#
#
Жұма 18/10/2019

Ермек Тұрсынов: Нағыз өнер жауап бермейді, сұрақ қояды

  • 07.10.2019
  • 0
  • 551

– Сіз билікті, қоғамды қа­­рып түсетін қатқыл ойы­ңыз­ды еш бүкпесіз, жалаңаш кү­йінде айтып та, жазып та келесіз. Бұл мінезіңіз билікке ұнамайтын болар деп топшы­лайтын едік, бірақ сіз Қа­зақ­стан Кинематографистер одағына басшы болып сай­ланғаныңызда, ол ойымыздың бекер екенін түсіндік. Сіздің төрағалығыңызды қалай қа­былдасақ болады: бұл құ­зыр­лы мекемелердің еркін ой­лы адамдармен санасуы ма, әлде өзіңіздің барлық тараптың кө­ңі­лінен шығатын ептілігіңіз де бар ма?

– Мен сайланбай тұрып та Кинематографистер одағы­ның бұрынғы басшылары С.Тә­уе­келов, И.Вовнянко тарапынан одақ­тың жұмысына араласуға ұсыныстар арагідік түсіп тұ­ра­тын. Бас тартып, шеттеп жү­ретінмін. Өйткені еркіндікті жақсы көремін. Кітап жазамын. Кино түсіремін. Төрағалыққа барғым келмегенінің себебі көп болды. Бір себебі, билік қоғамдық ұйымдарға аса назарын аудара бермейді. Шығармашылық одақтардың кеңес кезіндегі сияқ­­ты билік санасатындай бе­делінен түк қалмаған, күші жоқ. Жазушылар одағы ғимаратын жалға беріп, жан бақса, біз ба­сымыздағы жалғыз баспанамыз – Кино үйінен де айрылып қалғанбыз. Соттасып келе жатқанымызға, міне бір жарым жыл болды. Тіпті жиналысымызды өткізетін жер де жоқ. Біресе Қаз­ақконцерттің үйінде өткіземіз, бірде басқа мекемеге барып жалынамыз. Қазақ киносына бір адамдай еңбек сіңірген Асанәлі Әшімов ағамызды алдымызға салып, мәселені шешіп беруін сұрап Алма­тының жоғары судьясының алдына да бардық. Президенттің қабылдауында болғанда да осы мәселені айттым. Сондықтан Кинематографистер одағының төрағалығына қызығатындай тәтті ешнәрсе жоқ. «Мені төр­аға сайлаңдаршы» деп еш­кім­ге жалынбадым. Тіпті көп­шіліктің ашық дауысымен төр­аға болып сайланғаннан кейін әріптестерімнен: «жақсылап ой­ландыңдар ма өзі?» деп сұ­радым да. Қазаққа не керек: атақ керек, орден керек, кабинет керек. «Ер­мекке де керегі сол екен ғой» деп отырған шығар, бірақ мен мұн­дайға ешқашан қызыққан емеспін.

– Сіздің Кинематографистер одағына басшы болып ке­луі­ңіздің төңірегінде дау-дамай көп болды, ал кез келген ки­кіл­жің – диалогқа келе ал­мау­дың соңғы шегі. Жалғыз кино сала­сында емес, кез келген шы­­ғар­машылық одақтың төр­аға­ларын ауыстыру бізде бүлік­ші­лікке дейін ұласып, аса тар­тысты жағдайда өтеді. Неге одақ­­тың өзге мәселесі дәл осылай тал­қыланбайды?

 – Бұл енді мінезге де байланысты болар деп ойлаймын. Шығармашылық адамдары қоғам түгілі, өзге түгілі, өзімен өзі ке­ліс­пейді, өзімен өзі керісіп жү­реді. Иә, мені сайлағанда да айғай болды, шу болды. Бірақ әңгімеге араласпадым, немен аяқталатынын күтіп қарадым да отырдым. Жалпы, мұндай нәрсеге мән бермеймін. Төраға бол­ғаннан кейін өмірім өзгеріп кеткен жоқ. Сондықтан мен барлық шы­ғармашылық одақты – жын­дыхана, ал олардың төр­ағасын жын­дыхананың бас дәрігері деп есептеймін, маған ренжісе, ренжи берсін, іштей өздері де бұл шындықты мойындайтын шығар.

