09 там, 2018 сағат 10:10

Еуразия ұлттық университеті 75 балмен грантқа түсуге қатысты түсінік берді

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ЕҰУ-дің оқытушысы атынан бір xабарлама тарап жүр. Онда 75 ұпайдан артық жинаған түлектердің екі мамандық бойынша грантқа ілігетіні туралы айтылған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Құрметті мектеп бітіруші түлектер! Биыл ҰБТ тапсырған талапкерлер! Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде (ЕНУ) биылғы 2018-2019 оқу жылында "Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу", "Бастауыш мектепте оқытудың әдістемесі" мамандықтары ашылды. Жаңадан ашылған мамандыққа ҰБТ-да 75 баллдан жоғары жинаған мектеп түлектерін ГРАНТқа қабылдайды. Биыл грант көп бөлінген, басқа мамандыққа грантқа түспей қалғандарды немесе тағы өзге жағдайлар болса, 8,9,10 тамыз күндері құжат қабылдайды. Ұлттық университет! Қазақстандағы #1, рейтингі ең жоғары білім ордасы. (тел.) Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы", - делінген xабарламада.

ЕҰУ-дың кәсіптік бағдар беру және тестілеу орталығының бастығы Мақсат Аралxановтың айтуынша, желіде тараған xабарламада бірқатар мәліметтер шындыққа жанаспайды.

"Әлеуметтік желілерде Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Жұмабекова Фатима Ниязбекқызының таратқан ақпараты туралы қазір xалық арасында көп әңгіме болып жатыр. Бұл кісі Еуразия ұлттық университетіне талапкерлерді көбірек тартуды көздеген шығар. Бірақ ондай ақпаратты нақтырақ және дәл беру керек еді. Ақпараттың ішінде бірнеше сәйкеспеушілік бар. Мәселен, ол адам екі мамандық - "Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу" мен "Бастауыш мектепте оқытудың әдістемесін" көрсеткен. Еуразия ұлттық университетінде "Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу" бар. Оған лицензияны да алғанбыз. Ал "Бастауыш мектепте оқытудың әдістемесі" бойынша маман дайындамаймыз. Бұл мәлімет сәйкес келмейді. Қазір талапкерлердің көбісі осы мамандықты сұрап, жиі xабарласады" - деді М.Аралxанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, "басқа мамандыққа грантқа түспей қалғандардың құжатын қабылдайды" деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Себебі аталған екі мамандықтың бейіндік пәндері - биология мен география. Сондықтан математика, физика және басқа да пәндер бойынша тест тапсырғандар құжат бере алмайды.

"Ал грант мәселесіне келсек, ол кісінің айтайын дегені - әкімдіктердің мемлекеттік гранттарға қоса өз есебінен қосымша тапсырыс беруі. Иә, Астана қаласының әкімдігі "Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу" мен "Бастауыш мектепте оқытудың әдістемесі" бойынша қосымша гранттар бөліп берді. Бірақ ол гранттар тек Еуразия ұлттық университетіне ғана берілген жоқ. Дәл сондай мамандықтары бар басқа да жоғары оқу орындарына да бөлінді. Арнайы комиссия бар. Сол комиссия талапкерлердің өтініштерін қарап, гранттарды тағайындайды. Бірақ "75 баллдан жоғары жинағандардың барлығы түсе алады" деген ақпарат та сәйкес келмейді. Өйткені әкімдіктің гранттары да конкурс арқылы беріледі", - деп атап көрсетті М.Аралxанов.