22 мау, 2017 сағат 10:37

Еуропа банкі «Байқоңырда» жаңа күн электр стансасын салады

Еуропа қайта құру және даму банкі Қызылорда облысындағы күн электр стансасының құрылысын қаржыландырады,  деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Мәселен, жақына арада біз тағы бір күн электр стансасының құрылысын бастамақпыз. Ол Қызылорда облысының қақ ортасында «Байқоңыр» ғарыш айлағына жақын жерде салынады. «Байқоңырдан» алғашқы жер серігі мен адамның ғарышқа ұшқанын бәріміз жақсы білеміз. Дәл сол жерде ірі күн электр стансасы салынғаны дұрыс», - деді Еуропа қайта құружәне даму банкінің президенті Сума Чакрабарти ҚР Президенті жанындағы  Шетелдік инвесторлар кеңесінің бүгінгі отырысында.

Банк басшысының айтуынша, Қазақстандағы баламалы энергетика мен энергияны тиімді пайдалану бастамаларды қолдауға банк 1,9 млрд доллар құйды. Орталық Азия бойынша аталған көрсеткіш 2,2 млрд долларды құрап отыр. Осылайша, Қазақстанда «жасыл» энергетикаға ақшаны тарту жағынан ерекше белсенділік танытып келеді.  

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру бойынша есеп берді.Оның айтуынша, аталған Орталық келесі жылдан бастап толыққанды жұмыс істей бастайды.   

Ал «GE Oil & Gas» басшысы Лоренцо Симонели Қазақстанда индустриалдық интернетті кеңінен дамытуды ұсынды.