14 сәу, 2019 сағат 18:10

Facebook акционерлері Цукербергтен отставка талап етіп отыр

Facebook акционерлерінің кейбірі деректердің үшінші біреуге қолжетімді болғанынан туындаған жанжалдан кейін компания құны түсіп кетті деп наразылық білдіріп жатыр.

Америкалық Facebook компаниясының акционерлері әлеуметтік желінің негізін қалаушы Марк Цукерберг "басқарма басшының орнынан кетсін" деген талап қойып отыр. Тиісті хабарлама акционерлердің жылдық кеңесінің қарсаңында АҚШ Бағалы қағаздар және биржа комиссиясының сайтында жарияланды.

Жылдық кеңес 30 мамырда болуы керек. Отставкаға шақырғандардың жазуынша, 2018 жылдың шілде айынан бері басшылық пен басқарманың шешімдерінен кейін Facebook құны 40% арзандап кеткен. Бұдан басқа кейбір акционерлердің құқығы дауыс беруде шектеліп отыр екен. 

Цукербергке акциялардың тек 13% , бірақ дауыс беру үлесінің 51% өзіне тиесілі. Сондықтан ол Facebook саясатын жалғыз өзі-ақ бақылай алады. 

2018 жылдың басында Facebook тарихында алғаш рет ең ірі бұзушылық тіркелді. Пайдаланушылардың жеке деректеріне қол сұғылды. Cambridge Analytica компаниясы желінің 87 миллион пайдаланушысының деректерін заңсыз жинап, оларды үшінші біреулерге берген. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бұл деректер АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың сайлау алды штабына берілуі мүмкін. Ол оны өзінің саяси жарнамасы үшін пайдалануы ықтимал.

2018 жылдың сәуір және мамыр айларында Марк Цукерберг АҚШ Конгресінде және Еуропарламентте қатесін мойындады және деректерге басқалардың қол сұққаны үшін кешірім сұрады.