14 нау, 2017 сағат 06:57

Гитлердің жеке фотосуреттері бар альбом аукционда сатылады

Бұған дейін белгісіз болып келген Адольф Гитлердің жеке фотосуреттері бар альбом Ұлыбританияда бәссаудаға шығарылды. Оның құны 18 мың доллардан жоғары бағалануда, деп мәлімдеді 13 наурызда C&T Auctions аукцион үйінің кеңесшісі Тим Харпер.

Dw.com хабарлауынша, бұл альбом 1945 жылы Гитлер бункерінен, дәлірек айтқанда Ева Браун бөлмесінен табылды. Қазір ол анонимді коллекторға тиесілі. Аукцион 15 наурыз күні Кент қаласында өтеді.

Альбомда Гитлердің Геббельс, Геринг және Гиммлермен бірге түскен фотосуреттері бар, сонымен бірге Гитлердің өзін күтіп тұрған бір топ халық арасынан көлікпен өтіп бара жатқаны бейнеленген.

Тим Харпер мұны жеке суреттер деп есептейді және рұқсат берілген адам ғана мұндай ракурспен фотоға түсіре алған.

ҚазАқпарат