10 қыр, 2018 сағат 10:24

Фирдоусиде орамалын шешуден бас тартқан 7 оқушы қыз мектептен шықты

Түркістан облысының Мақтарал ауданында Фирдоуси атындағы мектепте орамалын шешуден бас тартқан жеті оқушы қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып кетті. Бұл туралы мектеп директоры Жанар Мамырова хабарлады, деп жазады Азаттық.

Жанар Мамырованың айтуынша, мектептегі жоғарғы сыныптарда оқитын 203 оқушы қыздың 10-ы орамалын шешуден бас тартып отыр. Жаңа оқу жылы басталғалы орамалын шешуге келіспеген жеті қыздың ата-анасы мектептен қыздарының құжаттарын алып, басқа оқу орнына орналастырған.

- Орамалын шешуге келіспей сабаққа келмеген 10 оқушының екеуі ауырып жатқаны белгілі болды. Біреуі басқа мектепке ауысуына байланысты құжаттарын рәсімдеп отыр. Төртеуінің ата-анасына Түркістан облыстық білім саласындағы бақылау департаменті айыппұл салған. Қалған үш оқушы және олардың ата-анасымен жұмыс жүргізіліп жатыр, - дейді мектеп директоры.

Түркістан облыстық білім басқармасы "Фирдоуси мектебіндегі жағдай бірқалыпқа түскенін" және әлі де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қыркүйектің 6-сы күні Фирдоуси ауылында мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткішке (бір айлық есептік көрсеткіш - 2405 теңге) тең айыппұл салынған.