#
#
Бейсенбі 18/10/2018

Ескелдідегі той

  • 20.09.2017
  • 0
  • 750


Жаңажол ауылындағы Ескелді шатқалында біртуар дара тұлға, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шежіреші, тарихшы, қазақ ауыз әдебиетін жинақтаушы, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпақтары дүйім елді жинап, марқұм рухына құран бағыштап, ас берді. Жақында ғана Екібастұз қаласындағы ғұлама есімімен аталатын орталық көшеге Мәшһүр Жүсіптің еңселі ескерткіші орнатылғанын сүйіншілеген болатынбыз. Ізгіліктің қара ниет зұлымдықты қашанда жеңіп шығатынын дәлелдеп, мейірім шапағатының салтанат құрғанына куә болған қазақ жұрты қуанышпен қауышты.

Кесене маңында жиналған жұрт марқұм рухына тәу етті. Мәшһүр Жүсіп мешітінің имамы Әлімжан Күлдин марқұм рухына бағыштап, құран оқыды. Ғұламаның шөбересі Зарауха әже ақ батасын берді. Айтыс аламанында атой салып, күллі қазақты мойындатқан ақын Мұмкен Сейітов жалпақ жұртқа жыр арнады:

«...Жырың қалған теңейтін сан асылға,

Атың қалған өшпейтін сан ғасырға.

Бәйтерегім, терең жайған жыр-тамыр,

Бір балаң кеп жыр арнап тұр басыңда.

Артта қалды тоқыраудың азабы,

Осы емес пе еркіндіктің ғажабы?!

Мұсылманға нұр-шапағат шашып тұр,

Ескелдіде Мәшһүр ата мазары.

Өткен күннің қайтардық біз есесін,

Ұрпағыңның қателігін кешерсің.

Еркіндіктің арқасында, жан баба,

Алып бердік Лениннің көшесін.

Мәшһүр бабам мәңгі өлмейді ғұмырлы,

Сөз қадірін ұрпақтары ұғынды.

Екібастұз шаһарына тұрғыздық,

Көрдіңіздер ескерткішін тұғырлы...», - деген ақын жырына қол соғып қошемет көрсеткен қауым рухтанып қалды.

«Мәшһүр Жүсіп қорының» төрағасы Бақтыбай Амантаев орталық көшеге ғұлама есімін беру және ескерткіш орнату тарихын баян етті:

– Қаламызда 2008 жылы Сұлтанмахмұттың ескерткішінің ашылу салтанаты өтіп жатқан. Журналист Амангелді Қаңтарбаев ағамыз екеуіміз қатыстық сол жиынға. Сол кездегі әкім Нұрлан Нәбиев келіп: «Жігіттер биыл атамызға 150 жыл, осыны пайдаланып іс көтерейік, қаламыздан бір көшенің атын берейік, сендер соған мұрындық болыңдар», - деді. Амангелді аға бірден мақұлдап: «Бақтыбай осы жұмысты сен қолыңа ал. Қор ашайық. Біз көмегімізді аямаймыз», - деді кесіп. Сол жылы жеті жігіт бас қосып, қор құрдық. Көшенің атын жазуға қаланың зиялы қауым өкілдерінің қолын жинадық, әкімге хат жаздық. Хат та жазылды, үгіт-насихат та жүргізілді. 2009 жылдың 25-ші желтоқсанында қалалық мәслихатта осы мәселе қаралды. Содан сол кездегі депутеттар қолдап, Лениннің орнына мәшһүр жүсіп есімі берілді. бұл оқайлықпен келген жоқ. Қарсыластар болды. Жеңіс мейірман есімді апамыз үлкен ерлік көрсетіп, ашық түрде мақала жазды. Осы соғысты тоқтатты. Солайша осы көше өмірге келді.

Абай екеуіміз келісе отырып, атамыздың көшесінің бойында ескерткіші де бой көтеруі керек деп шештік. Қайрат Нүкенов, әкім болып келгеннін 10 күннен кейін, мен ол кісіге жолығып, осы мәселені қайта көтердім. Ол кісі бірден қолдады. Баршамызды қуантқан ескерткіштің тұрғызылуына қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева көп еңбек сіңірді. Қасқайып қарап тұрған бейнесі дұрыс деп шештік. Ескерткішті жасайтын мүсінші іздедік. Қарағандылық Жаубасар Қалиев есімді мүсіншіге тоқталдық. Қаламыздың 60 жылдығына орай қала күнінде ашылу салтанаты өтті. Ескерткіштің жанын таза ұстауымыз керек. Қаладағы мекемелер өз жұмысын жасай жатар, біз де қолымыздан келгенін жасайық, - деді..

Павлодар мемлекеттік университеті жанынан құрылған Мәшһүр Жүсіп орталығының жетекшісі Айтмұхамбет Тұрышев алда келе жатқан 160 жылдыққа орай жеке мұражай ғимаратының керектігін айтты. Ғұлама шығармаларының 20 томдығы шықты. Алда әлі де жинаулы тұрған, жарық көрмеген 10 томы бар екен. Сол кітаптар жарық көріп өз оқырманын тапса екен деген тілек білдірді.

Абыздың ұрпақтары атынан Абай Төлеубайұлы Шәрәпиев қаланың орталық көшесіне Мәшһүр Жүсіп есімін беруде және еңселі ескерткішін орнатуда зор еңбек сіңірген бірқатар азаматтарды марапаттады.

Салтанатты жиыннан кейін ас беріліп, құран бағышталды.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар