01 жел, 2018 сағат 09:06

G20 саммитінде Трамп пен Путин қол алыспады (Видео)

Қарашаның 30-ы күні Буэнос-Айресте "Үлкен жиырмалық" (G20) лидерлерінің саммиті басталды. Халықаралық ақпарат агенттіктері саммиттің ашылуында G20 лидерлерінің бірігіп суретке түсуі кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин бір-бірімен қол алыспады деп хабарлады.

Трамп подиумға бірінші болып көтерілген Путиннің жанынан өткенде ол тұрған жаққа қарап, бірақ сәлемдеспей өте шықты деп хабарлайды агенттіктер. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков екі президент те амандасты, бірақ сөйлесуге уақыттары болмады дейді.

Дональд Трамп Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен де амандаспай, оның қасынан өтіп кеткен. Путин мен Салман қол алысып, күлімсіреп амандасқан.

Саммит қарсаңында АҚШ президенті Трамп Керчь бұғазындағы оқиға туралы деректермен танысқаннан кейін Ресей президенті Путинмен G20 саммитінде кездесу өткізуден бас тартқаны туралы мәлімдеген. АҚШ сенаты Ресейдің Керчь бұғазында Украинаға қарсы "арандату сипатындағы іс-қимылын" айыптайтын қарар қабылдаған. Қарашаның 25-і күні Ресей шекарашылары Қырым жағалауында Украинаның үш әскери кемесіне оқ атып, экипажымен қоса тұтқындаған.

Әлемдік ұлттық жалпы өнімнің шамамен 85 пайызы, әлемдік сауданың 75 пайызы "Үлкен жиырмалыққа" енетін Австралия, АҚШ, Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка Республикасы, сонымен бірге Еуропа Одағының үлесіне тиеді. Әлем тұрғындарының үштен екісі осы елдерде тұрады.