03 шіл, 2019 сағат 17:00

Еуропа парламентіне жаңа президент сайланды

«Социалистер мен демократтардың прогресшіл альянсы» саяси тобының өкілі, италиялық Давид-Мария Сассоли Еуропа парламентінің жаңа президенті болып сайланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сәрсенбі күні Страсбургте өткен екінші раундта Д. Сассолиді қолдап 345 депутат дауыс берген. Оның өкілдік мерзімі - 2,5 жыл, содан кейін жаңа президент сайланады.

«Еуропаның консерваторлары мен реформашылдары» тобының өкілі, чех Ян Заградил 160 дауыс, «Жасылдар - Еуропаның еркін альянсы» фракциясының өкілі, германиялық Ска Келлер 119 дауыс, «Еуропаның бірлескен солшылдары / солтүстіктің солшыл-жасылдары» саяси тобы ұсынған испаниялық Сира Рего 43 дауыс жинаған.

Айта кетейік, 63 жастағы Д. Сассоли көп жылдар Италияда журналист болып жұмыс істеген. 2009 жылы оны Италияның Демократиялық партиясы ұсынып, алғаш рет Еуропа парламентіне депутат болып сайланды, кейіннен 2014, 2019 жылдары қайта сайланған болатын.