27 қар, 2020 сағат 17:34

Футболдан ел біріншілігі: «Тобыл» - күміс, «Астана» - қола жүлдегер

Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің аяқталуына бір тур қалды. Дегенмен чемпион және жүлдегерлер толық анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биыл чемпиондық атақ Алматының «Қайратына» бұйырды. Ал бүгінгі турда Қостанайдың «Тобылы» күміс, елордалық «Астана» қола медаль иегері атанды. 

Бүгін «Астана» Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1 есебімен жеңген болатын. Ал қостанайлық клуб жамбылдық «Тараз» командасынан 2:0 есебімен басым түсті.

Осылайша қостанайлық команда 38 ұпай жинап, Премьер-лиганың аяқталуына бір тур қалғанда «Астанадан» бес ұпайға ұзап кетті. 

Еске салсақ, «Тобыл» бұдан бұрын 2003, 2005, 2007, 2008 жылдарда күміс жүлдеге қол созды. Ал 2010 жылы Қазақстан чемпионы атанса, 2002, 2004, 2006, 2018 жылдарда үшінші орын алды. 

Сондай-ақ, бүгін Қарағандының «Шахтері» Ақтаудың «Каспийін» 4:0, Петропавлдың «Қызылжары» Қызылорданың «Қайсарын» 2:1 есебімен жеңді. Аталған турдағы «Қайрат» пен «Оқжетпес» командалары алдын ала 11 наурызда кездесіп, алматылықтар 5:0 есебімен басым түсті.