#
#
Жұма 15/11/2019

Глыба (эссе)

  • 23.10.2019
  • 0
  • 1199

«Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлынымнан» қауіп көріп тұрмасақ та, алдына барғанда көшелі кісінің өзі қипақтап қалатын мысы басым мэтрді бұдан бұрынырақта жазуға дәтіміз бармағанын бірінші абзацтан айтып қоялық. Түпсіз тұңғиыққа ыссылай ұрыну кімге опа берген?! Демімізді ішімізге тартып алып, енді жазуға кіріскенмен, тума таланттың әдебиетімізге қосқан ұшы-қиыры жоқ үлесін ақыр-тақырына дейін айтып шығатынымызғада уәде бере алмаймыз.

Құбылыс құлпы кім көрінгеннің кілтімен ашыла берсе, несі құбылыс?! Оның өз ішіне бүгіп қалатын немесе бізді бойлатпай, батырып тынатын бір-екі құпиясы ғасырларға тылсым күйінде кете баруы да ғажап емес. Аузы дуалы ағаларымыз оның классикалық көркем дүниелерін қаузаудай-ақ қаузады. Шеберлік сырын оқырманға ашып көрсетудей-ақ көрсетті. Десе де, дүние төңкеріліп жатқанда да сыр бермеген нұрпейісовтік позиция мен біраз буынды тәрбиелеген реформатордың заманауи әдебиеттегі жаңалығы әлі де болса зерттей түсуді қажет етеді. Себебі, Әбдіжәмил феномені өзінің түп төрелігінің төріне озды деп орнықты айту қиын. Рухани жан-дүниеміздің пейіші жазушы қаламының ұшында екенін ескерсек, салиқалы суреткер еңбегін кернейлетудің керегі жоқ шығар, бірақ лайықты бағалайтын уақыт туды.

Талантты құр тамсанумен тойдыра алмайсың, ол тек тура сөзге тояттайды. Басқасын білмедік, тап осы Әбең сенің көкалажалпақтығыңды көтермейді. Оныңызға пішту дегені бар. Ол – мақтап берген майды асауға арланатын адам. Көпшік қойғанның неше түрлі көкесіне құлағы тұнған. Оған қағыту да таңсық емес. Кейбір кісілер нақақтан-нақақ күйдіргенін қайда қоясыз?! Ақылы мен болмысы алпыс атанға жүк болғанымен, жүрегі жалғандыққа үзіліп кеткелі тұрған жазушының көңілін қалдыру кімге керек еді?! Ешкімге де бұра тартпайтын түйінді тұжырымға ғана тоқтайтын туындыгер туралы толғау – содан да – қияметқайым шаруа. Орысша орағытсақ, оған керегі – қалтырап отырып жазған «дифирамб статья» емес, «предметный разговор». Бұдан басқа жолды таңдасақ, жамаймын деп жүріп, жыртып алатынымыз айқын.

І

«Қазақстан – контрастқа толы ел. Онда ерекше екі жер бар. Семей мен Арал. Алдыңғысында полигон болған. Тағдыр-тәлейі аумалы-төкпелі теңізге жақын тұста космодром орналасқан. Қоныстарды мекендеген халықтың көрмегені жоқ. Ұлттың классик жазушылары Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәмил Нұрпейісоваталған өңірлердің тумалары екенін білгенімде таңқалдым. Қазақ туралы алғашқы әсерлерім барған бетте көзге алабөтен ұрып тұратын ұғымдардың аясында қалыптасуында бір сыр жасырынып жатыр. Қалай дегенде де осының бәрі сырттан барған адамды ойландырмай қоймайды».

Бұл – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Англиядан Алматыға әдейі келіп, екі жыл бойы қазақ тілін үйренген Хью есімді жігіттің сөзі. Басқасында шаруамыз жоқ, мистикаға құмарлау шетелдік азаматтың пікірін әдебиетімізді танып-білгені үшін келтіріп отырмыз.

Тағы бір мысал. «Литературная газетаның» 2009 жылғы бір нөмірінде Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» кейіпкерлеріне қойылатын ескерткішке орай жарияланған мақала да «Малая родина большого классика» деген бас тақырыбымен анадайдан айқайлайды.

Қарап отырсаңыз, жатжұрттықтар қос мақтанышымызды әлдеқашан классиктер классификациясына кіргізіп қойған. Жүрегің жылы қабылдайды. Ал өзіміз «Абай жолын» айтуды пәлен жыл жүріп, әйтеуір, үйрендік. Классика деп. Алайда, Әбдіжәмил Нұрпейісов шығармаларына келгенде көпшілігіміз әлі де кібіртіктеп қаламыз. Әрине, барды бар деп айтқан парыз, отыздыңішінде жүріп-ақ «Қан мен терді» тамырымен қопарып, оқырманға тамаша талдап берген Нұрлан Оразалин ағамыздың еңбегі ерен. Бірақ толағай туындыға бірді-екілі мақаланың аздық ететіні де тіл ұшына келе береді. «Соңғы парыз» туралы сүбелі сөзді де тек Әбіш ағамыз ғана айтқан сияқты. Неге екенін қайдам, классиканың қосылғанынан сүйегімізге таңба түсетіндей қай заманда да үркіп жүретін болдық. Жалпы, жақсы қасиет емес!

Мұхаң мен Әбеңдітаразының екі басына салып безбендеудің қажеті жоқ. Екеуі – екі әлем. Бірі – ұстаз, бірі – шәкірт. «Жазуға үйрету мүмкін емес, жазуға үйренуге болады» десек те, Мұхтар атамыз өкшесін басқан інісіне үлкен үміт артқан-ды. «Курландияның» кейбір тұстарын автордың өзіне оқытып көрген академик «жазғандарың оқтың тіліндей» деп бәтуалы батасын бірінші кездесуде қайырғанын, ұмытпасақ, Шериаздан ағамыздан оқыдық. Бұл – басқа тұрмақ, автордың көңіліне күпті көрінетін алғашқы кітабына берілген баға. Өкінішке қарай, «Ымырт»  ұлы суреткер дүниеден озған жылы жарық көрмеп пе еді?! Дей тұра, сенімінің ақталғанын аруағы сезген де шығар, жарықтық! Ұстазының көзі тірісінде «Біз тілді Әуезовтен үйрендік!» деп жан-жағына жар салған шәкірт оның ізін басушы ғана емес, жоқтаушысына да айналғанын жер басып жүрген зиялылар ұмыта қойған жоқ.

Кейіпкеріміз туралы үлкен әңгімені Мұхаңсыз бастап кету мүмкін емес. Аталы сөзі аузынан түспейтін абыздың өзі бүгінге дейін «Абай жолын» екі күннің бірінде ақтарып отырғанда, Әуезовті аттап кету – арымызға сын.

Кеңес Одағы дүниежүзілік классикалық көркем әдебиетті де капиталистік елдерге қарағанда әлдеқайда жоғары бағалайтынын таныту мақсатында 1973 жылы шығарған 200 томдық «Бүкіләлемдік әдебиет» кітапханасының (оған дейін Франция 80, АҚШ 150 томмен шектелген) редколлегия мүшелігіне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратындағы шенеуніктер қарсы болғанына қарамастан, Мәскеудегі әдеби ортаның омыраулауымен өткен Әбдіжәмил Кәрімұлы керемет жобаға енген «Абай жолы» эпопеясына алғысөз жазды. Жазғанда да қандай?! Оны айтудың керегі жоқ, оны оқу керек. Бетке ұстар бас жазушымызды жаһан оқырмандарына жаны қалмай, түйткілсіз таныстыра білген мақала авторынатуындыгердің туған қызы ризашылығын білдіргенін бұрын бір естігеніміз бар: «Менің әкем туралы қазақ та, орыс та, шүршіт те жазды. Бірақ сіз секілді ешкім мөлдірете алмады». Мұхаң туралы кезінде жұрттың бәрі әділетті әңгіме айтты деп кесіп айту қиын. Қызының жанын түсінуге болады.

Құндылығы сонда, Әбдіжәмил ұстазына қатысты «Ұлы» деген асқақ анықтауышты қолданудан бас тартпаса да, аталмыш «Слово об учителе» құр мақтауға құрылмаған. Таңдайын қағып тақылдамайды, түк көрмеген адамдай таңырқамайды. Әуезовке әлдеқашан тамсанып үлгерген оқырманға мақаладан келіп-кетер пайда бар ма? Осы сұраққа жүгініп жазғанына жүрегің жібиді. Нән екенің шын болса – аузын ашып, көзін жұмған қарапайым оқырманға ғасырда бір болатын құбылыстың жұмбағын шешіп бер!

Балшық құйылған шелекті тамтөбеге қалай шығаруға болады? Қос қолыңмен басыңнан асырып лақтырсаң, төгіліп тынады. Тым жақсы заттың обалына қаласың. Ал жоғарыға көтеріліп, әлгі ыдысыңа арқан байлап тартсаң, ең әдемі іс – сол. Шебер шәкірт осы схеманы таңдаған. Ғұламаның алдында құрдай жорғалап, мәнсіз, мазмұнсыз мәймөңкелемейді. «Жығылсаң, нардан жығылға» салып, үйдің үстіне қарғып шығады. Сосын саз балшықпен сомдалған материалды биікке ауанымен тартады. Немен? Сол кейіпкерінің өзі дайындап берген кемеңгерлік арқанымен. Талас жоқ, талантты туындыгерді байсалдықпен басыңа көтере білу де – үлкен өнер! Көбіміз осыны меңгере алмай келеміз.

«Разве можно подытожить, окончательно определить то явление, которое еще не окончено и продолжает свою тенденцию? С этим явлением – имя которому Мухтар Ауэзов – от начала своего до современного уровня связана наша письменная литература. Казахские писатели не могли миновать этого огромного художественного опыта. И каждый по-своему учился у него. А те, которые начинали с ним  вместе или раньше, при всем своеобразии их таланта, самобытности и несхожести творческого почерка не могли не присматриваться и не сверять своего пути, хотя бы с дистанции, по этому яркому художественному ориентиру в молодой литературе».

Қай тілде жазса, сол тілде ойлана алатын сирек қабілетті бойына сіңірген кейіпкеріміздің көп мәселені қамтыған сүбелі мақаласынан келтірілген үзіндінің өзінен-ақ кемеңгердің келісті кескінін көресіз. «Мықтының мықтылығын мықты ғана айта алады». Оның үстіне, басқалардың да алдын көрген шәкірт «Ғабең ренжіп қалады-ау», «Сәбең енді сәлемімді алмайды-ау» деген тәрізді жалған ұятқа беріліп, бұқпантайламағандығымен де батыл ойларға бара білген. «Талант нуждается не столько в похвале, столько в справедливости»деп тапқырлықпен тарихи қорытынды жасайды. Эсседе өзі туралы ләм-мим демесе де Әбдіжәмил Нұрпейісовтің адами болмысының биік планкасы сыртқы қатар сызық арқылы көрініп тұруы да – ұстазға деген адалдықтың белгісі.

Мақаланы оқып отырып сол баяғы әлемді кезіп жүргендей күй кешесің. Классиктер әлемін емес. Әдемі әдебиет әлемі әлдилегенін сезесің! Классиктікке тіреліп тұрған ештеңе жоқ, ол – жәй формальдылық. Мұны шедевр жасаған шеберге тегін тықпаласаң да алмайды. Үздік үлгігердің бұдан былайғы өмірі өзінің атақ-даңқын күйттеумен емес, сол оқырман мойындаған құнды еңбек құдіреттілігінің қадырын кейінгі жазар туындысымен қашырып алмаудың машақатымен өтетінін білесіз бе? Даңқпен де, дақпыртпен де достаспай-ақ кететін Нұрпейісов кредосы – жариясыз да риясыз, сыртынан айтылатын оқырман алғысынан асқан атақ жоқ! Өмірінде әлі күнге дейін мерейтой тұрмақ, ырымға бір рет туған күнін тойламаған, дәлірек айтсақ, тойлатпаған тәубешіл туындыгер ең аяғы, өзінің пендешілік күпірлігіне де бой бергісі келмейді. Көп жағдайда ірілердің майда-шүйде пенделікпен ісі болмайтыны да осыдан-ау, шамасы. Әлгі қасиет жазушы біткеннің бәрінің бірдей пешенесіне жазыла бермейтін шығармашылықтың нағыз апогейі екенін былайғы жұрт бажайлай ала ма?! Көздеп айтпағымыз, қазақ әдебиетіндегі дәстүр сабақтастығының жалғасын табуы қиын жібінің бірі – сыни реализмнің – үзіліп қалмағанына Әбеңнің орасан еңбек сіңіргеніне ішің жылиды. Осыдан соң өмірден гөрі идеологияға негізделген социалистік реализм емес, идеологиядан гөрі өмірді өрнектейтін әуезовтік реализмнің өлмейтініне сенімің арта түседі.

Сонау «Қорғансыздың күнінен» бастап-ақ ақиқатты айтуға құрылатын сыни реализм бағытын қаймықпай ұстанған ұлы Мұхаңның жолы кейінгі толқында бүгінгі кейіпкерімізге ғана бұйырған десек, белден басқан болар едік. «Жылымық» жылдары әдебиетке шерулеп келген шарқайрақ шоғырдың шабына ши жүгірткен болар едік. Шүкір, қазақ керемет жазушыларға кенде емес.Шежіреміздің шерлі топырағында көмулі жатқан тұлғаларымызды тірілтіп берген, тек мәңгүрттікті әлем әдебиетінде ең бірінші болып меңзегенімен тарихта қалуға тиісті«келешектен келген» Әбіш Кекілбаев, жазушылық шеберліктері өз алдына, білімдарлықпен ойлылық сияқты қасиеттері логикалық жолымен сындарлыққа әкелген Төлен Әбдік пен Әкім Тарази, туған халқының «Елім-айы» мен шыбын жаны қатар таразыға түсе қалса, құдайға өзін садағалыққа қиятынын қапысыз айтып өлген, кеше ғана арамызда әулиедей болып жүрген Ақселеу Сейдімбек,жатыпатар пәлсапасының өзімен-ақ елдің бәрін үркітіп біткен интеллектуаль, талантын кісілерге көрсетуге тірісінде мойны жар бермей кеткен асылымыз Асқар Сүлейменов, әңгімелерінің өзімен-ақ табантірек нүктесін тауып алғандай әлемді төңкеріп кете жаздап жүрген жас ноқталар, шындықты шегелеп айтпаса, шайларын дұрыс іше алмайтын Рахымжан Отарбаев  пен Жұмабай Шаштайұлы… Әуезовтік реализмнің рельсіне бертін келе түскен басқа жазушыларымыз да өздерін осы қатарға қосып жатса, ештеңе бүлініп кетпейді. Десек те, кеңес идеологиясына қарсы қылыш алып жүгіру салқынқандылықтың суын сарқып ішетін Әбдіжәмилдің қолынан ғана келді. Социализм дәуірінде басқалар айтуға тәуекел етпеген ақиқатты саясаттың сорпасына күйдіріп алмай жазып шығу бүгінгісінен бұрын болашағына барын салуға дағдыланған стратег-жазушы Әбдіжәмилдің қолынан ғана келді.

Айтыңызшы, тарихи трилогияда туындыгердің қызыл революцияға еметайы езіліп тұр ма? Жоқ. Қайта керісінше, автор сол дәуірдің барлық күрделі жақтарына тісі батқанша терең үңіле отырып, қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтарды мейлінше қопаруды басты мақсат тұтты. Осы міндетін мінсіз орындағанын кітапты көзімен емес, көңілімен оқыған адам байқайды. Бұл Әбеңніңең басты жазушылық ерлігі екенін екінің бірі біледі. Мәселе, айтуда жатыр. Алғашқы реалист-жазушымыз Мұхаңның бірден-бір тікелей ізбасары оның сыни бағытына бастан-аяқ байланғанын трилогияның тұла бойынан іздемей-ақ тапқанымызды әлі күнге толыққанды айта алмай келген бізді кім кешіруі керек?!

Әбдіжәмил Кәрімұлын жазушы ретінде де, азамат ретінде де зерттеудей-ақ зерттегендердің біреу де болса, бірегейі – орыс сыншысы Николай Анастасьевтің «Қан мен тер» туралы айтқан мына сөзін көп адам білмес те: «перед нами произведение, написанное sub specіes aeternіtatіs». Бақсақ, бұл «біздің алдымызда мәңгілік белгісімен жазылған шығарма жатыр» деген мағынаны білдіреді екен. Осыдан асырып айту мүмкін бе? Олай болса, «Қан мен тер» шындыққа құрылған шығармалар көшін бастай беретінін қадап айтуға тиістіміз. Барынша объективті болу үшін оны басқа жазушылардың дүниелерімен салыстырғаннан гөрі өзінің «Соңғы парызымен» қатар қойып көрейікші. Таласпаймыз, жазылу шеберлігі жағынан бағалағанда тың туынды трилогиядан әлдеқайда мықты шыққан. Алайда, дилогия ешқашан «ағасының» алдын орай алмайды. Өйткені, жазушының өз позициясына әманда беріктігі мен адалдығы триптих-туындыны аласартпайтыны анық. «Қан мен тер» бізге басқаша ойлауға тыйым салынған социализм дәуірінде сыни реализм бағытында табандап отырып жазылғандығымен қымбат екенін қайталап айтқанымызға кешірім сұраймыз. Трилогияның өзіне ғана бұйырған тәлейін тартып алу үшін уақыттың дөңгелегін кері айналдырудан басқа жол жоқ. Жаңадан социализм орнату керек. Сүйкімсіз цензураны қайта қалпына қою қажет. Келісіңіз, бұл енді тіптен мүмкін емес.

Әбіш Кекілбаев ағамыздың мына сөзі есімізден шықпайды: «Оның (Әбдіжәмилдің – авт.) жұрттың бәрінің жабыла айтып жатқанын айтпай қалуы да қайсарлық. Жұрттың бәрінің айта алмай отырғанын айтуы да қайсарлық. Оның бойынан осы екі қайсарлықтың екеуі де молынан табылады». Басқалардай болмаудың жалғыз жолын «әдемі тауып кеткен» Нұрпейісов феноменінің формуласын оқырманға соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп берген Әбіш ағамыздың ақылы ақыл-ақ екенін ағымыздан жарылып айтпасақ тағы болмас.Шынында да, шыңыраудан шыңғырған шындықтың шырақшысындай көрінетін Әбдіжәмил Кәрімұлы осынысымен әлемдік масштабта қайталанбас тұлға болып қала бергенін тілер едік.

ІІ

Әлбетте, Әбдіжәмил кеңістігін жан баласы жатырқамайды деп жатамыз. Неге? Мұның басты себебін коммунистік идеологияның сыбызғысын тартудан сытылып шыға білгендігінен, адами арына өнепейінгі адалдығынан іздеген дұрыс. Халықтың мүддесін қорғау ең алдымен өз арының кірлемеуін ойлаудан бастау алатынын Әбең бесенеден біледі. Осы ретте Ресей газеттерінің біріне берген сұхбатындағы мына сөздері жадымызда: «И во все времена таланты живо сознавали свое моральное превосходство и моральное могущество». Оның  пошымы бөлек парасатты пікірін өзіне қаратып айтсақ, жер қайысып кетпес. Шынында да басқалардан ар-ожданы биік адам ғана батыл ойларға бара алады.

1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің ізін суытпай Мәскеуге барып, алқалы топтың алдында қаңғып келген Г.Колбинді кері қайтару керектігін ең бірінші болып талап еткен, алпысыншы жылдары Одақты басқарған Н.Хрущевтің өзіне қазақ тілінің мүшкіл халін мүләйімсімей, мірдің оғындай қадап айтқан ағамыздың азаматтық, бәрінен бұрын жазушылық тұғыры о бастан заңғарда тұрғанын бүгінгі ұрпақ та білуі тиіс. Жолай бір мәселе, осындай тәрбиелік мәні зор батыл ой біздің қоғамда тез ұмытылып қалады. Оны жаңғыртып отыруға, үлгі етіп үкілеуге мойнымыз жар бермейтіні қинайды.

Жазушы позициясы жүз-мыңдаған, миллиондаған оқырман жүрегіндегі тығылып жатқан немесе тұншығып жатқан әлемнің сырын ашумен шектелмей, қам көңілді жұбататындай дәрумен қалыппен қайта оралатындығымен қымбат. Қорған болар қаламгер әркімнің жан-дүниесіндегі сілкіністерді асқан ептілікпен көкірегіне үюмен тоқтап қалмайды. Ол әлгі жиған-тергенін әр жүректің өз жазуындай жаңғыртып қайтара білу құдіретімен бағаланады. Басқаларын мазаламай-ақ қоялық, дарынды жазушылардың барлығын бірдей бұл безбенге салуға субъективтік себептер жібермейді. Өмірбақи қойдың соңында жүріп, биік белеске жеткен майталман малшы өмірін майын тамызып, төгілтіп жазып шығу жеткіліксіз. Көркем жазылған махаббат драмасы да бұл өлшемге келмейді. Салмағы аздық етеді. Романтизм мен сыни реализмнің жер мен көктей басты айырмашылығы сонда, айқын азаматтық позиция ұстайтын жазушы оқырмандарын қоғамдағы проблемаларды шешуге жетелейтіндігімен төрге озып тұр. Осыдан кейін өзінің көркемдік шеберлігімен де, өлермендік позициясымен де екіжақты байланысты бүге-шігесіне дейін қамтамасыз еткен жазушыны қалың ел мемлекеттік қайраткерден де жоғары қойып, ешкімнің нұсқауынсыз классик деп қабылдайтынын тыраштанып дәлелдеудің қажеті бар ма?! Айналып келгенде, осының бәрі – мәселенің бас қатыруға тұрмайтын жағы. Проблема классик атануда емес. Гәп – үлгілі дүние жаза білуде.

Сондықтан да классиктің «көңіл-күйін» күйттей бергеннен гөрі шығарманы классикалық туынды ретінде қарастырған абзал. Егер соған татитын болса! Жеке адамға табынудан іргемізді аулақ салып, дара шығарманы дәріптеуді үйренсек,  мәдениеттілігіміз мінсіз болмай ма?!