– «Ермек Тұрсынов – оли­гарх-алпауыттардың рухани лоббиі» деген сөз сізді ашу­лан­­дыра ма? Ол ортада сіз­дің дос­тарыңыз көп қой, сіз­дерді не ор­тақтастырады? Әдет­те, ба­қуат адам кедеймен дос­тыққа ұм­тыла бермеуші еді, әлде сіз де байсыз ба?

– Иә, қалталы, семіз достарым­ның көп екенін жасырмаймын. Бірақ олар бірден байып кеткен жоқ, бәріміз жалаңаяқ, жа­лаңбас жүрген кезімізде танысып, өмірдің ұзын жолында қатал сынақтардан бірге өткенбіз. Мен достарымды ешқашан әлеу­меттік категория бойынша бөл­ген емеспін. Жастау күнімде дұ­рыс сөйлемесем, іс-әрекетім дұ­рыс болмаса, «ренжітіп алам ба, анадан айрылып қалам ба, мынадан бөлініп қалам ба» деп, әркімнің көңіліне бір қарап, қорқатын едім. Қазір бұл маған қорқыныш емес. Достар түрлі қиындықта сыналып, екшеліп шығады да, соңыра әркім өз жолын тауып кетеді. Ал жаным­да қалғандарының бәрі де мүмкіндігінше көмектесіп келеді. Кітапхананы күрделі жөндеуден өткізді, үйі жоқ актерге үй әперді, басқа да үндемей жүріп тындырып жүрген істері қаншама. Қазір өмірдің өзі сынап секілді ғой, қасыңдағы досың өзгере бастаса, жолына тұрып, етегіне жармасудың қажеті жоқ. Менің жолым – шындық. Мен өмір сүру үшін аса қиналмаймын, ешнәрсені қолдан күрделендірмеймін, жай ғана өмір сүремін. Кезінде мен туралы не айтылмады? «Халық жауы», «сатқын», «іштен шыққан жау жаман». Мүмкін мені олар осылай қабылдаған шығар. Мейлі, айта берсін. Мен сыртта он екі жыл өмір сүрдім: төрт жыл Аме­рикада, үш жыл Еуропада, Си­рия, Мәскеу, Мысырда тұрып көр­дім. Сырттан келгеннен кейін көзің өткір болады екен, бұрын байқамағаның бірден көзге түседі. «Елу жылда – ел жаңа» дей­ді, біз отыз жылда өзгеріп кет­тік. Мынау баяғы қазақ емес. Шыдамаған соң қарның ашып айтасың, жылап айтасың, рен­жітіп айтасың. Әрине мұның бәрі қазақ болғаннан кейін өзіңе рен­жіп айтқаның ғой. Дұрыс қабыл­дамайды.

– Сіз бұрын лауазымды тұл­ғалардың емен есігін көп аша бермейтін едіңіз. Айтатын да­тыңыз болды ма, сізді Пре­зи­­денттің қабылдауынан көр­ге­німізде таңырқап қалға­нымыз рас...

