19 сәу, 2017 сағат 09:18

Ғабит Мүсірепов. Авгейдің ат қорасынан бастайық

«Бұдан былай огурци деп жазылатын болса, мен оны жемей-ақ қоярмын».

Л. Леонов.

Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса да ақыл-ой тереңдігі, сана-сезім сергектігі көп салалармен тармақтана,молыға келіп, тағы да сол ана тілінің алтын қорына қосылабереді. Ана тілі қорлана береді, ажарлана береді. Қай халықтың болса да басынан өткен дәуірлері, қилы-қилы кезеңдері ана тілінде із қалдырмай өте алмайды. Ана тілі ғасырлар бойында жасала да береді, жасара береді. Тіл диалектикасы – жасаған сайын жасара беруінде. Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады.

Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің бірде-біріне көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс.

Салтыков-Щедрин ыза болады: ф әрпіне тілдерің еркін-ақ келеді. Солай бола тұра, неге «хунт» дейсіңдер? X әрпіне де тілдерің келеді. Солай бола тұра, неге «фуост» дейсіңдер? – деп ызаланады. Мен әуелі сол сөйлеу- сөйлесудегі дерекіліктерден бастағым келеді.

Қазақстанның әр жерлерінде сөздің мағынасын бұзып сөйлеушіліктер бар. Солардан біраз мысал келтірейік. 

«Өзіміз молдаға оқып едік, баламыз мектепке оқып жүр». «Қызым жетінші класс оқып жүр». Бұл сөйлемдер қайда, қайдан оқып жүр, нешінші класта оқып жүр деген сұраулардың жауаптары екенінде жұмыс жоқ, «Молдадан оқыдық», «мектепте оқып жүр», «жетінші класта» деуге тіл келмегендіктен емес, тіпті, түсінбегендіктен де емес. Бұл баяғы «біздің ауыл осылай сөйлейдінің» салдары.

«Бұрын райкомтұғын. Осы күні совхоз боп қапты ғой», «болатұғын» деген сөздің бас жағы кесіліп қалыпты да, «болып қалыпты» делінетін сөздер ортасынан омырылған. Тегінде, осы «тұғынды» тастап, болатын, келетін деп жазу дұрыс-ау деймін.

«Түске шекейін» мен «шекемдер» оп-оңай тұрған «дейіннің» айырбасы.

«Әне ерде отырған со ма десем: міне ерде отыр екен. «Ән жерде, мін жерде» деп те айта береміз.

Ана жерде, мына жерде делінетін ап-айқын оп-оңай сөздердің қалай бұзылып кеткеніне таң қалғандайсың.

Менің бір қадірлі досым дастарқан үстінде – «жесей, ішшей, іштеңке ғымайды» деп отырады, әрі-беріден соң – «жемесің бар, кемесең етті» деп күштеңкіреп жібереді.

Күнбе-күнгі сөйлеу әдетімізде «барғам, жазғам, айтқам» дей береміз. Осы сөздердің аяғын осылай доғару елеусіз кіріп алып, ең көп тарап кеткен әдет. Елеусіз кірген дерт енді елемесе есейе бермек. Сондықтан мұны елемеуге болмайды. Сөйлескенде де, жазғанда да – «барғанмын, жазғанмын, айтқанмын» – дейтін болайық.

Мен «оңтүстік, солтүстік» деуге де қарсымын. Бұл да бұзып алған сөздеріміз. Мұның дұрысы «оңтұстық, солтұстық» болу керек. Түстік емес, тұстық. Оң тұсымызда, сол тұсымызда... Түскиіз емес, тұскиіз. «Күн осы күні мына тұстан шығады, мына тұстан батады». Түс кезі, түстік дейтініміздің өзіндік мағынасы бар.

Сөйлеудегі осы сияқты ерсі мысалдарды топтап әкелуге болады. Мұнда әдейілік жоқ, әрине. Сөз бен сөйлемге, оның ар жағында ана тіліне мән бермеушілік бар. Олай болса, әдейілік жоқ болғанымен, ана тілінің алдындағы күнәда олқылық жоқ.

Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы майрылады да, айтайын дегенің құлаққа қонбайды. Абай айтқандай, көңілдегі көрікті ойын айтуы келіспесе түкке тұрмай қалады.

Жиырмасыншы жылдардың ішінде әдебиетімізге «қайдам» деген сөз кірді. Қазір ол көп жазушылардың еңбектеріне кіріп алыпты. Тіпті, орыс геройларына «қайдам» деген сөз беретін жазушыларымыз да бар. Бұл бір қия алмайтын құнды сөз емес, «қайдан білейін» деген сөздің заңсыз қосындысы. Бір сөздің соңғы әрпін жойып жіберіп (қайдан), басқа бір әріп қоса салсаң (қайдам), ол жаңа сөз болып шықпайды. 

 Сол жылдарда «құсап» деген бір құсық иісі келетін сөз қосылды: «ит құсап», «жазушы құсап», «адам құсап»... Адамға ұқсап, жазушыға ұқсап делінетін сөздердің тұрпаты бұзылды да кетті.

Осы күнгі оқушы балалар ең алдымен қай сөздің қалай жазылғанына қарап оқиды. «Қайдам» дегенді «қайдан білейін», «құсап» дегенді «ұқсап» деген мағынада түсінетін болады. Оның ар жағы түсінікті ғой...

Берірек келе – жазира, салиқалы, салауатты жыр, музыкалық хабар, қоғами, сыни пікір, мақамшылық өнері деген жаңылыс алынған сөздер қосылып келеді.

Жазира – араб тілінде «арал» деген сөз. Оны біздің жазушылар гүл бақшалы жер үйек мағынасында алып жүр. Бұл дұрыс емес.

Салиқалы деп мақтау үшін алдымен осы сөздің «салиқа» деген түбірі немене, соны білуіміз керек. Ондай түбір табылар емес. Ал, салиқалы деген сөздің өзін алсақ, бұл бір, ІІІахмет марқұм айтқандай – ухам сомнение, құлаққа жағымсыз, мағынасыз сөз.

Салауатты жыр – тіпті өрескел алынған. Біз молдадан оқып жүрген кезімізде бейсенбі күні салауат айтқызатын:

«Қайрауат, уа қайрауат,

Бір алладан шафағат.

Алламызға мүнәжат,

Пайғамбарға салауат...»

Сол салауат енді көркемдік түсінік орнына алыныпты. Поэзияның көркемдігін бағалау үшін салауатқа жүгірудің түк орны жоқ. «Музыкалық хабар» деген де дұрыс емес. «Хабар» өз мағынасын дәл басып тұрған орнықты сөз. Музыка арқылы ешбір хабар ала да алмайсың, бере де алмайсың. Ән тыңдайсың, күй тыңдайсың, қысқасы, ол хабаршы емес, көркемөнердің негізгі бір арнасы. «Музыкалық программа» деп алуымыз керек.

Соңғы жылдардың бірінде «қоғами» деген термин алынды. «Қоғамдық» деген, өз мағынасын дәл басып тұрған сөзіміз барда құйрық жағын аравизм мен фарсизмге қарай бұлаңдатып тұрған «қоғамиды» неге алғанымыз түсініксіз-ақ. Осы «қоғами» алынғаннан кейін бір жас сыншы «сыни пікір» деп жазып еліктей кетті. Сонымен, аравизм мен фарсизмге қарай «қоғами» құйрығын екі рет бұлаңдатты. Тап осы «қоғами» керек емес.

«Гәкку» деген бір әншілер тобын басқарып, телевидениеге шығып жүрген Әминә Нұғыманова қарындас «мақамшылық өнері» дегенді музыкалық термин ретінде жиі-жиі қолдана бастады. Тегінде ғылымдық еңбек жазып жүрген болар. Осынысына жұрттың құлағын үйрете берейін дегендей, ән салатын қыздармен шықса да, дауыстарын барқыраған әлдекімдермен шықса да, «мақамшылық өнерін» қайталап қадағалап қояды. 