Осы қалыпқа салып қарағанда  «Қан мен тер» трилогиясын  ХХ ғасырдың екінші жартысындағы, ал «Соңғы парызды» ХХІ ғасырдың басындағы классикалық шығармалар санатына қоссақ, көп адам қарсы бола қоймас. Тоқтам жалғыз: классикада бәрі де үздік үлгіге үздігіп тұруы тиіс. Мұнда шығарманың аталуынан бастап, ең аяғы кейіпкерлер қолданатын қыстырма сөздерге дейін барлық мәселе кесек туралса, кесіп айтар дәлел көбеймек. Солардың бірсыпырасын суыртпақтап көрсек…

Шығарманың атауы демекші, «Қан мен тер» мен «Соңғы парыз»  атаулары символиканың жұпар иісімен одан әрі әрлене түскені айтуға сұранып тұр. Екі ұғымның тура мағынасының өзі көп нәрсені аңғартатынын былай қойғанда, Қан шығармада адамның ішкі жан-дүниесіне аса мән берілгенін білдірсе, Тер сыртқы сан-сапалақ құбылыстар да жазушы санасынан тыс қалмай, дүниеуи байланыстардың басын біріктірген. Ал «Соңғы парыз» оқырман алдындағы жазушы борышының орындалғанын айқындайтын аккордтай көрінеді. Бұл атаулар тіпті трилогия мен дилогияның басын біріктіріп тұр. Өмір бойы қаны мен терін төгіп келген адамның соңғы парызы болуы заңдылық. Бұдан кейін бес кітапты біртұтас дүние ретінде қарастырудан басқа амал қалмайды. Трилогиядағы Еламан-Ақбала-Тәңірберген драматургиясы дилогиядағы Жәдігер-Бакизат-Әзім драматургиясымен сабақтасып жатыр емес пе? Әбіш ағамыздың ойына жүгінсек, ғасыр басындағы қазақтың соры мен азабы әлі күнге жалғасып келе жатқанын тарлан туындыгер тап басқан. Әбдіжәмил аға мұның бәрін бұлақ басында тұрғанда-ақ түпкі нәтижедегідей жоспарлағанын да таңба салған тайымыз табылғандай бүгін біліп отырғандаймыз. Жазушы лабораториясының жарты ғасырдан бері швейцар сағатының тіліндей дәлдікпен бір мақсатты көздеп жұмыс істегенін енді дәлелдеп жату артық болар.

Қыстырма сөз демекші, «Соңғы парыздағы» кейіпкер сөзінің «тұздығы» секілді «Шешеңнің шестернясы» Шыңғыс Айтматов кеңес әдебиетінде алғаш рет қолданған «бля, блядан» әлдеқайда сәтті шыққан. Мұны бақилық корифейіміздің шеберлігіне шек келтірмейтінімізді ескерте отырып айтуымыздың айыбы болмас. Оның үстіне, бәдік екеш бәдік сөздің өзін көркемдік дәрежеге көтеруге ұмтылып тұратын жазушы үшін ұсақ-түйек жоқ екенін, барлық деталь маңызды рөл атқаратынын бажайлап айтпасақ, тағы болмайды.

Ұсақ-түйек мәселе демекші, ең аяғы екінші пландағы кіші кейіпкерлерінің кейпі мен тірлігін де жүрегінен өткізген жазушы Судыр Ахмет пен Қарақатын образдарын да креативтік тұрғыдан алғанда мінсіз орындаған. Мұндай адамдар бұған дейін де болған, қазірде де бар, бұдан кейін де бола береді. Бірақ осы типаждар Әбдіжәмил Нұрпейісовтің кез-келген кейіпкерін саф алтындай сомдай білетін суреткерлігінің арқасында ғана классикалық образдар ретінде тарихта қатталғаны хақ.

Тарихта қатталған демекші, «Абай жолынан» кейін әдебиет майданында резонанс туғызғанына қарамастан «Қан мен тер» трилогиясының қырық жыл ішінде көрмеген құқайы қалмады. Қырғын соғысқа салғандай қанын да сорғалатты! Терін де аз сыққан жоқ. Себеп? Үш кітаптан тұратын қомақты дүниеге бей-жай қарау мүмкін емес еді. Барлық әңгіменің түп-тамыры осында жатыр.

1974 жылы туындының негізінде автор жазған пьеса бойынша қойылған спектакль КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда Мәскеудегі кеңес әдебиеті мен театр сыншылары екі білегін сыбанып шыға келді: «Шығарма идеологиямызға жауап бермек түгілі, оны сайқымазаққа айналдыруға тырысқан. Бас кейіпкер Еламан қорытынды кітаптың соңына дейін социалистік төңкерісті «Түсінбеймін» деп кергиді. «Теңдік болғанмен, құлқын бірдей болушы ма еді?!» деп далбасалайды. Революционер персонаждарға жөні түзу есім де берілмеген. Қызыл комиссар кеудесіндегі жанын әзер алып жүр. Кеңес өкіметіне өмірін арнаған адамды көкжөтел қылып көрсету – барып тұрғанәдеби саботаж».

Қарап отырсаңыз, айтылған сөздің өтірігі жоқ. Тағылған айып негізсіз де  емес. Цензураның «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» заманда «Қан мен тер» халықтың көз алдына шығып кеткеніне таңқаласың. Шығарманың сыйлықты қанжығасына байлағаны тіптен шындыққа жанаспайтындай. Отыз бес жылдан кейін бұған сенгіңіз де келмейді. Қош делік. Енді мына қызықты қараңыз?!

КСРО ыдырап, тәуелсіздіктің терезесінен сығалап тұрған тарихи тұста, сөз атаулы девалвацияға ұшырай бастаған тұста плюрализмді бей-берекет пайдаланатын өзіміздің жергілікті белсенділер баяғыда бағасын алған дүниені тағы да арлы-берлі ырғап, бақытына балта шабуға тырысып бақты: «Қан мен тердің» дәурені өтті. Ол өзінің актуальдылығын жоғалтты. Өйткені, бұдан былай кеңес өкіметін мадақтаған шығарманың сөренің көрнекті жерінде тұратын жөні жоқ». Ал керек болса!

Араларын бақандай он үш жыл бөліп тұрған пікірлердің екеуі де туындыны іске алғысыз қылуды көздегенімен, бірін-бірі жоққа шығарып тұр. Антогонистіктің бұдан асқан түрін көрсек не дейсіз?! Алдыңғысы кеңестің күйреуін көксейді деп сөгеді, екіншісі социализмнің шашбауын көтерген шығарма деп шыр-пыр болады. Түсініп көріңіз. Парадокс! Қайта, ойбай-ау, баяғыда орталықтан оңдырмай айтылған айыптарды бүгінгі күнге бұрып, өзі-ақ сұранып тұр ғой, шығарманың шырайын шығара түсуді ойламаймыз ба?! Жоқ! Қазақилығымыз жібермейді! Жалпы, белгілі бір шығарманың классика атануы таңдай қақтырар таңғажайыптардан тұратынын ешкім жоққа шығара қоймас.

Таңғажайыптар демекші, талай тартысты басынан кешірген трилогия пікір қақтығыстарынан қалай аман қалды?! Ең алдымен, трагедияға толы тарихи трилогия қай кезде де өзін-өзі қорғап келгенін ауызға алу ләзім. Өйткені, «инстинк самосохранение» тек классикалық туындының бойында жасырынып жатады. Екіншіден, бағалы еңбектің бағын байлағысы келіп, байбалам салғандар туындының танылу орбитасының тарылмауына жағдай жасады. Олар тегін жарнама жасағандарын кейін біледі.

