17 мам, 2019 сағат 17:54

Ержан Максим The World's Best шоуына қатысуы мүмкін

Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі келесі жылы америкалық The World's Best шоуына Ержан Максимнің кандидатурасын ұсынады. Бұл туралы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ресейлік "Голос. Дети" жобасының суперфиналисі Ержан Максим 2020 жылы The World's Best шоуында бақ сынауы мүмкін.

"Халықаралық сайыстарға қатысу мәселесін министрлік шешіп жатыр. Биыл "Балалар Евровидениесі" өтіп кетті. Енді Ұлыбритания, Америка бар. Биыл бізден The World's Best шоуына екі адам – Данэлия мен Димаш қатысты ғой. Келесі жылы министрлік Ержанның кандидатурасын ұсынады", - деді Маемиров мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

The World's Best – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған таланттар бақ сынайтын америкалық шоу. Жобаның бірінші маусымына қазақстандық жас әншілер Данэлия Төлешова мен Димаш Құдайберген қатысты.

Кейінірек Димаш балаларға жол беруді жөн көріп, шоуға одан әрі қатысудан бас тартты. Ал Данэлия Төлешова Гранд-финалға өте алмай қалды.