31 қаз, 2019 сағат 10:43

Facebook Ресейдің Африкадағы жаңа насихат тәсілдерін анықтады

Facebook әлеуметтік желісі Африкадағы Мозамбик, Камерун, Судан мен Ливия аумағында Ресейді насихаттайды деген үш желіні өшіріп тастады. Бұл ақпаратты The New York Times газеті таратты.

Facebook жойылған аккаунттардың нақты санын көрсетпесе де, олардың "тролльдер фабрикасы" дейтін атпен жақсы таныс Ресейдің "Интернет-зерттеу агенттігімен" байланысы бар екенін айтқан. Агенттікті ресейлік және халықаралық БАҚ президент Владимир Путиннің жақын досы Евгений Пригожин қаржыландыратынын көптен бері айтып жүр. Бұған дейін АҚШ Пригожинге "сайлауға араласу ісі" бойынша санкция салған.

Facebook Ресейдің Африкадағы ықпал етуші кампаниясын Стэнфорд интернет-обсерваториясымен бірігіп анықтаған және оның 2016 жылғы АҚШ-тағы баламасына ұқсамайтынын байқаған. Яғни, араб тілінде жазылған хабарлама бірден түрлі елге тараған әрі фейк аккаунттардың көбін жергілікті тұрғындар ашқан. Facebook ол тұрғындарға белгілі бір сомада ақша төленген деп есептейді.

Бұдан бөлек АҚШ-тағы аккаунттар 2016 жылғы сайлау қарсаңында күніне 2,5 мың пост жазып отырса, Африкадағы аккаунттар қазан айында ғана 9 мың пост жариялаған. Олардың біразы аумақта Ресей саясатын дәріптеген және АҚШ пен Францияны сынап отырған.

Ресей Африкаға ықпалын бірнеше жылдан бері үнемі күшейтіп келеді. Ақпарат құралдары ол жақта "Вагнер" әскери компаниясы жұмыс істейтінін айтып жүр. Журналистер компанияны Евгений Пригожинмен байланыстырады.

Былтыр жазда Орталық Африка республикасында осы әскери компанияны зерттеуге барған ресейлік журналистерді белгісіз біреулер өлтіріп кеткен.

Азаттық