06 мам, 2018 сағат 07:25

Головкин Мартиросянды екінші раундта есінен тандырды (Видео)

АҚШ-тың Калифорния штатындағы StubHub Center аренасында өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) өзінің америкалық қарсыласы Ванес Мартиросянды (36-3-1, 21 КО) екінші раундта нокаутпен жеңіп, өз титулдарын қорғап қалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Головкин бірінші раундтан бастап шабуылдап, қарсыласына мүмкіндік бермеді. Алайда Мартиросян да бірнеше соққыларын дарыта алды. Бірінші раунд қазақстандықтың басымдығымен аяқталды. Екінші раундтың басында Мартиросян тізерлеп отырып қалды, алайда дереу тұрып, жекпе-жекті жалғастырды. Головкин тактикасын өзгертіп, қарсыласын соққының астына алып, бұрыштан шығармады. Өз кезегінде Мартиросян да соққылар сериясын жасауға тырысып қалды. Дегенмен де Генаның ауыр соққылары Ванеске ауыр тиіп, нокауттан кейін қайта тұра алмады.

В. Мартиросянның ұлты - армян. Бірақ жеті жасынан бастап АҚШ-та тұрады. Жасы 31-де. Бүгінге дейін кәсіби бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 36 рет жеңіске жеткен. Үш айқаста ұтылып, бір мәрте тең түскен. Соңғы рет Мартиросян екі жыл бұрын бокстасқан. Сол кезде ол төрешілердің шешімі бойынша Эрисланди Ларадан жеңілген еді. 

Бұған дейін қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий мен допинг дауына іліккен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы биылғы мамырға белгіленген реванштың болмайтындығы белгілі болған-тын. 


Яғни Альварестен алынған допинг сынамалардың бірінен тыйым салынған препарат табылды. Осыған орай сәуір айының орта кезінде АҚШ-тың Невада штаты Атлетикалық комиссиясының шешімімен мексикалық боксшы Сауль Альварес допинг қолданғаны үшін алты айға спорттан шеттетілді. 

Жазаның мерзімі ақпанның 17-сінен бастап есептеледі. Себебі дәл сол күні Сауль Альварестің алғашқы сынамасынан «кленбутерол» атты допинг табылды. Екі күннен кейінгі сынама да оң нәтиже көрсеткен еді. Одан кейінгілері таза болып шықты. Осылайша, «Канело» 17 тамызға дейін барлық жекпе-жектерден шеттетіліп отыр.

Содан кейін, орта салмақтағы WBA Super, WBC, IBF және IBO белбеулерінің иегері Геннадий Головкин 5 мамырда Ванес Мартиросянмен кездесетінін ресми түрде жариялады.