14 мам, 2017 сағат 09:07

«Евровидение-2017» байқауының жеңімпазы - Сальвадор Собрал (Видео)

Киевте «Евровидение-2017» халықаралық байқауының ақтық сайысы өтті. Португалиялық Сальвадор Собрал дәстүрлі ән додасының жеңімпазы болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Финалда 9 және 11 мамыр күндері Киевте өткен екі жартылайфиналдық кезеңдерден сүрінбей өткен 20 әнші, сондай-ақ «Евровидение»-нің негізгі бес демеушісі - Ұлыбритания, Франция, Германия, Испания, Италияның және байқауды қабылдаушы ел - Украинаның өкілдері бақ таластырды.

Байқаудың шешуші кезеңін қазақстандықтар «Хабар» теларнасынан тікелей эфирден тамашалады.


Букмекерлер бірінші орынды финалға автоматты түрде өткен италиялық Франческо Габбани иеленетіндігін болжаған еді. Олардың пайымынша, екінші орынды Португалия әншісі Сальвадор Собрал, ал үшінші орынды 17 жастағы болгарлық Кристиан Костов алуы тиіс болатын.

Шешуші додада «Beautiful Mess» әнін орындаған Костов қазаққа жиен болып келеді. Ол Мәскеуде дүниеге келген. Оның әкесі Константин - болгар, анасы Зәуре - қазақ. Зәуре 1985 жылы Мәскеудегі институтқа оқуға түсіп, оны аяқтағаннан кейін Ресейде қалады. Әншінің ата-анасы оның өнерге деген құлшынысына қолдау білдіріп, төрт жасында «Непоседы» танымал студиясына жіберген. Анасының айтуынша, Кристиан қазақ тілін жақсы түсінеді. Себебі, Зәуре Мәскеуде бизнеспен айналысып жүргенде, оны нағашы атасы мен әжесі тәрбиелеген екен. Айта кетейік, бір сұхбатында Костов өзінің әншілік қабілеті нағашы атасынан дарығанын айтқан-тын. «Менің нағашы атамның жасы 85-те. Отбасылық басқосуларда әнді кейбір эстрада әншілерінен кем айтпайды. Оның дауысын тыңдап отырып, өзімнің музыкалық қабілетімнің қайдан келгенін түсінемін», - деген болатын ол.

Қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша бірінші орынды Португалия өкілі Сальвадор Собрал жеңіп алды - 758 дауыс.

Екінші орын Кристиан Костовқа бұйырды - 615 дауыс.

Үшінші орынға Молдовадан келген SunStroke Project тобы лайық деп табылды - 374 дауыс.

Байқау шарттарына «Евровидение-2018» жеңімпаз мемлекетте, яғни - Португалияда өтеді. 

Айта кетейік, португал жүрек ауруына байланысты конкурстың ашылуына 7 мамырда ғана келген және дайындықтарға қатыспаған. Бала кезінен жүрегі ауыратын 27 жастағы әнші, БАҚ-тың мәліметінше, жыл соңына дейін донор табуы тиіс.