25 там, 2016 сағат 08:07

"Ескі гвардия" есіркеді ме, "жаңа гвардия" жарылқай ма?

Бап. Бақ. Тақ.

Елге танымал атқа мiнер­лер­ге қатысты соңғы кадр өзгерiстерiнен бiрiздiлiк пен логика iздеп, президент ше­шiмдерiне нақты себеп не сылтау iздеп жатқандарға таңға­ламын. Өйткенi ешқандай қи­сын жоқ: баяғы кадрлық жартас – сол бiр жартас, бәрi де сол ескi сарын, субъективтiк таңдау, қоғам мен билiкте жылдар бойына өз шешiмiн таппай, қордаланып қалған проблемаларды тағы да кейiнге қалдыру. Президентке кiм бүгiн сөзiн өткiзе алды – соның асығы алшысынан түседi, дегенi болады. 

Десек те, осы кадрлық қай­та құруда бұрын-соңды болып көрмеген бiр жаңалық бар. Ол “президент жүйенi өзгертуден гөрi сол жүйенiң кейiпкерлерiн өзгертуге көштi” дегенге саяды. Бұл да бiр қызық трансформация болғалы тұр! 

Ендi сол кейiпкерлерге көшелiк. 

Алдымен мемлекет басшысының жанында сонау КСРО кезiнен айырылмай келе жатқан сыралғы достары, “ескi гвардия” туралы айту керек. Уақыт өз дегенiне көндiредi. Осы күнге дейiн қоғамдық санада мызғымастай, орнынан ешқашан жылжымайтындай боп көрiнген тұтас бiр толқын ақы­рындап жылы орындарын босата бастады. Әрине, олар әзiр­ше өз күшiнде, Н.Назарбаевқа, айналаға ықпалы бар. Бiрақ, замандары өтiп барады. Пре­зиденттiң өзi “зейнет­керлiк” факторды мойындап, өзiнiң ежелден берi келе жатқан се­рiктестерiне қатысты шешiм­дер қабылдап, бiрiн қызметтен алып, ал бiрiне сонау 2020 жыл­ға дейiн моральдық әрi психологиялық индульгенция, яғни рұқсат пен мұрсат берiп жатыр. Бiрақ өмiрдiң, саяси қызметтiң объективтi сипаттағы өз заңдары бар, олар пен­делердiң қалауына, оның iшiн­де прези­денттiң жарлығына бағына бер­мейдi ғой. Ресми рұқсат алған ол зейнеткер­лер­дiң тағдыры ертең-ақ басқаша құбылып кетпесiне ешбiр кепiлдiк жоқ. 

“Ескi гвардияға” эпитафия оқып, саяси “жаназасын” шығару, әрине, тым ерте. Және де ол толқынға лайықты баға беру керек деп ойлаймын. 

Бiр сөзбен айтсам, осы жылдар iшiнде билiктiң тұрқы қандай болды – “ескi гвардия” да сондай болды. Керiсiнше де айтуға келедi. 

Мойындау керек, елдiң экономикасында, әлеуметтiк өмi­рiн­де атқарылған бiршама оң өзгерiстерге олардың да тiке­лей қатысы бар. 

Бiрақ бүгiнде бiз “ескi гвардияны” мақтаудан гөрi, оның осы 25жыл iшiндегi тiрлiгiнiң көлеңкелi тұстарын атауға тиiс­пiз. Ол ең алдымен болашақ үшiн керек. 

Осы уақыт iшiнде билiк ат­қарған бар тiрлiк үшiн – жақсысы да бар, жаманы да бар – олар да өз басымен жауап бередi. Өйткенi сол “гвардия” ең басты саяси шешiмдердiң басы-қасында жүрдi. Сол ке­зеңнiң қызығын да, шыжығын да көрдi. Тәттiсiн де, ащысын да татты. 

“Ескi гвардия” түбi өткен заманда, олар, Н.Назарбаев секiлдi Кеңес Одағының “шек­пе­нiнен” шықты. Сондықтан да 70 жыл бойына тұтас бiр империяда үстемдiк еткен бiрпар­тиялық идеологияның “солшыл балалық сырқаттарын” өз бойы­на сiңiрiп қалды, ол вирустан арыла алмай-ақ қойды. Сол ескiрген сарын тәуелсiз Қазақстанның iшкi және сырт­қы саясатында әлi де бой көрсетiп келедi. 

