29 сәу, 2019 сағат 09:33

Ғалымдар Ресейде «Назарбаев мектептерін» ашуды сұрап ашық хат жазды


Қазақстан Республикасының

Президенті

Қ. К. Тоқаевқа

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

Мәскеуде білім алып жатқан, ғылыммен шұғылданып жүрген қазақтың бір топ азаматы еліміздің дамуына, Ресейде білім алып жатқан қазақ жастарының интеллектуалдық қуатын ел игілігіне жұмылдыруға, әлемдегі ғылым мен білімнің жаңа даму үрдістерін сараптауға қатысты мәселелер бойынша өзара ой бөлісіп, талқылап отыру мақсатында бейформалды түрде «Қазақ жолы» интеллектуалдық клубы аясына топтасқан еді. Бұған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел жұртшылығына ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларындағы маңызды байламдар ерекше серпін берді. Осындағы жетекші ойлар мен өміршең бастамаларды іске асыру тетіктерін пайымдау бағытындағы көптеген бас қосулар мен пікір алысулар нәтижесінде бірқатар ұсыныстар тұжырымдалды. Солардың бірі Ресей Федерациясында мекендеп жатқан қандастарымыздың, нақтырақ айтқанда, олардың ана тілінен, ұлттық болмысынан ажырап қалмау мәселесін шешуге қатысты ұсыныс болатын. Мұны біз екі жыл бұрын көтеріп, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісіне ұсынған едік. Елші бұл ұсынысымызды қолдап, бұл екі елге қатысты маңызды шара және ең жоғарғы деңгейде рұқсат алуды, шешім қабылдауды қажет ететін іс болғандықтан, мұны тиісті тұлғалар мен орындардың келісімін ала отырып, бірлесе атқару қажет деп шешті.

Осы орайда аталған ұсыныспен Өзіңізді таныстыруды және бұл мәселенің оң шешімін табуына ықпал ету туралы сұрауды жөн көріп отырмыз.

Өзіңізге мәлім, бейресми мәліметтер бойынша, Ресей Федерациясында 1,5 (бір жарым) миллионнан астам қазақ мекен етеді. Ресей Федерациясының Мемлекеттік статистика федералдық қызметінің (Федеральная служба государственной статистики РФ) 2010 жылғы халық санағының көрсеткішініне сүйенсек,олардың саны – 647 мың адам. Негізгі шоғырлана қоныстанған өңірлері бойынша, Астрахань облысында – 149 415, Орынбор облысында – 120 262, Омбы облысында – 78 303 және Саратов облысында – 76 007 адам және т.б.Ресейдегі қазақтардың жалпы санына қатысты мұндай алшақтықтар жоғарыда аталған халық санағында қазақтардың тұрғылықты өңірлеріне орай алтайлықтар, қосағаштықтар деп бірнеше ұлт ретінде аталып кетуіне байланысты болса керек.

Советтік кезеңде Ресейде 200-дей қазақ мектебі болған еді. 1966 жылдан бастап қазақ мектептері орыс мектептеріне ауыстырылып, қазақ тілі бірқатар мектептерде тек факультативтік пән ретінде ғана оқытылды. Соңғы кезде Ресей Федерациясында Алтай өңірінде жалғыз ғана қазақ мектебі жұмыс істеген еді. Таяуда бұл мектеп те жабылды. Сонымен қазіргі кезде Ресейде бірде-бір қазақ тілінде білім беретін мектеп жоқ. Ал қазақтар шоғырлана қоныстанған бірқатар өңірлердің кей мектептерінде қазақ тілі ішінара тек факультативтік пән ретінде ғана өтіледі. Сондықтан Ресейде тұратын бір миллионнан астам қандастарымыздың ана тілінен ажырап қалу қаупі күн өткен сайын күшейіп барады.

Ресейде мекендеп жатқан қазақтардың бірлі-жарымы болмаса, түп көтеріле елге оралмауларының бір себебі және бастысы – олардың (ирреденттер) байырғы өз ата қоныстарында отыруларына байланысты. Атамекеннің қазақ үшін қандай қадірлі екендігін және одан ірге ажыратудың оңай еместігін Өзіңіз жақсы білесіз ғой. Сондықтан біздің алдымызда Ресейдегі қазақтардың, әсіресе жастарының тұрғылықты жерлерінде ана тілі мен ата дәстүрінен алшақтамайтындай жолын қарастыру, жөнін табу айрықша өзекті міндет, тағдыршешті мәселе болып тұр.

Өзіңіздің жуырда Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі Ресей Федерациясына жасаған ресми сапарыңызда да ең жоғарғы деңгейде өткен екіжақты келіссөздер барысында осынау білім мәселесі сөз болды. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екіжақты ғылыми-мәдени байланыстарды тереңдетіп, болашақта Қазақстанда ресейлік мектептер мен университет ашу мәселесін ұсынды. Сонымен бірге Ресей ғылым және мәдениет орталығының (Россотрудничество) Алматы қаласында филиалын ашу мәселесінің де қарастырылып жатқандығын жеткізді.

