16 там, 2018 сағат 08:55

Ғарифолла Есім: Халықтың мінезі ұсақталып кетті - Абай осыны сынады

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шарада Абайдың 1888 жылы жазылған 27 шығармасының (бұл шығармаларға биыл 130 жыл) тарихы айтылып, танымал өнер адамдарының орындауында әндері шырқалды. Осы 27 өлеңнің сегізі аударма.

«Осы жылы жазған Абайдың өлеңдерін біз 4 буынға бөліп қарадық. Абай «Күлембайға», «Болыс болдым мінеки», «Әсетке», «Мәз болады болысың» сияқты сын өлеңдеріне 130 жыл толады. Абай шығармасында бірінші Абайдың сынға, сатираға жазылған өлеңдерін айта алмай жүрміз. Екінші әлем әдебиетін біздің әдебиетке әкелуі, үшінші әндері, төртінші ғашықтық жырларының буын, стиль ерекшеліктерін айта алмаудамыз», - деді «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры, ақын Алмахан Мұхамедқалиқызы.

Кештің ашылуында «Қазығұрт» киностудиясы түсірген «Абай» фильмінен үзінді көрсетіліп, Абайдың «Сегізаяқ» әнінің бір нұсқасы тыңдалды. 

Дөңгелек үстел отырысында сөз алған философия ғылымының докторы, академик Ғарифолла Есім Абай өлеңдерінің, әндерінің құрылымына, ақынның айтпақ ойына кеңінен тоқталды. 

«Абай туралы көзқарас көп. Абай өзі «Сегізаяқ» өлеңінде айтқан. «Білгенге -  маржан, білмеске - арзан, надандар бәһра ала алмас» деп. Білген адамға Абай керек, ол - маржан, білмегенге керек емес, ол - арзан. Абай өзі айтқан. «Итке маржан не керек?» деп. Абай өзіне күйе жаққыштарға өзі жауап берген. Маржан ойларды айту үшін ол адам міндетті түрде сыншыл болады. Сіздердің сатира деп отырғандарыңыз - сыншылдық. Абай - сыншыл адам, ол өзінен бастап сынаған. Халықтың мінезі ұсақталып кетті - Абай осы ұсақтықты сынады. Халықта кісілік қалмай бара жатқанын сынаған. Абайдың сатирасы бар қазақтың тағдырын қозғайды», - деді Ғарифолла Есім.

Академиктің айтуынша, Абай поэзияға, халықтың ойлау жүйесіне, сыншылдыққа, ән өнеріне реформа жасаған адам. Абайдың әндері бір әлем.

Дөңгелек үстелдегі отырысқа Абайтанушы ғалымдар мен Абай әндерін орындаушы әншілер, зиялы қауым өкілдері, жалпы көрермен қауым қатысты. Сонымен қатар, «Татьянаның қырдағы әні», «Айттым сәлем Қаламқас» әндері орындалды.