05 қар, 2019 сағат 08:47

Эссекстегі оқиға: Вьетнам полициясы 8 адамды қамауға алды

Эссексте жүк көлігінен 39 адамның мәйіті табылғаннан кейін Вьетнам полициясы 8 адамды қамауға алды, деп хабарлайды ВВС.

Вьетнам шенеуніктері Ұлыбританияға 31 ер және 8 әйел адамды анықтауға ресми түрде көмек көрсетуге барды. Ал қамауға алынған адамдар адам контрабандасына байланысты қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Өткен аптада Вьетнамның Ха-Тинь провинциясында тағы екі адам қамауға алынды.

Айта кету керек, 23 қазан күні Эссексте жүк көлігінен 39 адамның мәйіті табылды. Жұма күні Эссекс полициясы олардың вьетнамдықтар екенін хабарлады. Алдымен қытайлықтар деген болжам жасалған болатын.

Эссекс полициясы Вьетнаммен және Ұлыбританиямен, сонымен қатар Вьетнам үкіметімен тікелей байланыс орнатқанын айтты. Ал мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы оқиғаны «үлкен гуманитарлық проблема» деп атады.