24 қаз, 2018 сағат 12:39

Ескендір Сүйлеменовтің анасы: Ешқандай шығынның өтелгенін қаламаймыз, әділ үкім керек!

Астанада жол апатынан мерт болған Олжас Сүлейменовтің немересі - Ескендір Сүлейменовтің анасы ұлына қатысты соттан тек әділ үкім күтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өзіміз жайлы пікірлерді оқып отырсақ, кейбір адамдар «қазір бұлар мінекей, ұлдарының құнын айтып жатыр» деген сөздер кездесіп қалады. Олай емес! Ешқандай шығынның өтелгенін қаламаймыз. Судья бізге «материалдық шығынды айтыңыздар» дегеннен кейін ғана осылай дедік. Егер олай болса, бізге ешқандай материалдық шығынды өтеудің қажеті жоқ. Бізге тек әділетті үкім керек. Ол (айыпталушы Мұхитова - авт.) жол жүру ережесін бұзғаны үшін лайықты жазасын алсын дейміз. Болды!», - деді бүгінгі сот отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында марқұм Ескендір Сүлейменовтің анасы Лейла Сүлейменова.

Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды.

Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ, қалалық полиция департаменті Ескендір Сүлейменовтің мотоциклы соғылған жүргізуші Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы екенін растаған.

Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.

Ал бүгінгі сот отырысында Ескендір Сүлейменовтің туыстары 14 млн теңге көлемінде өтемақы талап етті