– Мені толғандырған бірінші мә­селе – «Қазақфильмнің» тағ­дыры болды. Президентке осы жайды айтуым керек деп шеш­тім. «Қазақфильм» – ұлттық бренд. Соның өзі көкпарға түсіп, ту­лаққа айналудың аз алдында тұр. Қалай­да құтқаруымыз керек. Екінші мәселе – Кино үйі. Соттан сотқа барып, нәтижесі жоқ шешімдерден шаршадық. Үшінші мәселе – мәдениет. Кино түсірудің қамымен жүріп бүкіл қазақ даласын аралап-аралап, ит арқасы қияндағы танымайтын ауылға барып тоқтайсың. Елдің ішінде жүріп ауыл адамдарымен сөйлесемін, олардың жұтаң тұрмысын, өлместің күнін кешіп отырған тіршілігін көремін. Мен оны біреуден естіп, болмаса интернеттен оқып алған жоқпын. Сонда көзім көрген шын жағдайды Президентке жеткізуге тырыстым. Бір сағаттың төңі­регінде болған әңгімеде екеуміз өте ашық сөйлестік. Міне, содан бері екі айдан артық уақыт өтті. Кино саласында көптеген игі өзгерістер болып жатыр. Тә­жірибесі мол, көзқарасы кең, киномен «көзі ағарған» Арман Асенов сияқты жас жігіттер киностудия басшылығына келді. Мемлекеттің басқару ісіндегі бас­ты нәрсе экономика да, саясат та емес, ең бастысы – мәдениет. Мәдениетсіз адам не экономикада, не саясатта жетістікке жете алмайды. Ол адам нәтижеге үміт­тенбей-ақ қойса да болады. Тіпті мұндай адамдарды басқару ісіне жақындатуға да болмайды. Ол өте қауіпті адам. Мысалы, Д.Қо­наев­ты, Қ.Сәтбаевты, Ш.Ай­ма­новты алайық, бірі – саясаткер, бірі – ғалым, бірі – режиссер, ал бұларды не біріктіреді? Үшеуі де өте мәдениетті адам болған. Біздің билік қолына қылышын алып жемқорлықпен сайысады да жатады. Жемқорлық деген не? Жемқорлық деген – мәде­ниетсіздік. Ұрыда ұят бола ма? Жемқорлық – ұрлықтың асқынған түрі. Біз жемқорды қыл­мыскер деп жатамыз ғой, ен­деше мәдениеті төмен, мәде­ниетті құрметтемейтін адамды да біз рухани қылмыскер деп атауымыз керек. Бала кезінен кітап оқымаса, дұрыс музыка тыңдамаса, жөнді тәрбие алмаса, ол мың жерден Оксфорд бітіріп келсе де, оның ішінде бәрібір жаман нәрсе қалады. Сондықтан болар бізде қазір білімді опасыздар көп. Төңіректі түгел білімді ұры­лар жайлап алған. Шы­ғармашыл зиялылардың ішінде де сатқындар көп. Білімін, талантын сатады. Кітап жазады, музыка жазады, кино түсіреді, спектакль сахналайды. Мынаны естен шығармайық: ешқашан тапсырыспен талантты дүние тумайды. Шедевр олай жасалмайды.

– «Қазақфильмге» тапсырыс беруші де, қаржылай қол­даушы да Мәдениет минис­тр­лігі, бұл кино сапасына сөзсіз әсер етеді. Қоғамда мәселе өте көп, мұңымыз да жетеді, бірақ со­ны астармен жеткізетін кино тілі қай­да қазір? Бұрын бар еді, ал қазір қайда жоғалды?

– Айталық, Леонардо да Вин­чи «Джоконданы» тапсырыс­пен салды ма? «Ұлт», «ұлттық» деген ұғым аяусыз жаншылып, үстінен лупамен қарап отырған қырағыларды түрлі көркемдік тәсілмен жер қаптырып, ұлттық бояуы қанық картиналарында тақияны баса кигізіп тұрып «біз қазақпыз» деген ойды тұспалдап жеткізген Шәкен кімнің нұсқауын орындады? Шығармашылық зия­лыларды жинап алып «осындай тақырыпты көтеруіміз керек» деп тапсырма беріліп отырған жерде шын көркем дүниенің туатынына күмәнім бар. Министрлікте «генплан» деген мәселе бар еке­нін түсінеміз. Онда халықтар достығы, тарихи тұлға, батырлар бейнесі, замандас келбеті деген сияқты пәленбай тақырып қамтылуы тиіс. Алайда нағыз сурет­керге еркіндік берілуі керек. Кейбір еркін ой биліктің көзқарасымен үйлесім тауып жатса, бірігіп жасауға болады. Режиссердің ойымен жымдасып кеткен мұның жақсы үлгілері кинода жоқ емес, бар. Ал «қаржыны біз беріп отырмыз, сен біздің тақырыбымызды суреттейсің» деген талап дұрыс емес, меніңше. Онда өнер «ағылшын газонына» айналады. Бірде-бір арамшөп өсірмей, қылтиып өсіп келе жатса, жұлып алып, ал көздің жауын алатын көк шөпті күн сайын теп-тегіс етіп қырқып отыру кө­ше көркін ашқанымен, бірдей етіп тегістеп тастау өнердің біре­гейлігін жо­йы­п, өзін буындырып өлтіреді.

– Шетелдің өте беделді, мық­ты гранттарын ұтып алып, келісімшартпен жұмысқа кетіп жатқан ғалымдарды түсінуге болар, бірақ руханияттағы ірі өкіл­дердің шетелден жайлы өмір іздеп кеткенін рухани диссидент етіп көрсету көзқарасы белең алып бара жатқаны бай­қалады. Бұл дұрыс үлгі ме?

– Білмеймін. Кезінде мен де қазақтан безіп кеткем. Ол уа­қытта Жазушылар одағының жанынан Аударма алқасын ашып, бірнеше жыл Ақселеу аға Сей­дімбек екеуміз бір кабинетте отырдық. Өте білімді, шешен адам, нағыз дала аристократы дерсіз. Құрметімде шек жоқ. Бірақ сол жылдардағы жұмыс үрдісі қызық еді – күнде дау, күнде айтыс. Екеуміздің әңгімемізге басқалар да қосылып кетеді. Қалағаң, Қ.Мұхаметжанов, Ор-ағаң, О.Бөкейлермен де осындай қызу әңгіме-дүкен құрамыз. Ол кісілерді тыңдасаң, әлемнің кіндігі – Қазақстан, бүкіл өр­кениет пен даму қазақтан бас­талған. Сөз неден туатын еді? Қазақ кім? Оның орны қайда? Ол алға дамып келе ме, кері шегініп, құрып бара ма? Дау осыдан туады. Менің ойым­ша, қазақ әлдеқашан артта қалған. Бірақ оны ешкім көрмейді. Ал анау біз табынатын шетел, Еуропа дегенің басқа әлем, оларды ойландыратын мәселе басқа, олардың талқылайтын тақырыбы бөлек. Оларды сенің ұлтың емес, адам, маман ретіндегі жетістігің қызықтырады. Қолыңнан іс келсе, бәрі құрметтейді. Ал біздің талқылайтынымыз «Кім таза қазақ? Кім шала қазақ?» деген сұрақ, айналып келіп баяғы малтамызды еземіз, содан бері май шығатын уақыты болды, қане, ұртымыздан тамғаны? Әлемнің қанша елінде болдым, бірақ мен ешқашан «шала еврей, шала қытай, шала француз» деген сөзді естіп көрмеппін. Дүниенің бұрыш-бұрышына тарыдай шашылып кеткен сол еврей еді ғой, «сен Украинада туған, сен Қазақстанда туған еврейсің, ендеше сен шаласың» деп неге айтпайды солар? Он миллионға жетер-жетпес қазақты «шаласың, тазасың» деп бөлгеннен кім не ұтады? Мақтанатын түгіміз жоқ, сосын амал жоқ, қалмақтарды тырқыратып қуып, ойраттардың ойранын шығарып, міне, біз жеңіске жеттік деген фильмдер түсіріп, өзімізді-өзіміз алдап, мәз боламыз. Осы өтірікпен өмір сүруімізді жалғастыра берсек, біз ешқашан дамымаймыз.

– Қазақ көрерменінің басым бөлігінің санасы да, тал­ғамы да халықтық фильм­дер­ге негізделген екен. «Та­қия­лы пе­ріште», «Атаме­кен», «Ша­ңы­рақ» тектес фильм­дерді аң­сай береді. Бүгінгі көрер­менге дәл осы идеядағы, осы фор­маттағы ки­но қызық болады деп ойлайсыз ба?

– Жылдың соңында Кинема­тографистер одағы Басқарма мә­жілісін шақырып, «қанша кино түсірілді, кинода қандай же­­тістікке жеттік, қалай түсі­рілді, қандай бағытта дамып келеміз?» деген сұрақтардың төңі­регінде қорытынды мониторинг жасаймыз. Сонда менің алдыма тізім түсті. Прокатқа шық­қан кинолардың саны 74 екен. Мен сенбедім. «Мүмкін емес!» деп екі қайыра тексерттім. «Ал қандай фильмдер түсірілді?» деп қарасам, «Не египте мне мозги», «Келинка-Сабинка», «Каникулы в Таиланде», «Сиситай». Білесіз бе, бұл кино емес, мұндай сұм­дықтар үшін арнайы термин ойлап табу керек. Адамбаев, Қоян­баев, Есентаева, Төреғали, Қайрат, құдай-ау, қазір бәрі кино түсіретін болып кетіпті ғой. Ки­ноның есігі ашық-шашық, бәрі топырлап кіріп кеткен. Сонда кино деген бәрі баратын дәретхана болғаны ма? Цензура жоқ. Қуанарлығы, фильм саны көбейді, бірақ сапасы мүлде түсіп кетті. Ал бүгінгі касса жасайтын негізгі көрермен 12 мен 18-дің ара­сындағы жасөспірімдер. Бірақ киноға баратын осы топ мұның кино емес екенін білмейді. Олар Аймановты, Қарсақбаевты, Қожықовты көрген жоқ, білмейді. Сондықтан олар мыналардың тү­сіргенін кино екен деп қабылдайды. Ал бұлар бүгінгі көрерменнің қараңғылығын пайдаланып, қалтасын ақтарып, алдап, ақшасын суырып алып жатыр. Бұл кино емес – у. Егер мені біреу тұтқынға алып «па­рольді айт, құпияны айт» деп қолымды бұрап, ұрып-соғып қинаса, оған қалайда шыдаймын, парольді айтпаймын. Бірақ егер маған Қайрат пен Төреғалидың фильмдерін әкеп көрсетсе, көп болса бес минутқа ғана шыдамым жетер, құпияны айтып қояр едім. Мұндай киноны көру мүмкін емес. Бұл – ауру. Бұл – «понос». Ауру қоғамның көрінісі. 

