15 мам, 2019 сағат 13:31

Есенғали Раушанов ТМД елдерінің "Достастық жұлдыздары" сыйлығына ие болды

Көрнекті ақын Есенғали Раушанов Түркіменстанда ТМД елдерінің «Достастық жұлдыздары» сыйлығына ие болды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар Одағының баспасөз қызметі хабарлады.

«Түрікменстан астанасы Ашғабат қаласында Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше елдердің шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының XIV форумы аясында мамырдың 15-і күні көрнекті ақын, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының «Достастық жұлдыздары» («Звезды Содружества») мемлекетаралық сыйлығымен марапатталды» делінген хабарламада.

Сыйлық құрылтайшысы, ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының арнайы мәлімдеуінше, аталған сыйлықтың табыс етілуі Е.Раушановтың мәдениет және өнер саласындағы жасампаз еңбегі мен жетістіктерін ТМД елдерінің жоғары бағалайтынын көрсетеді.

Айта кетсек, Ашғабат қаласында өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының XIV форумына Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен 200-ден астам делегат келді. Шараның тақырыбы - «Достастықтың ортақ гуманитарлық кеңістігі: мәдениет, ғылым және білім салаларындағы диалог».

Пленарлық отырыстар мен салалық секцияларда ғылым, білім және өнер қайраткерлері кәсіби өзара әрекеттестіктің түрлі аспектілерін талқылайды. Кітап пен оны оқуды дамыту ТМД-да Кітап жылының өтуіне байланысты делегаттардың басты назарында болады.