19 қыр, 2019 сағат 16:00

Есімов «Самұрық-Энерго» мен «Интер РАО» арасындағы мәмілені аяқтауды тапсырды

Екібастұз қаласында «Самұрық-Энерго» компаниялар тобының мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Б. Жоламанов Қор басшысына ағымдағы жағдай жөнінде баяндады. Атап айтқанда, Б.Жоламанов биыл ақпан айында Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігінің тұрақты деген бағасын атап өтті.

Бұдан басқа, «Самұрық – Энерго» АҚ Басқарма төрағасы биыл сәуірде Шардара АҚ № 2 гидроагрегатын пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті.

Ахметжан Есімов «Самұрық – Энерго» АҚ басшылығының назарын электр энергия экспортының төмендеуіне аудартты.

Сондай ақ, объектілерді жылу маусымына дайындау қажеттігіне назар аударды. Жиын соңында Қордың Басқарма төрағасы бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде ресейлік «Интер РАО» компаниясының үлесін сатып алу жөніндегі келісімді тездетіп аяқтау керегін айтты.

Сонымен қатар, Екібастұз ГРЭС-2 № 3 блогының құрылысын жеделдету, электр энергиясы экспортын ұлғайту перспективасын пысықтау қажеттігі айтылды. Қор басшысы компанияны жекешелендіру қарсаңында қойылған міндеттерді орындаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.