Олай болса, Қазақстан да өз кезегінде осы жылдар аралығында Ресей елімен арада қалыптасқан гуманитарлық бағыттағы өзара тиімді де жемісті қарым-қатынасты ескере отырып, Ресей аумағында қазақстандық мектептер мен университтерді ашу бастамасын ұсынғаны жөн деп есептейміз.

Мұны іске асырудың жолын біз былайша елестетеміз. Бұл ретте басты назарды Ресейде тұратын қандастарымыздың қазақ тілінде білім алу мәселесін шешуге аударған орынды. Осы мақсатта біз екі түрлі бағытты көріп отырмыз.

Біріншісі, қазақ балалары білім алатын барша мектепте қазақ тілі пәнін факультативтік сабақ ретінде енгізуге қол жеткізу. Өйткені қазақтар шоғырлана қоныстанған елдімекендерде бірыңғай қазақ тілінде білім беретін мемлекеттік мектептер ашу мәселесін шешу өте қиын (машақаты көп, нәтижесі белгісіз жұмыс), оның үстіне ол мектептерге ата-аналардың өз балаларын бере қоюлары да неғайбыл. Сондай-ақ, Ресейдегі қазақ мектебін бітіріп шыққан оқушылардың болашақтары да бұлыңғыр болмақ. Сондықтан ең дұрысы әрі шешілуі оңайы – орта білім беретін мектептерге қазақ тілін факультативтік пән ретінде енгізу. Бұл ұсынысқа Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігі қарсы болмас, оң шешуге ықпал етер деп үміттенеміз.

Екіншісі, қазақтар шоғырлана қоныстанған өңірлердің орталықтарында (Астрахань, Орынбор, Омбы, Саратов, Волгоград, т.б.) дарынды балаларға арналған «Назарбаев атындағы Еуразия интеллектуалдық мектеп-интернаты» халықаралық мектептер желісін ашу.

Бұл мектептер желісі Қазақстандағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы аясында және соның тікелей қамқорлығымен (материалдық, оқу-әдістемелік, үйлестірушілік) ашылғаны жөн. Қазақстандағы аталған білім беру ұйымы 2008 жылы құрылып, өзінің жемістілігін көрсетіп келеді. Қазіргі кезде осынау білім беру желісі тәжірибеден өтіп, үздік нәтиже беріп отыр. Білім бағдарламасы мен оқу жүйесі жақсы жолға қойылған. Заманауи білім беру жүйесі саласында үздік, бәсекеге қабілетті білім ордасы деп санауға болады. Бұл мектепте оқушылар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқиды. Соған сәйкес үш тілді де жетік меңгеріп шығады. Мектеп бітірген соң жоғары білімді Назарбаев университетінде жалғастыруға мүмкіндік алады.

Бұл мектепте сабақтар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтуі керек. Мектепке дарынды балалар арнайы конкурс арқылы іріктеліп қабылданады. Оған қойылатын шарттардың бірі әрі бастысы – қазақ тілін меңгеруі бойынша жоғары балл алу. Осындай шарттармен бұл білім ордасының ашылуы:

біріншіден, мектепке қазақ балаларын іріктеп алуға мүмкіндік туғызады;

екіншіден, Ресейдегі жалпы қазақ жастарының қазақ тілін үйренулерін ынталандырады;

үшіншіден, Ресей қазақтарының ұлттық рухын көтереді, сенімін нығайтады;

төртіншіден, ресейлік қазақтардың дарынды жастарының елімізге оралуына жол ашып, отаншылдық сезімдерінің қалыптасуына негіз қалайды;

бесіншіден, Қазақстанның шет елдерге рухани-интелектуалдық өнім – білімді экспорттауына жол ашады, яғни Қазақстанның ғылым-білімі дамыған, әлеуеті зор, іргелі ел екендігін көрсетеді;

алтыншыдан, Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі өзіндік орнын, ұстанған бағытын ишаралап, әйгілейді.

Аталған мектепті үздік бітірушілерге Астанадағы Назарбаев университетіне түсуге арнаулы грант берілуі керек (арнайы квота белгілеу). Сонымен қатар, мектеп түлектері үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) тілдерін жетік меңгеріп шыққаннан кейін Ресейдің, сол сияқты әлемнің басқа да жоғары оқу орындарына түсулеріне мүмкіндік алады. Бұл фактор Ресейдегі қазақтар ғана емес, сонымен қатар өзге ұлт өкілдерін де қызықтыруы мүмкін (бауырлас түркі халықтарын).

Осыны ескере отырып, ең алдымен, бір мектепті салып (Орынборда), тәжірибеден өткізу керек. Егер ол жақсы нәтиже көрсетіп, жұртшылықтың қызу сұранысын туғызып жатса, әр өңірден осындай бес-алты мектеп ұйымдастыру қажет. Содан кейін бауырлас түркі халықтарының елдерінде де (татар, башқұрт, ноғай, қарашай, т.б.) аталған мектептер желісін ашуға болады. Өйткені осынау аз санды түркі халықтарының қазақты арқа тұтатыны белгілі, соған сай Қазақ елінің де оларға қамқорлық танытқаны жөн болмақ.

