06 қаз, 2019 сағат 06:47

Головкин Деревянченконы жеңіп, әлем чемпионы атанды (Видео)

Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) украиналық Сергей Деревянченкомен (13-1, 10 КО) жекпе-жек өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Боксшылар орта салмақ санатында IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы титулына таласты.

Жекпе-жектің алғашқы раундында Головкиннің бірнеше соққысынан кейін Деревянченко тепе-теңдігін жоғалтып алды. Нокдауннан кейін қазақстандық боксшының басымдығы айқындала түсті. Әсіресе, 2-раундта сол қолымен ұрған жойқын соққысынан кейін украиналықтың оң жақ қасы жарылып кетті. Бірақ, төрешілер айқасты тоқтатпады.

Кейінгі раундтарда Деревянченко жақын қашықтықта жүріп, сериялық соққылармен ұпай алуға әрекет етті. Ал Головкин қарсыласының ашылуын күтіп, арагідік-арагідік дәл соққылар бағыттады.

6-7 раундтардан бастап боксшылар біртіндеп ашық айқасқа көшті. Екеуі де аянып қалған жоқ. Кейінгі раундтарда Деревянченко керемет шапшаңдық танытты. Тартысты айқас 12-ші раундқа дейін жалғасты.

Төрешілердің шешімімен, жекпе-жек Геннадий Головкиннің жеңісімен аяқталды. Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шебері IBF және IBO тұжырымдарының белдігін қайтарып алды.

Әлемдік БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, бұл кездесу үшін қазақстандық спортшы 15 миллион доллар (5 миллиард 835 миллион теңге, 1 доллар – 389 теңге), украиналық боксшы 5,2 миллион доллар (2 миллиард 22 миллион 800 мың теңге, 1 доллар – 389 теңге) алады.