25 жел, 2019 сағат 09:07

Euronews нұсқасы бойынша Венгриядағы жыл сөзі - «Қыпшақ»

Euronews телеарнасының нұсқасы бойынша «Қыпшақ» Венгрияда жыл сөзі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тәулік бойы хабар тарататын Euronews телеарнасы 2019 жылы Еуропадағы ең маңызды және танымал сөздерге қорытынды жасады.

Телеарна нұсқасы бойынша Венгрияда жыл сөзі деген атауға «Қыпшақ» сөзі лайық деп танылыпты. Арнаның айтуынша, елдің премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қыпшақтардың досы деп атағанда венгрлер қатты таңқалған. «Қыпшақтар Венгрияда өмір сүреді, венгрлерде қыпшақтың қаны бар», - деп атап өтті Венгрия премьер-министрі. Бұл оқиға Орбан Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесіне барған кезде болған.

Euronews мәліметі бойынша, ағылшын тіліндегі ең танымал сөз «fatigue» - шаршау. Тілшілер бұл сөз Brexit жағдайына байланысты тұрақсыздықтан шаршаған Ұлыбританиядағы көңіл күйді сипаттайтынын айтты.

Euronews Париж Құдай-ана соборындағы өрттен кейін Францияның жыл сөзі «restauration» - қалпына келу, реставрация болады деп шешкен. Бұдан бөлек, тілші еуропалық институттарға ел азаматтарымен байланыс орнататын кез келді деп есептейді.

Сонымен қатар, телеарна итальян, грек, испан, неміс және басқа еуропа тілдеріндегі ең танымал сөздерді атады.