31 мам, 2020 сағат 15:55

Ғарифолла Әнес: Таспихтың тасы тарихымыз десек, соның жартысынан айырылып қалдық

Таспихтың тасы тарихымыз десек, соның жартысынан айырылып қалдық. Бұл туралы «Арыс» және «Әділет» қорларының басшысы Ғарифолла Әнес айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуы күніне орай жасаған үндеуі шын мәнінде ұзақ уақыттан бері күткен дүниеміз еді. Өйткені, 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңда «үкіметке қарсы қолына қару алып күрескен адамдарды ақтамау керек» деген бап болды. Міне соның кесірінен 1929-30 жылдары малынан, барынан айрылған халықтың қолына қару алып, Адай, Созақ, Тақта көпір, Шұбартау, Шығыстау сынды қазақ даласындағы 250-дей көтерілісте қырылған, қуғын-сүргінге ұшырағандарын әлі күнге ақтай алмай келеміз. Оларға РСФСР Қылмыстық кодексінің 59-бабымен бандитизм айыбы тағылған еді. Мұны 27 жылдан бері тарихшыларымыз, мамандарымыз, жазушыларымыз қаншама айтып та, жазып та келе жатыр», - деді ғалым. 

Фиология ғылымдары докторы кеңес заманындағы кәмпескелеу кезінде сол уақыттағы РСФСР Қылмыстық кодексінің экономикалық қылмыстарды қарастырған 107-бабы болғанын айтады. Дәл осы баптың кесірінен қазақтың мыңдаған байларының қолында болған Қазақстандағы 46 миллион малдан 4 млн ғана мал қалған. 

«Соның салдарынан халқымыз босып кетті, 31-32 жылдары шыбындай қырылды. Сол малды қолына ұстап, елді ұйыстырып отырған байлардың бар дүние-мүлкі кәмпескеленді. Олар да ақталмай жатыр. Жақында «Ана тілі» газетіне «Бір жанға екі күймек әділет пе?» деген тақырыппен мақала жаздым. Оған соғыстың, әсіресе, алғашқы кезінде миллиондаған адамның тұтқынға түсуі себеп. Тұтқындардан жасақтаған Түркістан легионында қазақтар, өзбектер, мұсылмандар көп болды. Олардың тірі қалғандары соғыс біткеннен кейін елге келіп, лагерьлерге жабылды. Кеңес лагерьлерінде азап шегіп, көбісі сол жерде қайтыс болды. Олар да әлі ақталған жоқ. Мұнан бөлек, биыл 26 қазанда Қазақ АССР-нің құрылғанына 100 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Қазақ АССР Орынборда 1920 жылы 26 тамызда жарияланған еді. Ал өткен ғасырдың 46-шы жылына дейін жүздеген халық комиссары, олардың орынбасарлары 100 пайыз атылып кетті десек, қателеспейміз. Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Сәкен, Сейфуллин, Сейітқали Меңдешев - бәрі де РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен «халық жауы» деген жалған айыппен атылды», - деді Арыс қорының басшысы. 

Ғалым мұның бәрі айтылып, халық жадында қалдыру үшін Шымкентте, Алматы түбіндегі Жаңалық ауылында музейлер ашылғанын, АЛЖИР музейі жұмыс істеп тұрғандығын айтады. 

«Бірақ, шын мәнінде мұны ұлттық трагедия, халқымызды тарихпен тәрбиелеу кезінде құрал ретінде қарастыра алмай отырмыз. Тарихымыз тасы шашылып қалған таспих секілді. Оның 99 тасы болса біз соның жартысын жоғалтып алғанбыз. Тұтас тарихымызды, қаралы тарихымызды көтеру, сол тарихымыз арқылы халыққа тәлім-тәрбие беру, Тәуелсіздіктің қадірін тұсіндіру мәселесінде осы құрылатын комиссия жұмысы үлкен болуы тиіс. Бізге құр мақтан, дарақылық, дабыра әңгімеден гөрі нақты іске көшкен жөн. 27 жыл іске аспаған мәселелер аталған комиссия құрылғаннан кейін жөнге келетін сияқты. Елімізде, сайлау, саяси партиялар, оппозиция туралы заңдар қабылданып жатыр. Халық үніне құлақ асатын мемлекет деп жатырмыз. Мұның барлығы біздің 27 жылдан бері айтып келе жатқан әңгімелерімізді қорытындылайтын сияқты. Сондықтан Мемлекет басшысына үлкен ризашылығымызды білдіреміз», - деді ол. 

Сонымен қатар ол 1,5 миллионнан 4,5 миллионға дейін қазақ ашаршылық құрбанына айналды делінген дерекке назар аудартты. 

«Шын мәнінде мұндай тарихта болмаған. Бүкіл халықтың төрттен үш бөлігі жоғалып кеткен мұндай зұлматты қазақтан басқа ешбір ұлт басынан кешірмеген. Егер біз мұны бүгінгі ұрпақтың сана-сезіміне сіңіре білсек, Тәуелсіздік бағасы шын мәнінде артар еді. Елімізді қадірлеп, шын әрі шынайы тарихымызға жетер едік. Комиссия жұмысына ұлкен сәттілік тілеймін», - деді Ғарифолла Әнес.