24 мам, 2017 сағат 09:23

Ешқашан халқыңнан биік болма - Айтбаевтардың Димашқа тілегі

Бүгін 23 жасқа толған Димаш Құдайберген жан-жақтан құттықтаулар жауып жатыр. Айтбаевтар отбасы да әлеуметтік желі арқылы Қытайда жүрген баласына өз тілегін жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Әлеуметтік желі бүгін Димашқа арналған құттықтауларға толы. Әлемге белгілі өнер жұлдыздары да қазақ атын танытқан жас жігітке өз тілектерін жеткізіп жатыр. Бірақ қашан да отбасының орны бөлек. Бүгін Айтбаевтар әулеті өз баласын ерекше құттықтап, тілегі мен лебізін жеткізді.  

«Бала патша, туған күніңмен! Өнеріңмен барша əлемді тамсандырып, биік белестерден көріне бер. Ешқашан ауырма, өмір жасың ұзақ болсын. Халықтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болып жүре бер. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге үлгі бола біл. Ешқашанда халқыңнан биік болма! Отбасыңнан алған, бойыңа дарыған қазақи тəрбиені жоғалтпа, мəңгілікке жадыңда ұстағайсың», - деп жазған Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова. Димаш әжесіне ризашылығын білдіріп, сағынғанын жеткізген.

Қанат пен Света Айтбаевтар да Димашқа жүрекжарды тілектерін жазды.

«Димаш, сен өмірге келген мамыражай мамырдың шуақты күні, ата-анамның «Ұлды болдық!» деп шаттанып, ұлан-асыр той жасағаны, қуаныш үстінде «Балапаным!

Ата-анамның əлдиісің!
Алып ұшқан көңілімнің əн-күйісің!
Шат күлкімен өмірге қадам баса ғой!
Бақытыңның шектелмесін мөлшері,
жүрегімнің кіп-кішкентай бөлшегі!» деп əн арнағаным күні кешегідей көз алдымда...

Бəріміздің махаббатымызға бөленіп өстің. Əсіресе, папамыз бен мамамыздың өзіңе деген сезімі ерекше болатын! Əлі күнге солай. Төбеңнен құс ұшырмайды. Мамамыз басыңнан сипап отырып «менің құлыным бойы ұзын, ойы биік, арманы асқақ, жүрегі жұмсақ, мейірімді азамат болып өседі» деп айналып, толғанушы еді. Сен ақылды азамат боп ержеттің. Өмір - бұралаңды соқпақтардан, даңғыл жолдардан, жабысқақ батпақтардан, мөлдір айдындардан тұратын күрделі əлем... Əр адам өмірге өз терезесінен қарайды. Біреудің терезесі кіршіксіз таза. Ол əлемнің бəрін əдемі етіп көреді, ал бір адамдар айналаға жуылмаған кір терезесінен қарайды...

Өмірде қандай адамды кезіктірсең де бойынан жақсылық іздеуге тырыс, қуаныш сыйлауға тырыс! Терезелердің тазаруына көмектес... Бүгін туған күнің! Отбасымыз үшін қуанышты күн. Өмірің мəнді де сəнді, ғұмырың ұзақ, бақытты болсын, Диконым! Ағатайың», - деп жазды Қанат Айтбаев.     


Өз құттықтауын Света Айтбаева да жеткізген. Ол: «Диконтайым! Туған күнің құтты болсын! Ең бастысы, аман жүр, ғұмырлы бол! Біздің отбасымызды, ағайынды, дос-жаранды ғана қуантып дүниеге келіп едің, шүкір, бүгінде дүйім жұртты, бүкіл елді қуантып жүрсің. Осы бетіңнен тайма! Біз үшін, артыңнан ерген қос бауырың үшін сенің орның ерекше. Біз сені жақсы көреміз! Арманшыл балапан, барлық армандарың орындалсын», - деп жазды.

Димаштың қарындасы Раушан Құдайберген де өз лебізін білдірді. «Бүгін әлемдегі ең күшті ағаның, ата мен әже, папа мен мама үшін жақсы баланың, жанкүйерлері үшін ең керемет әншінің туған күні. Көке, туған күнің құтты болсын! Жүзіңнен ешқашан күлкі кетпей, қуанышты күндерің көп кездессін. Ешқашан ауырмай, барша халықты өз өнеріңмен тамсандыра бер», - деп жазды ол.