26 қаң, 2017 сағат 17:35

Еуразиялық экономикалық одақтың олқылықтары немесе «көрші ақысы»

Ресми билік Қазақстанда экономикалық ахуал жақсы деп дәлелдеуге тырысқанымен, оның шындықтан алшақ екенін xалық сезіп жүр. Биліктің кемшілігін көзге шұқып, опа таппайсың, бірақ біздің билікке «арық айтып, семіз шық» дегенді түсіндірер кім бар?... 2015 жылдың тамыз айында үкіметте 2016 жылғы Қазақстандағы ЖІӨ өсімі 2,1% болады деп болжанған, ал енді 0,5% өсімнің өзі тамаша жетістік деп тоқмейілсіп отыр.

Мамандар, Қазақстанда экономикалық өсімнің мұншама төмен қарқыны ресми статистика бойынша 20 жыл бұрын, сонау 1996 жылы орын алған деседі. Егер Қазақстан экономикасының соңғы екі жылдағы қарқынына қарасақ, ол 90-шы жылдардың соңына қайта оралғандай. Осы ретте тәуелсіз сарапшының пікіріне құлақ түруді жөн санадық. Назарларыңызға Экономикалық саясат институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбековтің сұхбатын ұсынамыз.

- «Бар проблема экономистердің болжам жасай алмайтындығында емес, саясаткерлердің оптимистік болжамды талап ететіндігінде» деген афоризм есіме түсіп отыр. Жалпы, 2016 жыл қазақ экономикасы үшін аса жайлы болған жоқ. Оны халық сезінді. Бұл жайсыздық тек сыртқы факторларға ғана байланысты ма?

- Жалпы, 2016 жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне зейін салсақ, басқа елдермен салыстырғанда шүкір, деу керек. Дегенмен, әрине әттеген-айлар да жоқ емес. Бұл ретте сыртқы және ішкі факторларды ескеру керек. Сыртқы факторлардың бірі - мұнай бағасының  төмен болуы.

Екіншіден, батыстың Ресейге салған санкцияларының бізге де жанама әсері болғанын жасыра алмаймыз.

Үшіншісі, Қазақстан экспортындағы кейбір тауарлардың әлемдік бағаларының төмен болуы. Осы үш фактор барынша ықпал етті. Енді ішкі факторларға келсек кейбір бағыттарда үкімет пен ұлттық банктің бірігіп жүргізген экономикалық саясатының әлсіздігі байқалды. Америка Құрама штаттарының экономикалық талдау бюросының стандарттары бар.

Соған сәйкес, егер кез келген мемлекетте, кез келген қоғамда ішкі жалпы өнім немесе өнеркәсіп алты ай бойы, 5 ай 20 күн немесе 5 ай 29  күн емес, тура 6 ай яғни 180 күнде ешқандай даму белгілері байқалмаса, бұл рецессия белгісі болып табылады.

Басқаша айтқанда рецессия дағдарыс, құлдырау дегенге саяды. Осы тұрғыдан қарасақ 2016  жылы бізде өнеркәсіп 9 ай бойы құлдыраумен шықты. Дегенмен, кейбір салалар бойынша даму байқалды. Мысалы, ауылшаруашылығы саласында жоғары көрсеткіш байқалды, құрылыстың қарқыны жаман емес. Сол сияқты кейбір секторларда өсім байқалды. Ал жалпы, экономика 0,2-0,5 пайыз өсімді көрсетті деген ресми органдардың ресми мәліметіне арқа сүйейміз.

- Сіз айтқан экономиканы тежеуші сыртқы үш фактордың бірі, Ресейге салған санкциялардың салқыны. Бұл біздің Ресейдің нарығына, экономикасына, тіпті саясатына да тәуелді екенімізді растай түсетін секілді...

- Бұған бірнеше тезистерді айтып өткен жөн. Бірінші тезис, дүниежүзінде әлемдік мұхитқа шыға алмайтын 48 мемлекет бар. Солардың бірі – біз. Қай мемлекеттің мұхитқа шығатын тура жолы болмаса сол мемлеекеттің экономикалық даму деңгейі төмен болатыны анықталып отыр. Бұл ХІХ, ХХ, ХХІ ғасырлардың үдерістері. Осы тұрғыдан алғанда бізге мұхитқа шығудың қолайлы жолы - Ресей.