«Мақам», ең алдымен, құранды қалай оқудың сазы. Мысыр мақамы, Бұхара мақамы, Түркістан қазіретінің мақамы аталатын мақамдар болды. Ұйғыр халқында атақты он екі мақам бар. Бұл музыкалық әуендер екені даусыз. Бірақ қазақ тілінде «мақам» дегенді, әсіресе «мақамшылық өнері» дегенді кіргіземін деп ойлау әрі орынсыз, әрі өмірсіз талап. Өзімізде бар ән, күй, саз, әуен, әуез деен атаулар «мақамнан» анағұрлым түсінікті емес пе?

Діңкеге тиіп  жүрген тағы да біраз жеке сөздер, сөйлемдер бар: «О да кеп пе?», «Со ма екен кеген?», «Бұ да со ма?» дей береміз. Жазылған еңбектерде «кеген» деп жазғанды кездестіргенім жоқ. Ал енді «кепті», «бопты», «о да», «Бұ да», «со да», «со малар» екінің бірінде кездесе береді. «Ол», «сол», «бұл» дейтін жалғыз буынды сөздердің жартысын кесіп тастаған соң несі қалсын? Домаланып басы ғана қалмасқа шарасы не? Айтуға да, жазуға да жеп-жеңіл сөздер тал түсте қиянатқа ұшырап, бейшара болып қалды.

Кейбір жазушыларымыз «содан соң» деген толыққанды, айқын мағыналы сөзімізді кескілеп-турап, «сосын» деп жазады. Бұларынан жаңа ұғыныс туып тұрған жоқ, бұрынғы бір дүдамалдау ұғынысты аша түсу де жоқ, мағынасы айқын сөздің тұрпатын бұзу ғана бар. Осы «сосын» Әбдіжәмілде көп, Асқар Сүлейменовте аяқ алып жүргісіз, Мұзафарда да баршылық.

Көркем әдебиетте әрбір сөздің өз тұрпаты сақталуға тиісті. Тілге бай, тілі жақсы дегенде ешбір жазушы жаңадан сөз тауып, сонысымен бай, сонысымен көркемдікке жетпейді. Халқының тіл байлығында бар сөздерді дұрыс тұрпатымен пайдаланып, сол қордан алынған сөздерден жаңа теңеулер, жаңа бейнеулер жасау арқылы тілге бай, тілге шебер деп аталады. Әсіресе, дауысты дыбыстар мен дауысты буындарды кескілеу сөздің тұрпатын бұзумен бірге сөйлемнің ішкі ырғағын да бұзады. Ат жорғалап келе жатып, шауып кетсе, желіп келе жатып сүрініп кетсе, қалай көрер едік? Сөйлемнің ырғағын бұзу да соған ұқсайды.

Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жолындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың «көрермен, оқырман, аялдама» деп қосқандарын орынды да орнықты көремін. Мұхтар Мағауиннің «іріңді суы» да сондай, белгілі түсініктің мағынасын дәл береді.

Бізде қақ аталатын, шалшық су, жайдақ су деп аталатын сулардың бәрін де іріңді су деген дұрыс көрінеді.

Біраздан бері жалпы мағынасындағы искусство дегенді өнер деп атап келеміз. Ана тілімізде сақина, білезік соғуды да өнер дейміз. Арба-шана істеуді де, үй жонуды да, етік тігуді де өнер дейміз. Туындысы – өнерші. Дұрысында искусствоны басқа өнерлерден айырып – көркем өнер деуіміз керек. Оның ішіне сурет, музыка, сахна, экран, би өнерлері ғана кіретін болсын. Көркем әдебиет деген сияқты көркем өнердің де өзінің асыл тегін көрсетіп тұратын атауы болғаны дұрыс.

Енді азырақ кейбір жазушыларымыздың тілдеріне оралайық. Жұмақан Рамазанов деген біреу француз жазушысы Д.Бартонның «Тәсіл» деген қысқа әңгімесін аударып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялады (ЗО-Ү-75).