Жоғарыда барынша тоқталып кеткен Нұрпейісовтің мақаласында әдемі бір ой бар: «Чем произведение правдивее и искреннее, тем оно историчнее». Оқ сөз! Шыны сол, трилогия қым-қиғаш төңкеріс тарихына құрылмағанын көзәйнексіз көруге болады. Арал өңірі ұлан-ғайыр революция өртіне оранды дегенге ешкім сенбейді. Құдайшылығымызға құлдық ұрсақ, шығарма шындықты айна-қатесіз көрсетуімен, адамның ит-тіршілігін адами жеткізуіментарихи трилогия деңгейіне көтеріліп тұрғанын мойындайтын кез келді. Әбең бұл туындыны революциялық реңктегі бояумен баттастырмағанымен ұтты. Сыни реализм канондарын шығармасының өн бойына сыналап кіргізген автор ғасыр басындағы қоғамның қаны сорғалаған шындығын шынның жүзінде отырып, бойындағы буырқанған қызу қанымен, маңдайынан сорғалап аққан ащы терімен жазды. Керек десеңіз, мұндағы махаббаттың өзі тәтті сезімнен гөрі кермек дәмімен есте қалды. Рас-ау, шынайы өмірде махаббат деген патшағарыңыз – ләззатынан мұңы басым дүние! Соңғы екі сөйлеміміз шығарманың өмірмен тұтас астасып жатқанын тағы бір мәрте еске салып кетеді.

Тоқ етері, арши түскен сайын сарқылмайтын һәм салмақтана беретін қадір-қасиеттерімен «Қан мен тердің» әдеби иммунитеті мәңгілік мәртебе алды. Ал ортаңқол кітаптардың мұндай қорғанысқа құқылы болуға қауқары жете қоймайды. Себебі, айналасын «абыржытатындай» айбары жоқ күлдібадам кітап көпшіліктің назарын өзіне аударуға қаншама мүдделілік танытқанымен, босқа атылған оқтай айдалаға лаққаны – лаққан күйінде жалғыздықтың күнін кешеді.

Кеңестік әдебиеттану ғылымындағы есімізден тандыратын жағымды және жағымсыз кейіпкерлерге жіліктеу әдістемесі бұл туындыға жер тепкілеп жыласаң да жүрмейді. Бір ғана мысал. Ақбаланы кейде аяйсың. Кей тұста жиіркенесің. Кейбір қылықтарына қарның ашқанымен, бәрібір бір бүйрегің бұрып тұратын сүйкімді сұлуды әлгі жағымды мен жағымсыз кейіпкердің қайсысына жатқызар  едіңіз?! Ешқайсысына да жатқыза алмайсыз. Бұл мәселеге келгенде, басқа кейіпкерлер де басыңды бір адамдай «қатырады». Идеалды адам болмайтынын әлімсақтан білетін автордың соцреализм дәуірінде кейіпкерлерді міндетті түрде екі топқа бөлу керектігін әдейі есінен шығарып тастағанына аямай қол шапалақтағың келеді. Адамды алаламайтыны үшін. Сырнайлатпай айтсақ, гуманист-жазушы адамдарды сортқа бөлуден қай замандада сауысқаннан сақ жүреді. Дедукциялық ой: құдай атып кеткен адам да өлерінен бір-екі күн бұрын біреулердің сауабын алып көз жұмады. Керемет деген кісіңіздің де кейде анализі айтқандағыдай болып шықпайды. Келіспеске амалыңыз қалмайды,  дүниеде тек жақсы және тек жаман адамдар өмір сүреді деудің өзі жалпы диалектиканың заңына қайшы емес пе?! Абсолютті ештеңе жоқ. Кез-келген нәрсе, мейлі адам, мейлі құбылыс тек салыстырмалы түрде бағалануы тиіс. Бұл қағида кітап атаулының атасы Құранда да бастан-аяқ басшылыққа алынғанын соңғы уақытта дін жолында жүргендер жиі-жиі тілге тиек етіп жүр. Сондықтан болар, Әбдіжәмил Нұрпейісовтің реалист-жазушы дәрежесіне көтерілуі ең алдымен кейіпкерлерін жаман-жақсыға бөлмеуінен бастау алған.

Ағылшындардың ғажап сөз тіркесі бар: «Іarger than lіfe». Идеоманы аудару мүмкін емес. Өмірдегіден де əдемі деген мағынаны білдіреді. Əбдіжәмил Нұрпейісов жасаған кесек образдар галереясы жер басып жүрген пенделерден әлдеқайда жанды көрінуімен құнды. Өмірдің тек ғана тотанақтан тұрмайтынына иландыра білген Əбенің ең басты кредосы əр адамның өмір сүруге деген құлшынысын арттыра түсетінінен анық аңғарылады. Жазушы мəңгілігі осында жатыр.

ХХ ғасырдың прологындай болған «Қан мен тер», эпилогы ретінде қабылдауға тұратын «Соңғы парыз» секілді қадау-қадау дүниелердің басиесі халық алдындағы парызын ақадал орындады. Орындай да берер. Тек қара шалымыздың қуат-күшін құдай тартып алмағай деп тілейік. Бір анық, үнемі жақсы дүние дәметіп отыратын оқырман көңілін қалдырғысы келмейтін Әбең күні ертең таң атпастан «Ең соңғы парыз» деген романын оқуға әкеліп тұрса, таң қалмаңыз.

ІІІ

Кез-келген халықтың әдебиет марафонында аттандап айтпаса да көзге оқшау көрініп тұратын өз лидері болады. Қазақта да жазушылардың рейтингін жасап жүрген жан таппайсың. Бірақ қай қаламгердің қандай дәрежеде келе жатқанын әркім іштей сезеді-ақ. Осы ретте көзі тірілердің арасындағы оқ бойы озық жазушыны ажыратып алу қиын емес. Бұл – әсіресе, әдебиеттің басына бұлт үйірілген қиын-қыстау кезде ерекше байқалатын жағдай. Бабалар мен келешек  ұрпақтың арасын қос ірі туындысымен жалғап тұрған алтын көпір өзінің қазіргі қазақ әдебиетіндегі көшбасшы екенін осы жылдары тағы да еріксіз есімізге салды.

«Нарықтық қатынасқа көшуіміз мұң екен, қалың жұрт кітап оқуды қойды. Рухани жұтаңдық ұлтты жұтатын болды. Жиырмасыншы ғасырдың аяғы көркем әдебиеттің жаназасын шығарудың аз-ақ алдында тұр». Саналы өмірінде соцреализмнің сойылын соғып келген жазушылар отряды қапелімде шығарма жазудың жаңа сүрлеуін салудың орнына салы суға кетіп, сарсаңкесекке түскен тоқсаныншы жылдары осындай әңгімелерден құлақ тұнатын. Бір жағынан бұл байбаламның баянсыз тірлік екенін құдайдан қорқатын қаламгерлердің біразы түсінді. «Жазушылық стихияны таңдап алған екенсің, қиын кезде де жауапкершіліктен қашып құтылуға құқың жоқ». Далбасалап кетпеннің басын басқанымен, сабы өзіне тиетінін әлі де жүні жығыла қоймаған кейбір жазушылар бір адамдай байқады. Бірақ сезу бір басқа, бүгінгі күннің өзекжарды мәселесін жеріне жеткізе иіп қаузайтын көркем шығарма жазу бір бөлек. Кеңестік кезеңде қасаң ізге түсіп алып, құйқылжытып келе жатқан қалың нөпір жазушының көбі басы тасқа барып тигендей өтпелі кезеңде шығармашылығын жалғастыруға жүрегі дауаламай қалды.

