23 нау, 2018 сағат 20:22

Ғалымдар: Жаз екі айға ұзарады

Сарапшылардың айтуынша, жаһандық жылынудың алдын алу мүмкін емес, сол себепті климаттың өзгеруіне дайын болу керек.

Тель-Авив универститетінің ғалымдары климаттың жаһандық өзгеруіне болжам жасады. Олардың айтуынша, бұл құбылыстар жаз мезгілінің ұзаруына әкеліп соғуы мүмкін, деп хабарлайды sputniknews.kz "Моя планета" порталына сілтеме жасап.

Израиль ғалымдарының деректеріне сүйенсек, парниктік газдар – климаттың өзгеруіне әкеп соғатын негізгі фактор, ол адамның іс-әрекетімен тығыз байланысты. Сарапшылар зерттеулерін Халықаралық климатология журналына жариялап, дабыл қағатын қорытындылар жасады: адамның іс-әрекеті осындай қарқынмен климатқа әсер ететін болса, ғасырдың ортасына қарай жаз мезгілі төрттен бір бөлікке, ал ғасырдың соңында екі айға дейін ұзарады.

Израиль, Мысыр, Ливан және Түркия сияқты елдерде құрғақ әрі аптап кезең жарты жылға дейін созылып, ал жаңбырлы маусым екі айға дейін қысқарады. Бұл өзгерістер өңірдің тіршілігіне айтарлықтай ықпалын тигізуі мүмкін: су ресурстарының сапасы төмендеп, маусымдық аурулардың мерзімі мен жиілігі өзгеруі ықтимал. Климаттың ауысуына дайындалған жөн, деп санайды ғалымдар, себебі жылынудың алдын алу мүмкін емес көрінеді.