Жұмақан аудармасын «Жайма-шуақ» таң сәріде...» деп бастайды. Таң сәріде «жайма шуақ» болмайтынын білмейді-ау деймін. «Жайма шуақ» деп кешегі, не болмаса бүгінгі күннің райлық сипатын айтады. Тегінде мал жаюға болатын қысқы күннің шуағын айтады. Таң сәріге де, тұтас алғанда түн мезгіліне қатынасы жоқ.

«Мен қашырымның құйрығын иісі бар мөлдір маталы жалбызбен майлағанмын», – деп жазады аударушы.

Иісі бар мөлдір маталы жалбызы не болғаны сонда? Мөлдір деп суға айтылады, матаны мөлдір дегенді бірінші естуіміз!

Көркем әдебиет кәсіпшілікті көтермейді. Қорлауды одан әрі көтере алмайды. Түптеп келгенде, ол кәсіп тоқталады. Қорланған өзің боласың. Әттең, әдебиетті оңай кәсіп көретін адамдар әзірше азаймай келеді. Жұмақан Рамазанов жалғыз емес, жүздердің бірі.

Оралхан Бөкеев – үлкен үміт күтетін жас жазушыларымыздың бірі. Өнімді де ұтымды жазады. Тақырып шеңбері кең, айтар ойлары бар жазушы. Жақында оқырман қауымының тілегіне орай, Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығын да алды. Бірақ өзінің тіл қорына Алтай, Қытай қазақтарының ескіріп, топастана бастаған тілдері әсер еткен бе, қалай, Оралханның тілінде шұбарлық түйірпектері бар. Мысал келтірейік: «Пошымы, нәшіні, албаты, кейуана, мүрлеу, бебежік, тоқайрау, самырсытып, көргейлеп, бейқарар, бейнақақ, мауырт, сіңіртік, паруай...». Менің ойымша, бұл сөздердің бірде-бірі бүгінгі өскен әдебиетімізге де, тілімізге де орналаса алмайтын болар.

Сол шұбарлық Оралханның сөйлем құруына да теріс әсерін тигізіп отырады. Мысалы:

«Сұрқай сұсты...

Сұп-сұры бұлт сықастыра...

Садақбайдың ала-сапыран паруай жүзіне...

Ауыл жақты қарауылдай байырқалып...

Олардың сұп-сұр жүзі, арбиған арық қолдар мен сіңіртік сирақтар, көлгіреген аппақ кебіндері...

Мен бағанағы әйелім әзірлеген кеспені еске алдым. Оны жездем жолдаған қаздың етіне пісіріп едік...

Жесір әйелдің мұңдықты басы қалды...»

Алдыңғы сөйлемдердің одағайлығы өзінен-өзі айқын тұрғандықтан, мен соңғы екі сөйлемге тоқталғым келеді. 

Кеспені қаздың етіне пісірген едік деуге болмайды, Оралхан. Қазды жездең жібергенмен де болмайды. Кеспені етке салады. Сонда ол кеспе салып пісіргені қаз еті деген тамақ болады. Кеспе, іңкәл, құлақнан, күлшетай деп аталатын нандардың бәрі де етке пісірілмейді, етке салынады.

«Жесір әйелдің мұңдықты басы қалды» деуге де болмайды. Ең алдымен мұңдықты емес, мұңды деп жазу керек. Сонда сөйлем «жесір қалған мұңды әйелдің» деп басталады. Екінші, сіздің сөйлем құрауыңызда әйелдің өзі емес, басы ғана қалған болып тұр. Сіздің айтайын дегеніңіз: «ері өліп жесір қалған мұңды әйел жалғыз қалды» емес пе?

Бізде басылып шыққан кітаптарды кезінде оқи қою, әсіресе қолжазба күйінде оқып, өңдеуге жәрдемдесу сиреп бара жатқан әдет. «Писатель пописывает, читатель почитывает».