Тыңнан түрен тарту қашанда тапқырлықты талап етеді. Кесек туынды бір күнде қашан туа қалып еді?! «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кебін киген   мүйізі қарағайдай романистер «қарап отырғанша бірдеңеге жарап отырайықтан» әрі аса алмай, публицистиканың ауылына ат басын бұра бастады. Ел мен ұлтқа жаны ашитын қаламгерлердің бұл әрекетін де оқырман қауым түсінуге тырысып бақты. Алайда, публицистиканың аты – публицистика. Талдау мен сараптауға құрылатын көсемсөз оқырманның қышыған жерін қасудай-ақ қасығанымен, елді біржолата марғаулықтан құтқаруға дәрмені жетпеді.

Бірақ талантты жазушы қашанда таланттылығын танытпай тынбайды. Тар жолда тайғақ кешіп тұрып-ақ ол тұйықтан шығудың жолын көрсетіп барып өледі. Әрқашан ақиқаттың ауылынан алыстамайтын ақық суреткер саясатты сырт айналып, өмірдің өзін өрнектегенді ұнатады. Әбдіжәмил Нұрпейісов ғасырлар түйісінде осы ойымызды іргелі ісімен дәлелдеді. «Соңғы парыз» дилогиясының кітап дүкендеріне буы бұрқырап түсе сала пышақ үсті өтіп кеткені әдебиетіміздегі соңғы сілкініске айналды. Әдебиет өз алдына, өнер атаулы құрдымға кетіп бара жатқандай күйде отырғанымызда Әбең кезекті ерлігін жасады. Қазақ әдебиетін мыңжылдықтар тоғысында қылаң берген созылмалы дағдарыстан құтқаруға құны перен құйындай қолын созып, қаһармандық танытты. «Соңғы парыз» халықты әдебиеттің құдіретті күшімен қайта табыстырды. Әдебиеттегі техникалық үзілістің тамырына балта шаба білген тарлан көп нәрседен күдерін үзе бастаған фанат-оқырмандарының өшіп бара жатқан ең соңғы үмітін сөну мен семуден сақтап қалды. Жаңа әдебиеттің күш алып кетуіне жол ашты. Қысқасы, соңғы уақыттың барлық жүгін «Соңғы парыз» көтере жөнелді.

Социалистік формациядан капиталистік сатыға өтіп жатқан аласапыран кезде билік ешқандай саяси идеологияға жүгінуді жөн көрмейді. Себебі, өтпелі кезеңде бір-ақ міндет тұрады: тезірек жаңа тап құру. Тақыр жерден буржуазияны қалыптастыру тек хаос арқылы жүргізіледі. Басқа жол жоқ. Дәл осы тұста қарапайым халықтың ойлау қабілетінің уақытша болса да тоқырауға ұшырауы, тежеле тұруы биліктегілерге әлдеқайда тиімді екенін зиялы қауымның өзі кеш түсінді. Өкінішке қарай, жазушылар да басқаларға жөн сілтеуге дайын болмай шықты. Жетпіс жылдан бері қалыптасып қалған құлдық психология өз дегеніне көндірмей қоймады.

Дәлелдеудің қажеті шамалы, қоғам мүшелерінің ойсыз жүруі қашанда билікке ыңғайлы. Онда да белгілі бір уақыт аралығында. Ал уақыт өте келе бұл түпкі нәтижеде мемлекетті үлкен қауіпке апарып тірейтіні айтпаса да түсінікті. Мұндай рухани катастрофаға қай кезде де, тіпті соғыс пен ашаршылық кезінде де жол берілмеуі тиіс. Өйткені, кез-келген саясат қоғамның әрбір мүшесінің санасынан өткенде жүзеге асады. Әдебиеттің құдірет күші адамның қоғамдағы шынайы орнын анықтап беруімен ерекшеленетінін ешқашан естен шығармайтын Әбең осы ұстанымын «Соңғы парызымен» де таныта білді. Қалай?

Сыни реализмнің сиқыры сол, ол қоғамдағы барлық оқиғаларға бейжай қараудан сақтандырады. Селқостықтан арылған адам ғана қайтадан ой қорыту мүмкіндігіне ие. Бұл механизмсіз қоғам құрдымға кетті дей беріңіз. Мемлекетте ақыл-ой салтанат құруы үшін бостандықтың маңызды алғышарттары болмаса, ол ел берекесіздікке беттейді. Рухани апатқа жол бермей қалатын бірден-бір күш – сындарлы да салиқалы көркем әдебиет. Осы орайда жазушының орнықты азаматтық позициясы көп нәрсені шешетіні ел аман, жұрт тынышта (социалистік тоқырау жылдарын айтып отырмыз) байқала қоймайды. Бар болғанның өзінде де. Ал қара басының қамын күйттеп кеткен көп жазушының көңілінде бұл қасиет туғанынан сызылып қалған. Алайда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында болған алмағайып кезде аталмыш критерий алдыңғы планға шықпай қоймады. Неге десеңіз, қоғамдағы, одан қалды, әдебиеттегі дағдарыс көпшілік тобыр қаламгерлер үшін заманның ақырындай көрінгенімен, дарындыларды сарыуайымға сала алмады. Жігері мен рухы күштілер «дағдарыс» сөзінің қытайдың «қауіп» және «мүмкіндік» деген екі иероглифінен тұратынын жақсы білгендіктен де болар, олар кризисті мол мүмкіндік ретінде қарастырады. Қиын ситуацияның өзін халық мүддесіне пайдалы арнаға бұра алады. Көрдіңіз бе, мәселенің бәрі айналып келгенде жазушының оптимистік позициясына байланып тұр. Біз бұл жерде «бәрі жақсы, бәрі керемет» деп уралайтын емес, «қазіргі күнімізді қалай жақсартамыз?!» деп шырылдайтын, қолға алған ісінен нәтиже шығармай тоқтамайтын, сол жолда жанын арының садақасы деп білетін жазушының тұғырын меңзеп отырмыз. Айтпағымыз, Әбең де тек өзіне арқа сүйеді. Болаттай берік позициясына ешқашан сатқындық жасамады. Шұңқырды инемен шұқылағандай шығармашылығынан алдағы күні қайыр болатынына бек сенді. Оптимизм мен интуиция алдамады. «Соңғы парыз» нағыз керек кезінде оқырмандарына жол тартты. Сөйтіп, шын асылдың асығы тағы да алшысынан түсті. Бірақ осының бәрі оған оп-оңай келіп жатқандай көрінеді. Айқын да табанды позиция ұстай алмайтындарға, дағдарыстың жанында жасырынып тұратын мүмкіндікті көре алмайтындарға. Иә, бұл да бір шешілмейтін ребус.

Қазақта «үлкен пышақ ұялғанынан өтеді» деген сөз бар. Тәуелсіздік таңындағы әдебиетті тығырықтан алып шығуға оныңжасының үлкендігі де, тәжірибесінің молдығы да мұрындық болды. Шынында да көзі тірі глыба осындай тұста артындағы буынға жол көрсете алмаса, глыбалығының құны – көк тиын. Тәңір туғанынан мықшеге мінез бермегенде, жылдар бойы өзіне тән характері қалыптаспағанда, ең бастысы, суреткерлік сенімі о бастан коммунистік идеологияға нондалып қалғанда ол уақыт талабын түсінгенімен, өліара кезеңнің талғамын тап баса алмас еді.