Бұрын таза партиялық және бюрократиялық қызметте ғана болып, ешқашан нақты бизнеспен айналыспаған “ескi гвардияның” тарихи бiр сәтте Құдайы берiп, тұтас бiр мем­лекеттiң аса бай қорын ешбiр бәсекесiз иеленiп қалды. Бұ­рынғы жалпыхалықтық зауыттар мен фабрикаларды, Менделеев таблицасының барлық дерлiк элементтерiн қамтитын жер қойнауы байлығын сол топ өз меншiгiне айналдырды. Сөйтiп, “ескi гвардия” Қазақстан экономикасын олигархтандырудың негiзiн қалады, несiн жасырайық, өздерi де (не ба­ла-шағасы, не достары) сол оли­гархтардың тiзiмiне ресми түрде ендi. Бұрын онысын айтуға қымсынатын едi, қазiр ондай әдептiлiк атымен жоқ: “Форбстың” төрiне шығамын деп бiр-бiрiмен таласып, елдi шаршатты әбден. 

Кеңестiк сана сарқыншағының ерекше атар бiр көрiнiсi – “ауру қалса да, әдет қалмайды” дегендей, “үлкен ағаны iздеу” синдромы. Ол бүгiнде басқару элитасындағы кейбiр тұлғалардың Кремльге ретсiз жалтақтай беруiнен анық байқалады. 

Кешегi коммунистердiң жаңа Қазақстандағы демократия мен адам бостандықтары сияқты түпкiлiктi құндылықтар­ға жан-тәнiмен қарсы болып, балама ой айтқан кез келген адамның түбiне жететiнi туралы әңгiме айтудың өзi де артық­тау: оны жұрттың бәрi бiледi. 
Ендi мiне, хэммингуейшелесек, осы толқынға да “қоңы­рау соғылды”. 

Биологиялық әрi саяси себептермен “ескi гвардия” тарихи сахнадан кетерi анық. Оның орнын кiмдер басады? Осы сұрақ менi жиi мазалайды. 

Әрине, “ескi гвардияның” өкшесiн басып, билiкке келiп жатқан “жаңа гвардияның” өзi екi түрлi. 

Бiрi – алпысты алқымдап қалғандар. Олар бiр жағынан “ескi гвардияға” жақын, өйт­кенi оған тәуелдi. Екiншi­ден, олар соны толқын – “болашақшылармен” де тiл табысқысы келедi, өйткенi шынымен де болашақ солардың қолында. 

Ол толқын баяғыдан-ақ әрi бүгiн де билiк басында. Ол шоғырдың тағдыры да әрқилы.

Бiрi – өмiр бойы бастық болып, жайғасқан орынтағын әке­сiнен қалған мұрадай сезi­нiп жүр. Олар “ақпан соқса өлмейдi, тоқпан соқса өл­мейдi!”. Тiптi бiзде аты-жөнi “пәленше iстердiң ми­нистрi”, “түгенше облыстың не ауданның әкiмi” деген анықтауышсыз қабылдана алмайтын тұлғалар бар. Құдды бiр сол әкiмдiгi мен министр­лiгiн азан шақырып қойған атымен бiрге тууы туралы куәлiкке жазып қойғандай! 

Ал бiрi қалыптасқан жүйеге сiңiсе алмай, не сыртта жүруге мәжбүр. Не ел iшiнде жүрсе де, билiктен тыс қал­ған. Бiрақ менiң пайымдауымша, баррикаданың екi бөлек жағында жүрсе де, олардың ортақ мүдделерi мен өмiрта­нымдық ұстанымдары бар... 

“Болашақшылардың” да орны бөлек. Олардың басты бағдары, басым бағыттары, саяси таңдауы және оларға қоғам қояр талап қандай болмақ? 

Ол ұрпақты шартты түрде транзиттiк, яғни болашақта шын мәнiнде, демократиялық, халықшыл болатын өкiметке көшудегi өтпелi үкiмет ретiн­де қарастыруға бола ма? Әлде олар “ағашкалардың” қолына су құйғанын мiсе тұтып қалатын, “барып кел, шауып кел”, шабармандық рөлде қала бере ме? 

Сана тәрбие мен тiлмен келедi. Өкiнiшке қарай, “жа­ңа гвардияның” көбiсi не орысша, не ағылшынша бiлiм алып, қазақы сана мен тiлден аулақтанып кеткен. Орыс тiлдiк фактор олардың дүние­танымында “ресейлiк” вектордың басым болуына өз әсерiн тигiзуде. Сондықтан да олар кеңестiк идеология салтынан мұра боп қалған Кремльге әлi де жалтақтайтын сияқты. Әйтпесе, жалпыадамзаттық өркениеттiк таңдау жолында бiржақты ре­сейлiк бағыттың өзiндiк зияны бар екенiн президентке барып неге үгiттемейдi? 