Бір кезде Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғали, Асқар, Әбділда, Жақан, Тайыр – бәрінің де қолжазбаларын баспаға берілмей тұрып оқып шығып, айтысқа, пікір алысуға салушы едік. Осы аталған аға жазушылардың бірде-бірінің бір кітабы баспаға дейін оқылмай кеткен емес, өтірік айтқан болмауым керек.

Академиямызда, университетімізде, педагогика  институттарында әдебиеттің ірі мамандары бар. Тіл-әдебиет факультеттерінде болашақта ақын-жазушы болатын студенттеріміз бар. Біз солардың ортасына бір түспей, жазғанымызды баспаға ұсына алмайтын едік. Соңғы жылдарда осы игілікті әдет біржола тоқталды десем, мұным да жапқан жала бола қояр ма екен!

Тарихи тақырыптарды еңсере жазып, еленбей қалмас еңбек етіп жүрген жазушы Ілияс Есенберлин. Оның еңбектеріне әр түрлі көзқарастар бар. Мен оны жақтаушылар жағындамын. Шынымды айтсам, мен оның «Қаһарын» ұнатпаймын. Ал енді «Алмас қылыш» – құнды шығарма. Әр ғалымдардың, зерттеушілердің бытыранды-шашыранды пікірлерін қорытып, шындығын тауып, көркем шығармаға айналдыру деген оңай да, арзан да еңбек емес. Ілияс ешкімді көшіріп қоймапты, қорытып алыпты.

Бұл кітап жөнінде тарихшылар мен әдебиет тарихшыларына қоятын бір-ақ сұрауым бар. Ол сұрауым Қобыланды мен Қамбар батырлар жайында.

Академик Әлкей Марғұлан бір еңбегінде Қобыланды мен Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырларын сегізінші ғасырда туған дегені бар.

Ұлы Мұхтар Қобыландыны XIII ғасырға апарады. Бұрын-соңды жазғандардың бәрінде де солай. Мұхтар батырлар жырын екіге бөліп – үлкен батырлар, кіші батырлар жыры дейтін. Үлкен батырлардың басы Қобыланды болатын. Марқұм Мәлік Ғабдуллин де осы пікірде еді.

Ілияс Қобыландыны да, Қамбарды да, Асан қайғы, Қотан, Қазтуған жырауларды да ХҮ ғасырға кіргізеді. Осыларымыздың қайсысы дұрыс, тарихшы жолдастар? Үндемей қалмағандарың дұрыс болар еді. Өз қара басым мұндай әумесер ақымақ Қобыландыны (обалы Есенберлинге) қай заманда туса да қабылдағым келмейді.

Мен тарихшы емес, әдебиетшімін. Сондықтан осы құнды деп санаған кітабымның ішіне кіріп кеткен ақауларына тоқталмақпын. Оларының өзі де аз емес.

Әуелі ұсақтарынан бастайық. «Қиналуы да содан-тын» (30-бет). «Қыпшақ жері Жошының туы тігілген жері болуға тиіс-тын». «Қазақ жерінде қалған монғол басқыншылары аз-тұн» (32-бетте). «Шыңғысқан шапқыншыларымен байланысты-тын» (62-бет). «Қобыландының да бұны қаза етуі екі талай-тын». (116-бет). «Ол күндерде Қазының баласы, Темірдің әкесі Темірбай би тірі-тын». «Қашып құтылар ақылы бар-тын» (226-бетте).

Сонымен «Ол күндерде қазының баласы, Темірдің әкесі Темірбай би тірі-тын...» Осы сөйлемдегі Қазының керегі бар ма? Жоқ. Темірдің керегі бар ма? Жоқ. Темірбайдың керегі бар ма? Жоқ. Онда неменеге қазбалап, сөз қылыпотырсың демеңдер, маған керегі «тірі-тын». Көріп отырсыңдар, әлденеше сөйлемнің аяғы осы «тын»-мен тынады. Бұл енді сақалы болмаса да, шашы ағарған жазушыға келіспейтін де, кешілмейтін де кемшілік. Осынша көп сөйлемдерінің бәрінің аяғына келіспейтін бірдемені жазушы қалай алады? Сөзді ойнатамын деп алды деуге де келмейді, білмей алды деуге де келмейді. Бұл да баяғы «біздің ауыл осылай сөйлейдінің» салқыны болмаса қайтсін.