Коммунистік идеология демекші, Кеңес өкіметі ешкімге көрсетпеген жақсылықты неге жазушыларға жасады? Өйткені, олар әдебиеттің тау қопарар күшін өз мүдделері үшін пайдалану керектігін тамаша түсінді. Осы идеологияның стандартына сыйғысы келмеген, сол майданның жауынгері болуға көнбеген қаламгерлердің артына неге қоңырау алып түсті? Себебі, жалаң идеологияның жалаңаштығын жариялауға құмар Ә.Нұрпейісов сияқты бірді-екілі жазушы қоғамға қолайсыздық туғыза қоймағанымен, партияның ішкі өміріне дискомфорт әкелді. «Қан мен тердің» екінші кітабы осындай дүние болып шықты. «Идеялық мазмұн» дейтін терминсымақты түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін Әбең етінен ет кесіп алса да партиялық функционерлердің ығымен жүрмейтіні осы тұста анық аңғарылды.

«Автор екінші кітапта да Еламанның қолына қызыл ту ұстатпапты! Ойбай-ау, бұдан артық қандай аргумент керек?! Халықтар достығын жырлаңдар деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимейді. Мына кітапта түркімендер қазақ ауылының шәт-шәлекейін шығарып жүр. Бұл – социализмнің түпкілікті салтанат құратынына сенбеумен пара-пар. Трилогияны бірінші кітаппен тоқтатпасақ, тұқымымызбен құримыз».

Жандайшап жазушылардан жасақталатын көркемдік кеңесте (партияңыз соларға арқа сүйеп, «оргвывод» жасайтын) осындай сынға ұшыраған «Сергелдеңге» идеялық жағынан солғын, солқылдақ деген баға беріліп, кітапты жарыққа шығармауға шешім қабылданды. Сөйтіп, сеніміне селкеу түсіруге қашанда қошы жоқ «қырсық» қаламгер «Сергелдеңімен» бір жыл сергелдеңде жүрді. Қолайсыз қаламгер «Жұлдыз» журналының бас редакторлығы қызметінен түсірілді. Оның үстіне, кітабы шықпай, қаламақысыз қалған қырықтың қырқасына енді шыққан жігітАлматыда жан бағуы қиынға соға бастаған соң амалсыздан уақытша туған жеріне кетуге мәжбүр болды.

Талантты талант танып қана қоймайды, талант таланттың табиғатын тарқатып айта алатынын да Әбіш Кекілбаевтың «Сең соққандай сергелдең» атты керемет мақаласы дәлелдеп бергенін көп оқырман біледі. Сондықтан да осы шимайымыздыңдәмін қайтауылдап Әбіш ағамыздың жазғандарымен келтіріп отырмасақ, сөзіміз солғын шығатыны шындық. Шет ел әдебиетінде дүниежүзілік екі соғысты да бастарынан кешіріп, басқа ұрпақтар алдында қас масқара болған Ремарк пен Хемингуэйдің ұрпағын әдебиеттанушылар «потерянное поколение» деп атағаны белгілі. Әбіш ағамыз аталған мақаласында өте тапқыр параллель келтіргеніне тамсандық: «Қалған дүниені қаскөй санап, абзалдықтың бәрі тек бізде деп көйіттік. Күллі әлемге өнеге боламыз деп жүріп, ақыр аяғында күлкі болуға айналдық. Ол алаңғасарлықтан қазіргі көзі тірі жүргеніміздің бәрі аман емеспіз. Бәріміздің бетіміз шіркеулі. Әділет пен адалдықтың алдында айыптымыз… Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз» деп ащы шындықты бір аршып алып, ары қарай салиқалы ой салмақтайды: «Кейде әділ, кейде нақақ сөзді естуге мәжбүрміз. Біз көргенді өзіміз бастан өткерген біздер жазсақ қана арылу әдебиетіне айналмақшы. Ал бізден кейінгілер жазса, ұрпақтар өшпенділігін өршітетін, онсыз да көсегемізді көгертпей келген әлеуметтік кекшілдік өртіне май құятын, табашылдық ағымы қаулауы ғажап емес».

Осы қаупінен құтқарған Әбдіжәмил ағасына алғысын айтады. Өз ұрпағын келешек ұрпақтың табалауынан сақтап қалған суреткерге сүйіспеншілігін сездіреді. Оқырманнан сүйінші сұрайды. Елге зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрғанын қуана жеткізеді. Арылу әдебиеті желі тартқанын таратып, таразылаумен қатар күрделі рухани процесті бастаған кәнігі дихандай Әбдіжәмил ағасының рухани қайсарлығы мен суреткерлік кемел өнегесінен үлгі алуға шақырады.

Алайда, жиырма жылдан астам уақыт бұрын айтылған Әбіш ағаның осы үкілі үндеуіне «үндемей үйдей пәледен құтылғысы» келетіндердің үйірі үдере көз жұмып отырғаны өкінішті! Арылу әдебиетінде сол баяғы «Соңғы парыз» әлі күнге жалғыз желкендей жетімдіктің күйін кешіп тұрғандай!

Осының бәрін астын сызып айту парыз. Әділеттілік үшін. Болашақ ұрпақ үшін. Әдебиеттің тарихы таза жазылуы үшін.

ІV

Ол өзінің ұзақ жасайтынын алдын-ала сезгендей. Жалғандықпен жолдастығы жоқ жазушы ХХ ғасырдың прологы мен эпилогын жазу өзіне бұйырғанын түсінде көріп, өңінде мойындағандай әсер қалдырады.

Сонау 1947 жылдың саршатамызында шілденің аптап ыстығы тынысын буып, Ақбастыдан Аралға жол тартқан арбаның артынан басы салбырап, ілбіп келе жатқан жиырма үш жасар жігіттің ойына «Қан мен терді» жазу сап ете қалды: «Адам баласы мекен еткен айдай әлемде күші асқан қиянаткердің зорлығы мен зәбірінен қан қақсаған бұнан да басқа жер бар ма? Осы ел басынан кешкен ғасырлардың қазасыз күні, азасыз айы болды ма? Жүзі суық жау бірде жеріңе шығыстан тисе, бірде батыстан тиді. Ылғи қапыңды тауып қапылыста тиетін кезеңді жау талай-талай ұйқыңды бұзып, ұйтқыңды шайқап ұйпа-тұйпаңды шығарып кеткенде оты сөнген ошақтан өмір жалғасындай әлсіз бір тірлік әрқашан қылтиып көрінгенше өзегің талатын. Иә, мына тусыраған тұл даланың үстінен ту-ту бағзы заманнан бермен қарай сансыз ұрпақ көші өтті… Осы мына өмір бойы өрттей ыстық күн астында қаназасы кеуіп жатқан қу медиен бізге мекен болғалы қаншама қасіретті ананың, қаралы жесірдің, қорғансыз жетімнің көз жасы көлдей ақты. Осы мына таланы тастай елдің таз-тақыр даласын гүлдетеміз деп келешек үшін қиғылық ұрған қаншама асыл азаматтарымыз, аяулы боздақтарымыз қанын, терін төкті… Иә, қанын, терін төкті… Қан мен тер… қан мен тер… Жас жігіт «қан мен тер» деп әлдеқалай аузына түскен дұғадай ішінен күбірлей берді».

