24 жел, 2019 сағат 16:48

Футбол: «Ордабасы» еурокубок ойындарынан шеттетілді

Қазақстандық «Ордабасы» (Шымкент) командасы футболдан алдағы екі жылға еурокубок ойындарынан шеттетілді, деп хабарлайды UEFA ресми сайты.

Бұл шешім команданың қаржылық fair play (FFP) талаптарын сақтамауы салдарынан туындап отыр. Ол 2020/21 және 2021/22 жылдардағы кезеңдерге қатысты.

2021 жылдың 31 қаңтарына дейін клуб өзінің мерзімі өткен кредиторлық берешегі жоқ екенін дәлелдеген жағдайда қатаң талап алынып тасталады.

Айта кетсек, UEFA тарапынан командаға 2019 жылдың 30 қыркүйегінде айыппұл салынған еді.

Биыл ел біріншілігінде «Ордабасы» үшінші орын алды. Ол командаға алдағы жылы Еуропа лигасы іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік туғызды.

UEFA дәл осындай жағдайға байланысты Словенияның «Олимпия» (Любляна) және Сербияның «Црвена Звезда» (Белград) командаларына айыппұл салды.

Алдағы жылы Қазақстан атынан Еуропа чемпиондар лигасына елордалық «Астана» командасы қатысса, Еуропа лигасында Алматының «Қайраты», Қызылорданың «Қайсары» ел намысын қорғайтыны белгілі. Енді «Ордабасыны» қай команда алмастыратыны анықталмақ.

Шымкенттік клуб 2018 жылы дәл осындай жағдайға тап болған еді. Сол кезеңде «Ордабасы» орнына еурокубоктық іріктеу ойындарына Қостанайдың «Тобылы» қатысқан-тын.