Менiңше, Ақорда маңындағы ардагерлердi ғана емес, осы жылдары қоғамда үстем­дiк етiп келе жатқан саяси жүйенiң өзiн зейнеткерлiкке шығарып салмай, жағдай өзгермейдi! 

Батыста оқығандары да дұрыс. Бiрақ өкiнiштiсi сол ше­телдiк формацияның заңдары мен тәртiбi бiздiң елде орнамағандықтан, олардың теориялық бiлiмi мен практикалық танымының арасында үлкен қарама-қайшылық орын алып жатқаны да жасырын емес. 

Олардың алдында бiр моральдық-психологиялық дилемма бар. Оның мәнiсi мынада: дамыған батыс елдерiнде бизнес жасау мен мемлекетке қызмет ету бiр бөлек те, жемқорлық өмiр салтына айналған, “сәке-мәкесiз”, тон болмаса да, жол болатын орамалсыз шаруа шешiлмей­тiн бiздiң елде ондай тiрлiк жасау – мүлдем бөлек, тiптi бiр-бiрi­мен қабыспайтын ұғым­­дар. Олар соның қайсысын таңдайды? Мiне, гәп сонда! 

Шетел бiлiмi, сөзсiз, керек. Мемлекетаралық, ұлтаралық тiларалық, экономикааралық интеграцияны қайткенде де жоққа шығара алмаймыз. Бiрақ осынау ғаламдану заманында кез келген ұлт үшiн бiр әмбебап қауiп бар: жаһандану өз жұртыңа тән жақсы қасиет­тердi жойып қоймауы тиiс. 

Ұлттық тұрғыдан алғанда принципшiл, әрi осы позициясын табанды да тиiмдi қорғай алатын, басқа ұлтты ренжiтпейтiн, бiрақ оған жалтақтамайтын кадрлар керек! Гарвард пен Мәскеу осындай кадрларды бiзге бере алды ма?! Оған үлкен күмәнiм бар. Оның бiр себебi мынада. 
Менiңше, қазiр бiздiң елде орын алған непотизм (яғни кадр саясатындағы туысқаншылдық) ұлттық мүддеге өз кесiрiн тигi­зетiн бiр феномендi туғызды. Бәрi шетiнен “атадан асып туған” олар өз кланы не тобының арқасында өстi, оған өмiрлiк қарыздар. Ендi әкiм не министр бол­ған кадр “тура биде туған жоқ” қа­ғидасын ұстанып, ұлттық, мемле­кеттiк мүдденi өз жақындарының мүддесiнен жоғары қоя ала ма? Мәселен, бiр кадрлық не тен­дерлiк шешiм қабылдағанда өз отбасы мен руының сойылын соғып кетпей ме? Мұның өзi ертең басқару топтары мен күллi қоғам арасында жiк туғызбай ма? 
Не iстемек керек? 

Менiңше, елдегi кадр саясатын мейлiнше демократияландыру қажет. Яғни аспандағы айға қол созғандай болмай, шыққан тегi мен түбiне, әлеуметтiк жағдайына қарамай, кез келген қазақ ертең өзiнiң бiлiмi мен қабiлетiне байланысты ғана өсе алатынына, өзiнiң қалаған кәсiбi­мен, соның iшiнде мемлекеттiк қызметпен, ғылыммен, өнермен, кәсiпкерлiкпен айналысып, табысқа жете алатынына сенiмдi болуы шарт. 

Әйтпесе, өз туыстарын өсiрiп жатқан президенттен үлгi алып, өз жұрағатын ғана қызметпен қамтамасыз етiп, төмендегiлер де бұзылып, iштей шiрiгенiн ел көрiп жатыр ғой! Жоғарыда кө­кесi жоқ қаншама адал әрi бiлiктi жасқа обал жасалып жатыр десеңiзшi! 

Ол үшiн жасалуға тиiстi алғашқы қадам – барлық деңгейдегi әкiмдердi халық болып сайлау. Кiмнiң кiм екенiн сол таңдау көрсетедi. Президенттiң, басқа бастықтардың да балалары елмен бiрге сол сайлауға түссiн! Әркiм ел алдына шығып, ойындағысын айтсын, ел көңiлiн ауласын. Сол сең қозғалса, елде қалыптасып қалған құбыжық жүйенiң көбесi сөгiлiп, жаңаша идеялар мен тұлғалар шығады, қалыптасады. 

Сонда бақтан гөрi бап шабады. Таққа адал әрi халықшыл тұлғалар келедi. Сонда кадр да өзгередi. Қоғам да өзгередi. 

Әмiржан ҚОСАНОВ,

"Жас Алаш" газеті