Бірақ біз үзінді алып отырған «Қан мен тер» қалай жазылды?» деген Әбеңнің атышулы мақаласында өзі мойындағандай, күрделі шығарма жазуға бел байлаған адамға таланттан басқа білім мен тәжірибе керек. Ол кезде оның бойында соңғы екі нәрсе жоқ болатын. Сондықтан да шоң шығарма жазуға жастық алаңғасарлықпен ұрынып қалғысы келмеген ол Алматыға баруға бел байлады. Барар жері жоқ бөтен қаланың вокзалында үш түнеп шыққан жас жігіт сандалып жүріп, Сәбит Мұқановты тапты. Одан Ғабеңе барды. Ақыры Мұхтар Әуезовтің үйінен дәм татты. Әбдіжәмил екі туып, бір қалған ағайын-туғанын аралап, айтшылап жүрген жоқ еді. Түнде басына жастанып, күндіз қолтығынан тастамай жүрген тұла бойы тұңғышы «Курландиясымен» әдебиет майданына бұзып-жарып кірудің жолын іздеген. Шапағаты тиіп қалар деп қазақтың сол кездегі игі жақсыларынжағалады. Бірде Мұхаңмен бірге опера театрына барып, оркестр орындаған күйді өмірінде бірінші рет тыңдады. Таңданысын жасыра алмаған жас қаламгер Мұхаңның сынына да ұшырады. Осы оқиға болмаса Мәскеуге Әдебиет институтына ауыспас та еді?! Кім білсін?! Бірақ сонау жердің шетінен, желдің өтінен білім іздеп шыққан жігіт түптің түбі ақыры барар жер еді ол.

Ішкі интуициясына адалдығын әлі күнге дейін сақтап келе жатқан  қайраткер қаламгер сол жылдардан бері жазушылық өмірінде ешқашан аптықпады. Ат аунағанша ақыл тауып кететін қасиетіне қарамастан арбамен жүріп қоян алғанды дұрыс санады. Он кітап жазғаннан гөрі бір кітапты он рет жазғанды тәуір көрді. Жүз атанға жүк болатындай марқасқа миссиясын ауанымен атқарып, абыройға бөленген олосылайша жазушы болудың да, жазушы болып жүрудің де классикалық үлгісін танытты.

Жүз жылдықтар тоғысының қыр-сырын адам баласы әлі толық зерттеп біткен жоқ. Қалай дегенде де уақыттың осы қиылысында талай-талай ханталапайдың болып жататыны тарихтан әмбеге аян. Керек десеңіз, адам өмірінің басталуы мен аяқталуы да күнтізбенің осы тұсына егіздің сыңарындай ұқсас. Дүние есігін ашу да, жалған өмірмен қоштасу да адам баласының өміріндегі басқа оқиғалардың барлығына қарағанда драматизмге толы екенін құдайдың өзі теріске шығармайды. Өйткені, екеуі де – сол Жаратушының қолындағы шаруа. Осы заңдылықты Әбдіжәмил Нұрпейісов адам ретінде де, қаламгер ретінде де дәл ұққан. Ол өзінің жазушылық тәлейіндегі күрделі де маңызды екі шығармасының біріне ғасыр басындағы ірі оқиғаны лейтмотив етіп алса, біріне жүзжылдық соңындағы ахуалды арқау етті. Кездейсоқтық па? Заңдылыққа көбірек келеді.

Марапат пен мақтауды суқаны сүймейтін Әбдіжәмил ағамызға осыдан біраз жыл бұрын барып, сәлем беріп шыққанымыз бар. Қаламгер «Соңғы парызды» өлгенше қысқартып отырғанын көріп, маңдайымнан ащы тер бұрқ етті: «Ойбай-ау, Әбе, мынауыңыз не? Жасап жатқаныңыз қылмыс. Қанша жерден автор болсаңыз да, халықтың рухани қазынасына айналып үлгерген кітапқа қол салуға қандай қақыңыз бар?».

«Әй, слушай, тоқсанға таяған менен де өтіп кеткен консерватор екенсің. Марк Твен «ХХІ ғасырда тек әңгіме ғана оқылатын болады» деп айтып кеткенін сен білесің бе? Мына далақпандай дилогияны болашақта кім оқиды?! Жазғанымды келешектегілердің де кәдесіне жаратудың қамы менікі. Мазамды алма!».

Мұндай жанкештілікті, мұндай халық алдындағы жауапкершілікті көрсем, не қыл дейсіз?! Бұл – өзінен басқаны жоққа шығару емес, басқалар үшін өзін-өзі жоққа шығару емес пе?! Әдебиетті ғана емес, әр нәрсені де ардың ісі санайтын мэтрден үйренетін нәрсе өте көп. Кез-келгеніміз өз өзімізге сол кісі сияқты талап қоя білсек, сол кісі сияқты жалған намыстың жамылғысын сыпырып тастасақ, өркениетке әлдеқайда жақындай түсер едік.

Міне, осының бәрі жиылып келіп, бір арнаға тоғысқанда жазушы шеберханасының о бастан сөз өнерінің тұтас бір монолитті философиясына құрылғанын байқайсыз. Мына зулап бара жатқан заманда жазу үстеліне байлап қойса, отыратын адам аз. Кейде ойлайсың, сақа суреткерге салалы дүниелерді қолдан құйғыздырған да сол салиқалылығы мен сабырлылығы болар!

Қашан да пегастың қос қанатынан түспейтін қарасөздің қара шалы шынында да шаруаға шұқшию жағынан алғанда ерінбейтін етікшіні екі орап алады. Кезінде тарихи трилогияның тарауларын диірменнің тасына салғандай қайта-қайта түюден шаршамағаны – соның дәлелі. Түпкілікті тазаланған тары ғана жақсы қорытылатынын тарлан жазушы зердесіне мықтап түйген. Қазір Әбең бүгінгі оқырманын ойламайтын сыңайлы. Оның көңілін баяғыда-ақ тауып қойған. Енді келер ұрпақтың қамын жеумен күн батырып жүр. «Артыңа қарамай өлгенге не жетсін!» деп отырушы еді көнекөз шауқандар. Айтары жоқ, мына тіршіліктен өзінен кейін қалатын адамдардың болашағы үшін алаңдамай кетуге ұмтылу – қаламгер қайсарлығы.

Ендеше, келешекте зады адамның кітап оқуға қанша жерден кежегесі кейін тартып тұрғанымен, құрып кеткенде классикалық шығармаларды бір сүзіп шығатынына шүбә келтіргің келмейді. Әдебиет бір күндік немесе бір жылдық, оны айтасыз, бір ғасырлық  деген шектеулерге әсте көнбейді. Өйткені, Уақытты алға сүйреп келе жатқан да, Адам мен Кеңістіктің үйлесім табуына үлес қосатын да ең алдымен Әдебиет пен Мәдениет. Адамзат өзінің даму сатысында жаңа бір өнерді ойлап табуы мүмкін. Солай болған күннің өзінде де ол алдыңғы өркениеттің үлгілеріне міндетті түрде арқа сүйейтіні анық. Неге, біз Толстой мен Әуезовтің шығармаларына қайта айналып соға береміз? Классиканың ғажап құдіреті оның қай дәуірде де өзінің өзектілігі мен заманауилығын жоғалтпайтындығында жатыр. Осы талапқа толық жауап бере алатын Әбеңнің де туындыларын ешқашан тот баспайды.

Бәрін айт та, бірін айт, социализм дәуірінен бастап күні бүгінге дейін әдебиеттің партиялылығын емес, әдебиеттің ар-ождан ісі екенін бір сәтке де есінен шығармай, ақ қағазға адамзат мәңгілігі үшін телміруден көзі де, көңілі де талмаған қайсар қаламгермына жалғанға бәріміздің жүрегімізге түсетін ауыртпалық атаулыны бірге көтерісу үшін келгені – басыбайлы ақиқат.

Осы ақиқат үшін саған басымызды иеміз, арлы әдебиетке өлердей ғашықпассионар! Рухани тұрғыдан зая өмір кешкендердің запыранын сыртқа шарболаттай шаршамай шымырлатып шығарған Сен әлі талай ұрпағыңа керексің!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, публицист.

"Алматы ақшамы"

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар