18 шіл, 2018 сағат 13:22

Есей Жеңісұлы: "Бізде тілеулестік пен жанкүйерлік мәдениет тапшы"

Ресей төрінде 4 жыл зарықтырып жеткен футболдан әлем чемпионаты көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті. Алайда, бұл додадан ел есінде талай қызықты оқиғалар, әсерлі сәттер, ұмытылмас естеліктер қалғаны анық. «Әлемнің тойы» деп баланатын біріншілікті отандық телеарналар «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «ҚазСпорт» арнасы бірде-бір матчын қаза қылмай тікелей эфирде көрсетті. Оған еліміздегі танымал 10-нан астам комментатор қызмет етті. Олар әр ойынды халыққа қызықты әрі түсінікті тілде жүргізуге тырысты. Соның бірі - бүгінгі таңда спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс Есей Жеңісұлы. Біз бүгін Есейді әңгімеге тартып, комментаторлар туралы сұхбаттасқан едік.

- Кеше ғана футболдан Ресей төрінде әлем біріншігі өз мәресіне жетті. Осындай ірі додаға бір ай бойы үздіксіз комментаторлық жасау барысында қандай қиындықтар мен қызықтар болды?

- Мен қазір тікелей журналистика саласында емеспін. Негізгі жұмысым - Ұлттық аударма бюросында. Сондықтан ойындар трансляциясы Астана қаласында жүргізілгендіктен, топтық турнирдегі матчтарға комментарий жасауға бара алмайтынымды «QazSport» арнасының бас продюсері Асқат Сағынаевқа алдын ала ескертіп, ризашылығын алдым. 1/8 финалдағы үш ойыннан бастап, финалға дейін 9 матчқа араластым. Сенбі-жексенбі күндері ғана барып тұрдым, сондықтан осы жолы көп еңбегім сіңді дей алмаймын. Ең бастысы, әлем чемпионатының матчтарына комментатор болу - үлкен мәртебе, өмірлік естелік. Ал қиындық пен қызық мәселесіне келсек, бәрі өзіміз бой үйреткендей болды. Түнгі 12-ден кейін ойын жүргізу ауыр болатыны рас, бірақ алдын ала бірер сағат көз шырымын алып, дайын отыруға тырыстық. Асқат бауырым ұйымдастырған «Ресейдегі футбол тойы» бағдарламасы ойындар алдында жанкүйерлердің сарап жасауына жақсы әсер еткені анық байқалды.

- Осы біріншілік барысында елімізде комментаторлар тапшылығы сезілді ме?

- Қазақстанда комментатор тапшылығы жоқ. Бізде тілеулестік пен жанкүйерлік мәдениет тапшы. Бір футболшының атынан қателескен комментаторды ата жауындай көріп, жетпіс жеті атасынан тартып балағаттап отыратындардан шаршадық. Мысалы, Франция - Аргентина (4:3) кездесуінде аргентиналық Анхель Ди Марияның өз шебінен оң жаққа кенет ойысып, алғашқы қарымта гол соққанын түсінбей қалдық. Яғни, оның позиция ауыстырғанын аңдап үлгермедік. Оны біресе Месси, біресе Перес дегеніміз үшін бізді «ату жазасына» кесе салғандардан аяқ алып жүргісіз. Қазақстанда барлық мамандар өз саласында қателік жасай беруіне болады, тек комментатор ғана қателеспеуі керек! Сот өтірік соттасын - кешірімді, прокурор пара алсын - кешірімді, ғалым түгелдей ұрлық ғылыми жаңалық жазсын - кешірімді, әкесінің байлығына сенген біреу бес адамды таптап өлтірсін - кешірімді, тек комментатор ғана кешірілмейді! Қателессе, «халық жауы»! Осы ұстанымды еш түсінбедім. Кешіріп қойыңыздар, Ди Мария менің бірге туған бауырым емес, жиі болмаса да, ішінара қателесуге болады. Құдай да күнәні кешіреді. Міне, осындай қысымда жүрген комментаторлардан «диван сарапшылары» «тау төңкерер» ерлік күтеді. Оның үстіне, 2012 жылы Еуропа біріншілігі мен Чемпиондар лигасында екі-үш ай ғана комментарийлер таза қазақ тілінде жасалды, одан кейін таза қазақша сөйлеп отырғанымыз биыл ғана. Мен орыстілді әріптестерімді мансұқтамақ, я сыртынан тас атпақ емеспін. Бірақ екі тілде комментарий жасау табиғаты таза қазақ тілінде жүргізгендегіден мүлде бөлек. Бес минут сайын іркіле бергесін, ырғақ бұзылады. Менің ойымша, біздің жігіттердің комментарийлері ешкімнен кем емес. Біздің елде ешкім өзін «тіл білмеймін» деп санамайды. Бәрі - білгір, бәрі - комментаторлардың қатесін көргіш. Бұған дейін де жүз рет айтқанмын, бұдан кейін де жүз рет айтамын: бізге тілеулестік қажет. Бастан-аяқ сыпыра мақтау емес, тілеулестік. Қалада өскен қазақтар біздің сөйлеу мәнерімізді тіпті қабылдай алмайды. Термелеп сөйлесеңіз, оларға «ауылбай» болып көрінеді. Демек, барды баянды етуге тырысуымыз керек. Әрине, орысшадан тікелей қотарып, «калька» тілмен сөйлейтін тұстарымыз да болады, бірақ соңғы жылдары бұл олқылық азайып келеді.

- Қазақ комментаторы болу үшін ең бастысы жүргізіп отырған саланы жетік білу ме, әлде көркем, жатық сөйлеу басты рөл атқара ма?

- Қазақ комментаторы әмбебап болуға тиіс. Айтып өткенімдей, алаңдағы команда жайлы білмей, құр сөз сапырып отырсаң да кешірмейді, ара-арасында сөз бұзылса да кешірмейді. Жақында «Қазақстан барысын» жүргіздім. Сонда чемпион Ержан Шынкеев ортаға шыққанда: «Маң-маң басып, маң басып, әр жерден бір басып, жеңімпаз келе жатыр», - дедім. Осы сөзіме біраз адам қарадай шүйлігіпті. Әлеуметтік желіге қайта кіргенімше өшіріліп кеткен бе, бірақ бір-екі адамнан естіп қалдым. «Маң-маң басқан, шудаларын шаң басқан» жануар жайлы жұмбақты, әрине, бәріміз бала кезден естіп өстік. Бірақ «маң-маң басу» тіркесі адымын кесек тастайтын алып жігітке қарата айтылса несі айып? Бір тіркесті бір жануарға ғана ойша меншіктеп қойып, оны айтқан комментаторды жерден алып, жерге салудан не ұтамыз? Комментатор «маң-маң басып, маң басып» дегенде, тыңдаған адамның көз алдына түйе ғана елестей кеткені үшін біздің еш кінәміз жоқ. Өкінішке қарай, осындай негізсіз шабуылдар да жүйкеге тиеді. Образды сәл ойнатқанымыз үшін «кітап оқымайтын», «кеще», «надан», «ұғымсыз» адам болып шыға келеміз. Әрине, комментатор өзі жүргізіп отырған спорт түрі жайлы бәрін білуге тиіс. Тіпті биылғы әлем чемпионатының жабылу салтанатында кадрдан әр сәтте жылт ете қалған белгілі тұлғаларды да танып отыруға тырыстық. Франция, Хорватия, Ресей президенттері, ФИФА басшысы, аты аңызға айналған футболшылар, сала мамандары - бәрі көзімізден таса қалған жоқ. Қызды-қыздымен Поль Погбаның трибунада отырған екі бауыры мен анасының да атын атап жібердік. Одан еш ұтылғанымыз жоқ. Комментатор 24 сағат дайындықта жүреді. Кей көрермен: «Жұрт білетін нәрсені айтады», - деп жазғырады. Кешіріңіз, сіз футбол фанаты болғанмен, теледидар алдында отырған адамдардың 90 пайызы әлем чемпионатын ғана көреді. Оларға әр деталь қызық. Әділ Рами мұртын едірейтіп шыға келгенше-ақ біз алдын ала соған қатысты біраз нәрсе айтып үлгергенбіз. Рами қосалқы құрамда отырды, тек марапаттау рәсімінде ғана кадрға ілінді. Бірақ көрермен оның қандай футболшы екенін, мұртының не құдіреті барын алдын ала естіп алды. Демек, көрермен дайын. Міне, біздің миссия да сол: ақпаратты дәл уақытында, тіпті ертерек ұсынып отыруымыз қажет.

