18 нау, 2019 сағат 17:32

Головкин мансабын қашан аяқтайтынын және Канеломен үшінші айқасы туралы айтты

Танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы, бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин DAZN USA-ге берген сұхбатында мансабын неше жасында аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таяуда Головкин DAZN-мен алты айқасқа жоспарланған үш жылдық келісім жасады. Ол 2021 жылға дейін жалғасады.

«Мен 40 жасымда тоқтайтын шығармын. Дегенмен, болашақты білу мүмкін емес... Маған қазір ол туралы айту қиын, бірақ 40 жасымда промоушеніммен мақсатты түрде айналысқым келеді», - деді Головкин сұхбатында.

Журналист «Жұбайыңыз 40 жаста жұдырықтасуға рұқсат береді ме?» деп сұрады.

«Оның орнына жауап беру қиын, себебі біз онымен бұл сұрақты дұрыстап талқылаған жоқпыз. Бірақ, 40 жаста өзіңнің алдыңдағы емес, отбасыңның алдындағы жауапкершілікті сезінуің керексің ғой», - деді қазақстандық боксшы.

Головкин әңгімелесу барысында DAZN-мен серіктестік туралы айтты.

«Біздің дамығымыз келетін бағытымыз бір. Қазіргі уақытта серіктеспіз, менің болашағым және менің промоушенымның болашағы үшін DAZN-мен жұмыс істегенім жақсы болады», - деді Геннадий Головкин.

Қазақстандық боксшы Канеломен үшінші айқастың мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

«Екеуміз үшін де, жанкүйерлер үшін де бұл өте маңызды. Егер олар осы жекпе-жекті көргілері келсе, егер шынымен қызығушылық туса, бұл айқас болады», - деді Г. Головкин.