10 жел, 2019 сағат 13:22

Геннадий Головкин Қарағанды облысының әкімімен кездесті

Боксшы мен әкім Геннадийдің балалық шағы өткен «Майқұдық» шағынауданындағы спорт нысандарын қалпына келтіру мәселесін талқылады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Геннадий Головкинмен кездесіп, Нью-Йорктегі жеңісімен құттықтауға мүмкіндік туды. Бірге отырып Қарағанды облысының спорт саласының дамуын талқыладық. Геннадий ерекше жылылықпен және қамқорлықпен «Майқұдықтың» спорт инфрақұрылымы туралы сұрады. Келесі жылы атақты «Литейщик» стадионын қалпына келтірумен айналысамыз және Магнитогорская көшесін толық жөндеуден өткіземіз деп уәде бердім» деп жазды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook парақшасында.

Айта кетейік, «Литейщик» стадионы Майқұдық ықшамауданында орналасқан. 70-80 жылдары ол қаланың танымал спорт нысандарының бірі болды. Мұнда 1979 және 1980 жылдардағы Қарағанды облысының чемпионы, 1980 жылғы Қазсовпроф кубогының иегері атанған «Литейщик» зауытының футбол командасы ойнаған болатын.