннің шарт қоюға толық қақысы бар. Бұрын өзінің мықты екенін дәлелдеу үшін, беделін жоғалтпау үшін қарсыласының барлық уәжіне келіскен. Ал қазір ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Альвареспен қарсы жекпе-жек өтпей қалса да, ештеңе жоғалтпайды. Әрине, қомақты табыс табу мүмкіндігін есептемегенде. Чемпиондық атақтары жеткілікті. Алғашқы жекпе-жекте-ақ өзінің мексикалықтан мықты екеніне нағыз бокссүйер қауымның көзін жеткізіп қойған. Күздегі кездесудің тағдыры қалай шешілсе де абырой-беделіне нұқсан келтіре алмайтыны анық. Қайта жекпе-жек өтпей қалса, Альварестің жоғалтатыны көп болып тұр. Иә, көп...

Ең бірінші қалың жанкүйерлерінің алдында абыройынан айрылғалы тұр. Әуелі жұдырықтасудан бас тартып чемпиондық белбеуін бере салды. Мұны көпшілік қорыққанға санады. Жанкүйерлер тарапынан қысып көбейді. Қорықпайтынын білдіріп, 2017 жылы жекпе-жек өткізуге келісті. Алайда абыройын аспандата алмады. Керісінше, мықтылығына күмәнмен қарайтындардың саны артты. Сол кездесуде жеңіс түгілі тең есепке лайық болмағанын айтатындар көп.

2018 жылы допинг дауына ілікті. Қайта тексеруден өтіп ақталып шыққанымен, бұл істе шикілік көбейді. Кәсіпқой бокстан хабары бардың бәрі жарыса пікір білдірді. «Допинг дауы қолдан жасалған. Головкинмен жекпе-жекке шықпау үшін жасалған қулық» десті бір бөлігі. Соңғы орын алған жағдайлар осы болжамды растайтындай. Кездесу жақындағанда допинг дауына байланысты жекпе-жектен бас тартты да, 6 айдан кейін қайтадан шаршы алаңға шығуға рұқсат берілді. Әдетте тыйым салынған дәрі-дәрмек қолданғандарға қарсы қатаң шара көрілетін. Бір-екі жылға спорттан аластатып, чемпиондық белбеулерін тартып алатын. Альвареске қарсы ешқандай шара көрілген жоқ. Осыдан кейін қолдан ұйымдастырылған қулық екеніне сенбей көр.

Пікір білдірушілердің екінші жартысы оның допинг қолданғанына сенімді. Тек қазір емес, бұрыннан қолданып келгенін айтады. «Допинг дауына ілікпей тұрғандағы бұлшықетіне қараңыз. Қандай шымыр, шыныққан боксшы екенін көріп тамсанар едіңіз. Қазіргі денесіне қараңыз, солған сәбіздей» деседі. Яғни, Головкинмен жұдырықтасқанда да тыйым салынған препарат қолданған, соның күшімен ауыр соққыларға төтеп бере алғаны айтылады. Бұл сөздердің де жаны бар. Қайсысы ақиқат екені белгісіз. Бірақ, қайсысы рас болса да, Альваресті қулық-сұмдықтан ақтап ала алмайын деп тұр. Беделінен түпкілікті айрылмайын десе, Головкинмен күздегі жекпе-жек оған ауадай қажет. Осындай жетістікке жеткізген қалың жанкүйері болса, солардың алдында нағыз сужүрекке айналмау үшін  тәуекелге баруға мәжбүр. Тіпті, табыстың тең жартысын алуға қуана келісуге тиіс. Мұны біздің жігіт біліп отыр. Иә, өз дегенінде табандап отыруына осындай жайттар мүмкіндік беруде.

Ал жекпе-жектің өту-өтпеуіне байланысты айтылып жатқан әңгімелер промоутер, менеджер, бапкер, мамандардың аузынан шыққан жәй жел сөздер. Өзіне тиесілі табыстың бір бөлігі қомақты болуы үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасауда. Әзірге соңғы сөзді айтуға тиіс Альварес үнсіз.

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