- Кейде комментаторларымыз тілдің стилистикалық, грамматикалық заңдылықтарына мән бермей жатқандай сезіліп жатады. Комментатор үшін басты жауапкершік не деп ойлайсыз?

- Эфир ешқашан алдамайды. Кімнің білімі, білігі, тәжірибесі қаншалық екенін дәл көрсетіп отырады. Біз бәріміз - қазақ тілінің туын көтерушілерміз. Әрине, «калька» тілмен сөйлейтін жас әріптестеріміз бар. Біз де жиырма жастың айналасында солай сөйледік. Ақыл кіріп, тілге қорған бола бастағанымыз енді ғана ғой. Сондықтан оларға да кешіріммен қарауымыз керек. «Номиналды шабуылшы», «допқа жанасты», «гол ұрды», т.б. жасанды, қазақы емес тіркестер біздің де жүйкемізге тиеді. Бірақ көш жүре түзеліп келе жатыр. Қазақ тіліндегі комментарийлерде енді ғана терминдер мен тіркестер құлаққа үйреншікті бола бастады. Орыстілді комментаторларды зор тұтамыз ғой, бірақ олар біз сияқты ізденіп әуре болмай-ақ, Озеров, Майоров, Махарадзе, Маслаченко, Перетуриндерден қалған үлгімен жұмыс істеп келеді. «Удар по воротам», «навес», «прострел», «грубая игра», т.б. әбден қалыптасқан терминдер мен тіркестерге соңғы жылдары олар «инсайд», «вингер», «корнер» деген секілді әлемге ортақ сөздерді ғана қосты. Бізде әлі «навес» пен «прострелдің» нақты баламасы жоқ. «Әуелеген доп» деген тіркес құлағыма жаға қоймайды, «допты әуелете тастады», «жерлете көтерді» деп етістікпен аяқтап, тігісін жатқызуға тырысамыз. Қарап жүрген жоқпыз, жатсақ-тұрсақ ізденістеміз, осыны түсіне қабылдасаңыздар екен. Марқұм Сұлтанғали Қаратаев ақсақал біз эфирден шыққан соң ерінбей қоңырау соғып, кем-кетігімізді ескертіп отыратын еді. Осындай жанашырлық жетіспейді бәрімізге. Бәрі қатемізді көзге шұқуға бар, ал өздері ұсынатын нұсқа - жоқ.

- Қазіргі таңда комментаторлардың спорттық oйындapды жүpгiзу барысында тeк қaнa көрсетеліп жатқан бeйнe бoйыншa сөйлeп oтыpуы көрермендерге aздық eтері даусыз. Кейбір жанкүйерлер сол жарыс туралы стaтистикaлық мәлiмeттep күтетіні де жасырын емес. Бұл олқылықты болдырмаудың жолдары туралы да айта кетсеңіз...

- Дұрыс байқапсыз, әншейін оқиғаны талдап отыру аздық етеді. Бірақ статистиканы да сапыра беруге болмайды. Статистика репортаж барысында бір-екі сөйлем ғана болуға тиіс. Мысалы, Антуан Гризманн финалда пенальтиден гол соқты. «Бұл - биылғы додадағы 22-пенальти. Бұрынғы рекордтардан 4 пенальти артық» деңіз, жетеді. Ойын өрістеп, қарсы қақпа алдында қарбалас болып жатса, сіз әлі пенальти жайын термелеп отырсаңыз, міндетті түрде ұрыс естисіз. Бірақ біздің жанкүйерлік мәдениетіміз сол сәттегі эмоция ғана екеніне де көзім жетті. Екі жылдан бері statsport.kz деп аталатын, спорт статистикасына арналған сайт жүргізіп келемін. Оқырманы - бүкіл әлемдегі қазақы контенттің 0,0001 пайызы ғана болу керек. «Қайрат» командасы сырт алаңда алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізгені туралы ақпарат жариялайсыз, оқитын адам - 10-12, асып кетсе, 100-120 ғана. Себебіне үңіліп байқап едік, біздің спорт оқырмандарына да «күйіп тұрған» жаңалық қажет екен. Осы әлем чемпионаты кезінде біздің ғана емес, Ресейдің спорт сайттары түгелдей «әлем чемпионатының ең әдемі жанкүйер қыздарының» суретін жариялап әлек болды. Себеп біреу ғана - оқырман тарту. «Қапаш-құпаш» әлем сіздің нағыз кәсіби ақпараттарыңызға зәру емес. Сіз ол ақпараттарды саусақ сорып тауып отырған жоқсыз. Ойын қорытындысында арғы-бергіні екшеп, салыстырып, есептеп жазған ақпаратыңыз түкке татымайды. Ниетіңіз жақсы-ақ еді: осындай ақпарат ұсыну арқылы оқырманыңыздың таным көкжиегін сәл де болса кеңейтуге ұмтыласыз. Бірақ оған финал алдындағы шоуға шыққан қыздың жалаңашталған иығының суреті керек... Өкінішті-ақ... Осындай жағдайда, «жартасқа барып, күнде айғай салып, одан да жаңғырық шығарып» отырсақ та, эфирде бәрін айтуымыз керек. Өмірді де, алаңдағы жағдайды да.

- Бұл күндері елімізде тікелей эфирден көрсетілетін спорт түрлері өте көп. Алайда комментаторлар саны саусақпен санарлық. Бір комментатор бірнеше спорт түрін жүргізуге тура келеді. Негізі, әр комментатор белгілі бір спорт түріне ғана бейімделгені дұрыс па, әлде әмбебеп болғаны дұрыс па?

- Маған салса, футбол мен велоспортты ғана жүргізіп тыныш отырар едім. Біздің елде комментаторлар - арзан жұмыс күші. Бір жарым сағаттық эфир үшін Ресейдегі әріптестеріміз бізден 85 есе көп ақша алатынын айтсақ та жеткілікті. Ақиқатына салсақ, біздің әмбебап комментаторлар бір ойынды, әлде бір жарысты жүргізіп келіп, екіншісіне дейін жақсылап дайындалуға тиіс. Біз не істейміз? Негізгі жұмысымыздың шаруасын аяқтаймыз, үйге келіп аздап демалып алып, комментарийге тартамыз. Ертеңіне мүлде басқа екі-үш жарыс күтіп тұрады. Сөйтіп, бөлек-салақ болып жүргенде, сынды да, балағат пен ренішті де көп естиміз. Өзіңіз ойлап көріңізші, Уткин, Черданцев, Генич, Орлов, Розанов, Шмурнов сияқты ресейлік комментаторлар футболдан басқа салаға мойын бұра ма? Болмаса, Курдюков жазда - веложарысты, қыста биатлонды ғана жүргізеді. Басқа жағына аттап баспайды. Өйткені, олар бір ғана саламен отбасын, тіпті бүкіл әулетін асырайды. Біздің бір айда жүргізген 4-5 ойынымыздың пайдасы пәтерақы төлеуден сәл артылатынына мәзбіз. Бірақ жылай беруге болмайды. Еліміздегі шынайы жағдай осы. «Неге бізді футбол матчына ғана қоймайсыз?» немесе «неге біздің бір матчымызға Ресейдегідей қаламақы төлемейсіз?» деп ешкімге айта алмаймыз. Жағдай белгілі. Барымен - базар. Оның үстіне, әмбебап болғаннан дәл қазір қазақ баласы еш ұтылмайды. Біздің комментаторлар қазір «ит мініп, ирек қамшылап», болашаққа жол салып жатыр. Игілігін балаларымыз көреді, қарап тұрыңызшы.

- Қазір таңда өзіңізден кейінгі комментатор болғысы келетін жастар қауымына не айтар едіңіз?

- Оқудан, ізденуден артық рақат көрмедім. Құдай тіл берді деп безей берсеңіз, бес күнде таусылады. Оқу керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай

ҚазАқпарат