Қытай тарапы енді қолға алынып, инфрақұрлымдық жобалар салынып жатыр. Оңтүстік бағытта саяси және әскери ахуал тұрақты емес. Сондықтан, тек Ресей бағыты ғана қалады. Біз көршімізді жақсы танимыз, менталитеті жақын, кезінде кеңес үкіметінде бір одақта  болдық. Бұлармен келіссөз жүргізу, ортақ мәмілеге келу әлдеқайда ыңғайлы.

Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Еуразиялық одақ құрылып, оған Ресеймен бірге кірдік. Ресей экономикасы алпауыт. Сондықтан, оларға салынған санкциялар бізге әрине әсер етпей қоймайды.

Екіншіден, сыртық сауда құрылымына назар аударсақ, Ресейге байланысты сыртқы сауда көлемі өте жоғары. Сондай-ақ, сауда балансы дефицит көрсетіп отыр. Біз олардан көп тауар сатып аламыз, олар бізден аз алады. Тауар дегенде де сол баяғы шикізат күйінде шығарамыз. Осы ретте ұлы бабамыз, тұтас буынның төлбасы Ахмет Байтұрсыновтың бір ғасыр бұрын айтып кеткен сөзі еске түсіп отыр. 1913 жылдың 15 тамызында  шыққан «Қазақ» газетінің санында Ахмет Байтұрсынов былай деген: «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, қазақ сыртқа шикізат шығарады. Ал, сырттан сол шикізаттан дайындалған дайын өнімді 5-6 есе қымбат бағамен сатып алып жатыр. Бұл надандықтан келген кемшілік» деп айтып кеткен. Демек, жүз жыл өтсе де әлі ештеңе өзгерген жоқ.

- Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанымызға 2 жылдан астам уақыт өтті. Нәтижесі қандай?

- 2014-2015 жылдары тәуелсіз Экономикалық саясат институты Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты бірқатар зерттеулер жүргізген болатын. Бір анықталғаны, ресейлік тауарлар Қазақстанға еш кедергісіз келіп жатса, Қазақстанның өнімін Ресей нарығына енгізуде бірқатар кедергілер сақталып отыр. Мысалы, алкоголь өнімдерін алсақ. Ресейлік алкогольдік өнімдер Қазақстанда ешқандай кедергісіз тасымалданып, сатылып жатыр. Ал, қазақстандық өнімдер Ресей заңнамасы бойынша міндетті түрде бюджетке қамтамасыз ету төлемін алдын ала жасау керек. Демек, қазақстандық тауар өндіруші нарыққа кірмей жатып тиісті органдардың есепшотына алдын-ала төлем жасауға міндетті. Бұл бір ғана мысал.

Экономикалық саясат институтының зреттеулеріне қарағанда 2014-2015 жылдары Ресейде өндірілген кейбір ауылшаруашылығы мен азық-түлік тауар түрлерінің бағасы Қазақстанда Ресейден қарағанда арзан болып шыққан.

Бұл нені білдіреді? Экономикада «демпинг» деген ұғым бар, яғни экпортқа арзан бағамен сату. Бұл тауар өндірушілерді шығынға ұшыратады, ал егер тауар өндірушілері шаш-етектен шығынға батып, өнімдерін арзанға сатып жатса бұл арнайы экономикалық операция деген сөз.

Былайша айтқанда мұның астарында қазақстандық тауар өндіушілерді әлсірету, бәсеке қаблетін құрту саясаты тұр. Екінші салдары, жасырын субсидия. Тауарларын арзанға сатып шығынға батқан тауар өндірушілерге жергілікті бюджеттен ақша беріп, жасырын субсидия саясатын жүргізіп отыр дегенді білдіреді. Үшінші, қазақстандық бәсекелестерді нарықтан ығыстыру, зауыттарды жауып, сатып алу деген секілді арнайы операцияның жоспарланбағанына кім кепіл? Өкінішке орай, бұлар еліміздің тиісті және құзырлы органдар тарапынан назарға алынбады, айтылмады, тиімді шешімдер қабылданбады.

- Еліміз ДСҰ мүше болды. Оның тиімділігін қашан көре бастаймыз? 

- Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік. Бұл әлемдік үдеріс, керек нәрсе. Дегенмен, келіссөздер барысында ДСҰ ену шарттарында  біздің тарап бірқатар олқылықтар жіберген. Өкінішке орай, бұл туралы айтылмады. Бір мысал айтайын. Сауда ұйымына кіретін кез келген мемлекет әр түрлі секторлар бойынша келіссөздер жүргізеді. Оның бірі ауылшаруашылығы секторын қаржылай қолдау деңгейі. Мәселен, Қазақстан тарапынан ДСҰ кіруге жауапты болған бұрынғы интеграция жөніндегі министр Жанар Айтжанованың сөзінше, Қазақстан ауылшауарышылығын қолдаудың 8,5% деңгейін көрсеткен. Бұл өте жоғары көрсеткіш, іздің алдымызды тек Қытай ғана орап кетіпті – мыс. Біз зерттей келе бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын анықтадық. Ауылшаруашылығы секторын қолдау деңгейінде 10% жеткен мемлекеттер бар және олар Оман, Панама секілді мемлекеттер екен. Екінші фактор, біз бәрібір Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде қалып отырмыз. Сондықтан, біз қандай да бір ұйымдарға кірдік пе, кірмедік пе, оның аса бір айырмашылығы бола қоймас деп ойлаймын.

- Қазақстанның дамуын тек мұнай бағасына матап қою дұрыс шешім бе? Қазақстандықтардың қара алтын бағасына қатысты қобалжуы қаншалықты рас?

- Әлемде мұнайдың бағасын реттеп бірнеше факторлар бар. Біріншісі, ол Америка Құрама штаттары. Екіншісі, ОПЕК-ке мүше елдер, үшіншісі бұл ОПЕК ұйымға кірмейтін мемлекеттер. Мұнай бағасы қашан төмендеп кетті? 2014 жылдың тамыз айынан бастап төмендей бастады. Ал, ол уақытта Ресей Укринадан Қырымды тартып алып, геосаяси жағдай ушығып кеткен болатын. Міне, осы кезде Батыс Ресейге санкция салды, мұнайды арзандату да Ресейге қарсы салынған санкцияның бір түрі еді. Яғни, Ресейдің экспорттық табыстарын азайтуға бағытталған, себебі РФ экспортының 70% мұнай-газ өнімдері құрайды. Қазір Ресейдің сытқы көрсеткіштері төмендеп кетті. Бұның салдары бізге де тиіп жатыр. 

- 25 жылды артқа тастаық, осы уақыттағы экономика саласындағы ең ірі жетістік және енді қайталауға болмайтын қателігімізді айта аласыз ба?

- Әрине, ел дамуында Елбасының үлкен ролін мойындау керек. Тәуелсіздік алған жылдары экономикамыз әлсіз болды. Дүниежүзінде БҰҰ тркелген шамамен 250 мемлекет пен аралдар бар десек, осы елдер экономикалық даму жөнінен үш топқа бөлінеді. Дамыған елдер, дамушы елдер және кедей елдер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кедей елдердің қатарында болдық, қазір дамушы елдер тобына кірдік. Дегенмен, кемшіліктіре де жоқ емес. Бізде қоғамның тұрақты дамуы үшін ең басты критерий - ортаңғы жікті қалыптастыру. Байлар мен кедейлер арасы алшақтап кетті. Джини коэффициенті көрсеткіші неғұрлым алшақ болса, қоғам қақтығыстарға бейім болады, қоғам тұрақты болмайды.

- Экономиканы сыртқы факторлардың әсерінсіз қалай көтеруге болады? Қолымыздан не келеді? 

- Ол үшін экономикалық саясаттың сапасын дереу көтеру керек. Бізде соңғы үш-төрт жылда ол төмендеп етті. Мұнай бағасы жоғары болғанда бізде экономикалық саясаттың сапасы байқалмайтын еді, ал мұнай бағасы төмендегенде ол айқын көрініп қалды. Үлкен жұмыстар атқарылуы керек. Экономикалық саясат дегеніміз ақша, несие саясаты, салық саясаты, бюджеттік саясат, сыртқы экономикалық саясат, кедендік саясат, индустриалды саясат және тағы да басқа компоненттерден тұрады. Қазір бұлардың сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан, экономикалық өсім жоқ.

- Экономикалық дамуды тежеп, аяғымызға тұсау болып отырған тағы бір мәселе жемқорлықты жоққа шығаруға болмас...

- Әрине, оны жоққа шығара алмаймыз. Бізде заң бойынша бизнестің үш түрі көрсетілген. Ірі,  орта және шағын. Көзделмеген коррупцияға бизнестің төртінші түрі келіп қосылды. Ол: мемлекеттік бюджет қаражатына және квазимемлекеттік сектор бюджетіне негізделген бизнес түрі деп аталады. Және жемқорлықтың бұл түрі кең әрі тез етек жайып келеді. Бұл тоқтамаса ешқандай өсім де, түбегейлі даму да болмайды.

Ұлт порталы