22 қар, 2019 сағат 12:14

«Ескі» кен орындардан мұнай алу көлемін арттыру керек – Есімов

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма басшысы Ахметжан Есімов Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнына барып, суды тұщыландыратын жаңа зауыттың іргетасын қалап, Қаражанбас кен орындарын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы «Самұрық-Қазынаның» баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Айта кетейік, жаңа зауыт тәулігіне 17 000 м3  су қабатын өңдеуге, пайдалануға және тұщыландыруға қауқарлы. Сонымен қатар, Ақтауға барар жолда Ахметжан Есімов Қаражанбас кен орны жанындағы вахталық кентте болып, жұмысшылардың өмір сүрі жағдайымен танысты.

«Зауыт құрылысы кен орны үшін үлкен маңызға ие. Өйткені аймақ күн сайын Астраханнан Атырау облысы арқылы Маңғыстауға дейін созылатын 17 мың текше метр су тасымалынан су сатып алып келеді. Зауыт құрылысы келесі жылдың соңында аяқталады, содан кейін осы кен орындарға дәл мұндай су мөлшерін тұтыну қажеттілігі жойылады және бұл көлем осы екі облыста басқа мақсаттарға жұмсалады. Сондай-ақ, зауыт мұнай өндіруді 750 мың тоннаға арттыруға және электр энергиясына шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, яғни экономикалық тиімді жоба болады», - деді ашылау салтанатында Ахметжан Есімов.

Осы сапар аясында, дәлірек айтсақ, Ақтау қаласында Ахметжан Есімов «ҚазМұнайГаз» ҰК» басшысы Алик Айдарбаевпен бірге АҚ-ның ғылыми нысандарын аралап, компанияның ағымдағы міндеттері бойынша кеңес өткізді.

Кеңес барысында Ахметжан Есімов ескі кен орындарынан мұнай алу коэффицентін арттыру керектігін айтып, мәселе көтерді. 1960 жылдан бері пайдаланып келе жатқан Маңғыстау облысындағы Өзен кен орнын мысалға алған Ахметжан Есімов, қазір кен орны  сарқылып келе жатқаны байқалады деді. Бұған дейін кен орнында жылына 15 млн. тонна мұнай өндірілсе, ал қазіргі уақытта 6 млн. тоннадан кем.

«Біз Ресей Федерациясының тәжірибесін зерттеп, зерделеуді жалғастырып жатырмыз, онда олар біздің «Өзенге» ұқсас кен орындары үшін ерекше шарттар мен заңдарды қабылдады», - деп атап өтті Ахметжан Есімов. Жалпы, кеңес соңында Ахметжан Есімов «ҚазМұнайгаз» басшылығына осы мәселені зерттеуді және   сарқылатын кен орындарының қорлары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.