08 қаз, 2019 сағат 04:10

Ержан Максим «Junior Eurovision» байқауында айтатын әніне клип түсіріп жатыр

Дарынды жас әнші, «Голос дети» ресейлік тележобасының жеңімпазы Ержан Максим «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауында айтатын әніне клип түсіріп жатыр. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бейнебаян Алматы қаласының көрікті жерлері мен Абай атындағы опера және балет театрында түсірілуде.

«Junior Eurovision» байқауының шарты бойынша қатысушылар еш жерде жарияланбаған 3 минутқа дейінгі композицияны табиғи дауыста орындауы қажет.

«Әнім өзіме қатты ұнады. Көрермендерге, Қазақстан халқына ұнайды деп ойлаймын. Жақында тыңдап бағасын бересіздер. Техникалық жағынан қиындығы бар. Дауыс көтеретін жерлер де бар. Ауыр өлең деп айтуға да болады. Маған өзіме негізі сондай әндер ұнайды», - дейді Ержан Максим.

Клиптің авторы – украиналық режиссер Александр Фломбойм. Қоюшы –операторы көптеген қазақстандық әншілерге бейнебаян түсірген маман Станислав Ильин. Бейнебаянның мазмұны жақсылық, асқақ армандардың орындалуы жайында.

«Бұл – Ержанның алғашқы клипі. Ержан өзін түсірілім алаңында еркін ұстайды. Камерадан қорықпайды. Әннің мазмұнын ашып, тыңдарманға жеткізу үшін барымызды салудамыз», - деді қоюшы-оператор Станислав Ильин.

Түсірілім процесі барысында әншінің анасы Гүлмира Әлібек – үнемі жанында. «Кеше съемкамыз сағат 5-6-да басталған болатын. Бүгін таңғы 6-7-ге дейін түсірілімде болды. Ержан енді кішкентай бала. Қатты шаршайды. Күтімі керек арасында. Өте үлкен жауапкершілік. Ержан кішкентай болса да, оның бәрін түсініп, біліп жүр. Қобалжып жүр. Бар күшін салып, дайындалып жатыр», - деді ол.

«Junior Eurovision» халықаралық балалар ән байқауы 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында басталады. Жерлесіміз Ержан Максим қатысатын жас әншілер жарысын «Хабар» телеарнасы көрсетеді.