24 қыр, 2017 сағат 23:56

Германияда Меркельдің партиясы сайлауда жеңіске жетті

Алдын-ала нәтижелерге сәйкес Германия канцлері Ангела Меркельдің консерваторлық одағы 24 қыркүйекте өткен парламент сайлауында басым көпшіліктің дауысына ие болды. Меркель ханым төртінші мәрте үкімет басқармақшы.

ARD мен ZDF телеарналарының хабарлауынша, Меркель арқа сүйейтін Христиан-демократиялық партиясы мен Бавария Христиан-социалистік одағы құрған блок шамамен сайлаушылардың 33,5 пайызының дауысын алды. Экзитпол нәтижесіне сәйкес, Мартин Шульц басқаратын Социал-демократиялық партия 21 пайыз қолдау иеленді. Бұл - социал-демократтар үшін екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең аз көрсеткіш. Әсіре оңшыл, популист "Альтернатива" (AfD) партиясы 13 пайыз дауыс жинап, үшінші орынға шықты. Либерал-демократтар 10 пайыз, Жасылдар мен Солшылдар партиясы тоғыз пайыздай дауыс алып, бес пайыздық межені еңсергендіктен парламентке өтті.

Меркель енді коалициялық үкімет құруға кіріспекші, бұл процесс бірнеше айға созылады. Социал-демократиялық партия төрағасының орынбасары Мануэла Швезиг канцлер Ангела Меркельдің партиясымен одақтан шығып, оппозицияға айналатындарын хабарлады. Социал-демократтар басқа барлық партиялар сияқты үшінші орындағы әсіре оңшылдарға да қарсы. Алдын-ала сайлау нәтижелері түпкілікті түрде расталатын болса, Германияның қазіргі көші-қон саясатына қарсы шыққан популистер бірінші рет парламентке өтпекші.

Шығыс Германияда бақташы отбасында туып-өскен Меркель де, Шульц те электоратты елге бір миллионнан астам басым көпшілігі мұсылман босқын келіп жатқанда бас көтерген популист "Альтернатива" партиясының үгіт-насихатына бой алдырмауға шақырды. Германияның социал-демократ сыртқы істер министрі Зигмар Габриэль "Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бірінші рет Германия парламентінде нағыз нацистер депутат болып отыратынын" ескертті.