10 шіл, 2019 сағат 13:30

Ермекбаев: Мен жауапкершіліктен қашпаймын

ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы қазіргі жағдай туралы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Барлық ықтимал нұсқалар қарастырылуда. Адами фактор болуы мүмкін, өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы немесе электр сымының қысқа тұйықталуы, химиялық реакция сынды техникалық себептер, тіпті қасақана өрт қойылған болуы мүмкін», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, министр жауапкершіліктен қашпайтынын жеткізді.

«Жеке өзім қорғаныс ведомствосының басшысы ретінде «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңына сәйкес, 2018 жылдың 7 тамызында осы лауазымға тағайындалған сәттен бастап, Қарулы Күштерде болған барлық жағдайға жауап беріп келемін. Бұл жауапкершіліктен қашқан емеспін және қазір де қашуға тырыспаймын. Тергеу нәтижесінде анықталған кінәлілер заң жүзінде жауапқа тартылады», - деді Н. Ермекбаев.