Осы тұста ешкімнің аулында тіл академиясы жоқ. Ана тіліміздің академиясы қазақ деген халық, көше жүрсе де, бытырай жүрсе де, оқымаса да, ана тілін таза сақтаған дегенді ескерте кеткен теріс болмайды-ау деймін.

Ілияста мынадай сөйлемдер кездеседі:

«Көгілдір далада, көгілдір аспан да»... (84-бет). «Көк балауса, жасыл шалғын» (217-бет).

Өсімдік көгі мен аспан көгі бір түстес бола алмайды. Жердің өсімдігі көк балауса қалпында болса, шалғын жасыл бола алмайды. (Тегінде термин комитеті зеңгір, көк, жасыл деген атаулардың аздығы мен араласа беретінін ескеріп, осы мәселені бір қарастырса дұрыс болар еді. Орыс тілінде «шие түсті», «бөтелке түсті», «кофе түсті» деген қосымшалар бар ғой. Мүмкін, біз де сол маңнан бірдемелерді табармыз).

Ілиястың мынадай теңеулеріне еріксіз күлкің келеді:

«Егер әлем тоқты болса, бұл екеуі көкжал қасқыр еді ғой» (12-бет).

Бату мен Құлағу көкжал болса бола берсін, бірақ әлем оларға тоқты бола алмаса керек. Әлем деп аталатын ұлы дүниені тоқтыға теңеу деген тым өрескел тұр.

Екі жігіттің біріне-бірінің ұқсасатығын Ілияс мынадай теңеумен айтады: «Бір шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас» (146-бет) – дейді. Екі тамшы судай ұқсас деген теңеу орыс тілінде қашаннан бар теңеу. 

Ілияс соған «бір шыны аяқтағы» дегенді қосқанда теңеудің күл-талқаны шығыпты. Өйткені, бір шыны аяқтың ішінде екі жерде екі тамшы тұрғанын көз алдыңа әкеле алмайсың. Мұнысы – Жиһана хұкімни көрсәтти мұғаллақ» болып шығыпты.

Ілиястың жай қарапайым сөйлемдерінде де тіл кедейлігі аз емес. Ілияс: «Бұны садақ оғының бер жағында шошайған екі қарыстай сабы көрсетіп тұр», – деп жазады.

Оқтың  ар жақ, бер жағы барына бірінші рет кездесіп отырмыз. Садақтың оғы бірдемеге тисе, сабағы (сабы емес) ар жақ, бер жағы демей-ақ көрініп тұрады. Болды ғой сонымен.

«Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді», – дейді жазушы (241- бет).

Мұнысы біреудің сөзі емес, автордың өзінің сөзі. Қарашыңның жаны аузына келгенін басқа біреу емес, автор өзі айтып отыр, тек аузынан қалай шығып кеткенін жазбапты... Оны жазса жан дегеннің немене екенін көріп қалар ма едік, әлде қайтер едік...

«Барақ ханның ұлы Жәнібек сұлтан мен онымен үш аталас туыс Керей сұлтан». «Қара қазақ пен қазақ жерін жаулап алған ІІІыңғыс», – деп жазады автор 17-ші, 30-шы беттерде.

«Жәнібек сұлтан мен онымен» деп жазуға болмайды ғой. «Үш аталас» дегені де үлкен орашолақтық. Сөйлемнің дұрыс құрамы мынау ғана: «Жәнібек сұлтан мен оның үш атадан қосылатын туысы Керей сұлтан».

Ал енді «қара қазақ пен қазақ жерін жаулап алған Шыңғыс» деген сөйлемнен «қара қазағы» кім, «жай қазағы» кім екенін айыра алмадық. Шыңғысты таныдық, онысы Айтматов емес шығар...

Сөйлеу, жазу жақтарымыздағы кемшіліктерімізді айта отырып, тіл мамандарына өтініш жасағым келеді.

Амангелді, Қарагөз, Зілғара, Меңдіғожа сияқты адам аттарын Аманкелді, Қаракөз, Зілқара демей-ақ, естілу тұрпатында жазсақ қалай болар екен? Екі сөзден тұратын адам аттарындағы сол екі сөздің түбірі сақталса да, оқушы балаларға қ әрпінің ғ әрпіне айналатын реттерін бәрібір үйретуге тура келер еді ғой. К әрпі мен г әріптерінің арасында да осы бар.

Мен тілші емес, тілді пайдаланушымын. Сол өз кәсібімнің мүддесінен қарағанда маған қ-ғ, к-г әріптерінің арасында едәуір әңгіме бар сияқты көрінеді.

Термин комитетіне де айтатын өтінішім бар. Бізде толып жатқан сөздердің орыс тіліндегі түсінігі бар да, қазақ тілінде аталуы жоқ. Мысалы: тактичность, вежливость, учтивость, деликатность, обходительность, укоризно, укор, упрек, гордость, благородство, достоинство деген сөздерге атаулар табу өте қажет.

Бұл түсініктердің көбін «ізгілік», «ізет», «адамгершілік», «сыпайылық» деген сөздермен, бір атауға бірнешеуін топтап сыйғызып келеміз. 

Мұндай өте керекті түсініктердің қазақ тілінде аталуын іздестіргеніміз дұрыс болар еді.

 Орыс тілі – Отанымыздың тілі, Совет Одағына кіретін барлық халықтардың, ұлттардың бәріне ортақ мемлекеттік тіліміз. Сонымен бірге әр халықтың, әр ұлттың өзінің ана тілі бар. Ана тілін көркейте беру-де әліппе, емле, оқыту, үйрету, сөйлеу, жазу – бәрінің де үлкен орны бар.

КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Леонид Ильич Брежнев жолдас Қазақстанға Халықтар достығы орденін тапсырғанда былай деді:

«Совет Одағын мекендейтін барлық ұлттар мен халықтар өзінің ерекшеліктерін, ұлттық сипатының белгілерін, тілін, жақсы дәстүрлерін сақтап қала береді. Өздерінің  ұлттық мәдениетін бұрынғыдан да гүлдендіру үшін олардың барлық мүмкіндіктері бар».

Леонид Ильичтің осы айтқандарынан тіл, әдебиет қайраткерлеріне қандай үлкен талаптар қойылатынын тереңірек ойлансақ деймін.

Мен бұдан жеті-сегіз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Асқындырып алмайық, достар!» деген мақаламды жариялап едім. Ол мақалам да жоғары-төменнен де, аға жазушылар мен жас жазушылардан да ана тіліне жасалып жүрген жәбірлер жайында болатын.

Егер ана тіліміз үлкен талаптарды көтере алмайтын, өспеген олақ тіл болса, бұл мақалаларды жазбаған болар едім. Жоқ, бұл бай тіл! Оралымды, ырғақты, теңеу-бейнеулері ерте туған тіл.

Пушкин, Лермонтов шығармаларын XIX ғасырда-ақ көп елдерден бұрын аударуға жараған тіл. Біз Маркс, Ленин еңбектерін көп елден бұрын аудардық. Поэзияда Абай, Ілияс сияқты, прозада Мұхтар сияқты алыптар туғызған тіл. Мен осындай тілімізді таза ұстайық деймін. «Авгийдің ат қорасынан бастайық» дегендегі айтарым осы ғана. Мәдениетімізді Брежнев жолдас аңғартқан жоғарыға көтеру жолында ана тіліміз – ең сенімді, ең қадірлі құралымыз. 

Ғабит Мүсірепов. "Классикалық зерттеулер" кітабынан

Ұлт порталы