Кейіннен тәжірибеден өткен осы үлгіге сай аталған мектептер желісін Монғолия, Қытай, Өзбекстан, Иран және т.б. елдердің қазақтар шоғырлана қоныстанған өңірлерінде де жағалай таратуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде көршілес елдермен достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, өзара тиімді әлеуметтік-экономикалық байланысты дамытуда ұтымды кадрлық механизм қызметін атқармақ. Мектептер желісі жергілікті жағдайға бейімделіп, жүйелі түрде қалыптасқаннан кейін Назарбаев университетінің филиалын ашу мәселесін де күн тәртібіне қоюға негіз болады.

Мектеп ғимаратын сәулеті келіскен, заманауи озық технологиямен жабдықталған, көз тартатын керемет, еңселі етіп салу керек. Мектеп құрылысы, оны ұстау шығындары бастапқы кезде толықтай Қазақстан тарапынан қаржыланырылса, тыңғылықты қалыптасып алғаннан кейін Ресейдегі мектептер желісінің жұмысын үйлестіретін, қаржыландыратын жеке қор құру қажет. Оның қамқоршылар кеңесіне Ресейдегі қазақ кәсіпкерлерін мүше еткен жөн.

Сайып келгенде, Ресейде мұндай мектептер желісін ашуға Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың халықаралық аренадағы, сондай-ақ Ресейдегі зор беделі, Еуразиялық Одақ идеясының бастамашысы ретіндегі көшбасшылығы, Қазақстанның орта және жоғары білім беру саласында үлгі етерлік нақты озық, бәсекеге қабілетті тәжірибесінің болуы, Ресей мен Қазақстан арасында орныққан өзара достыққа, ынтымақтастық пен тиімділікке негізделген берік те тең қарым-қатынастың жолға қойылғаны, Қазақстанның аталған жобаны іске асыруға қаржылық, кадрлық, ғылыми-әдістемелік әлеуеті мен ресурстарының жеткіліктілігі мүмкіндік береді деп санаймыз.

Сондай-ақ, аталған жобаны іске асыруға Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 394-IV «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Заңы, Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми, мәдени және білім мәселелері бойынша еларалық қарым-қатынасты реттеуге бағытталған нормативтік-құжаттар саяси-құқықтық негіз бола алады.

Аталған ұсынысты дөңгелек үстелдерде, ғылыми бас қосуларда бірнеше рет жұртшылық талқысына салдық. Баспасөз құралдарында да жарияланды. Бұл идея қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болып отыр.

Осында айтылғандарды ескере келе, Сізден аталған ұсынысты қарап, Ресейдегі қандастарымызға арнап «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» филиалы ретінде «Назарбаев атындағы Еуразия интеллектуалдық мектеп-интернаты» халықаралық мектептер желісін ашу жобасының іске асырылуына ықпал етуіңізді сұраймыз.

Сіз ел Президенті ретінде ант қабылдау рәсімінде сөйлеген сөзіңізде Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстанды жаңа тұрпатты ілгерішіл ел ретінде дамытуға қосқан зор үлесін ескеріп, ел Үкіметіне барынша ұлықтау шараларын қолға алуды тапсырып қана қоймай, оны Өзіңіз нақты іспен көрсеттіңіз. Сабақтастықты ұстанатыныңызды да бірнеше рет қадап айттыңыз. Біз Сізге шетелдегі қандастарымыздың тілдік, рухани мәселесін шешуге арналған осынау ұсынысымызды қолдайды әрі нақты іске асыруға ықпал етеді деп үміт артамыз.

Бұл жоба, егер іске асырылатын жағдайда, Ресей қазақтарының ғана емес, Қазақ Елінің де өз-өзіне деген сенімін нығайтатын, рухын асқақтататын, халықаралық аядағы беделі мен рөлін арттыратын, сөйтіп жүйелік серпілістерге жол ашатын ауқымды тарихи оқиға болмақ деп есептейміз. Ресейдегі миллионннан астам қандасымыздың тағдырына әсер ететін, ризашылығын туғызатын баянды іс болар деп шамалаймыз.

Құрметпен,

Асқаров Нұрлан Әуезханұлы, 

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты,

филология ғылымдарының кандидаты

Нұрбеков Сәкен Жұманұлы, 

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты,

тарих ғылымдарының кандидаты

Дауталиев Қазыбек Нүрсейітұлы, 

Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институның докторанты, заң ғылымдарының кандидаты

Кемешов Жомарт Өмірбекұлы, 

Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – К.А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының докторанты, ветеринария ғылымдарының кандидаты

Баймагулов Мұхтар Дүйсенбекұлы,

Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық

академиясының магистранты, Ресейдегі «Жас тұлпар» қазақ жастары ұйымының төрағасы

«Қазақ жолы» интеллектуалдық клубы,

Мәскеу қаласы