– Сіздіңше, Қазақстан ре­жис­­серлері киноның қандай жанры­н ұмыт қалдырып ке­леді?

– Жанрды қоя тұрайық, біздің кинода ең негізгі нәрсе – шындық жоқ. Ал жаңағы топ кейінгі жылдары комедиямен әуестеніп кетті. Бірақ оны ко­медия деп атауға болмайды. Не­ге дейсіз бе, себебі күлкінің де сапасы болады: арзан күлкі, ойлы күлкі, терең күлкі. Қазақ табиғатында қалжыңға жақын халық. Бірақ қалжыңы терең бо­латын. Біз осыдан айыры­лып қалдық. Біз қазір күлмейміз – ыр­жаңдаймыз. Есте ұстайық: екеуі екі бөлек нәрсе. Бүгінгі кино саласында жүрген жастарда білім жетіспейді. Оларға сабақ беретін адамдардың арасында мүлде кинодан хабары жоқ кісілер жүр. Мені де Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына сабақ беруге шақырған. Бірақ мен онда бармаймын. Себебі менің ұстаздық қабілетім жоқ. Егер менен үйренгің келсе, менімен бірге түсірілім алаңына жүр. Қазір режиссура, кинодра­матург, операторлық өнерге үй­рететін академия, университеттер көбейіп кетті. Киноға келген адамдар бұрынырақта ассис­тенттіктен бастайтын, режис­сер­лікке жеткенше біраз бұралаң жолдан өтетін. Осының бәрі қыс­қарды, қазір қайда барамын, не жасаймын десең де, төте жол­мен барасың. Сондықтан бәрі мидай араласып, шатасып кеткен. Тіпті Нью-Йорк, Лос-Ан­джелес Кино академиясының дипломын әкеліп жатқан балалар бар. Дипломын ашсаң «режиссер», «қоюшы оператор» деп жазылып тұр. Жақсы. Ер­тіп алып, түсіру алаңына ке­лесің, түк білмейді. Қойшы, қыс­қа­ша қайырсам, мылтық атып көр­ме­ген генералдардың уақыты туды.

– Фильмнің қандай финалмен аяқталғанын қалайсыз?

– Қал-ағамның, Қ.Мұха­мет­жановтың «Қисық аяққа қызыл кебіс не керек» деп жиі қай­талайтын сүйікті бір сөзі бар еді. Ұстазым Г.Данелия өзін режиссер деп есептемеген күйі кетті. Ал қазір «мен режиссермін», «мен жазушымын» деп оп-оңай айта беретін болдық. Бәрі өзгерді. Ұстаздарым айтатын: «Әрқашан көрерменнің кинотеатрдан қан­дай көңіл күймен шығатынын ойлаңдар. Олардың үмітін үзбеңдер» деп. Ауыр тақырыпты қозғасаң да, үмі­тін қалдыр. Шындықты айт­қың келсе де, арғы жағын ойла: сен көрерменді не үшін жылатып жатырсың, неге күлдіріп отыр­сың. Ал көрермен ойлансын. Кино­театрдан шығып бара жатып өзіне сұрақ қойсын. Нағыз өнер жауап бермейді – сұрақ қояды. Ал біздің көрермен мен оқырманда «ол маған міндетті» деген ой қалыптасқан. Жазушы мен режиссер шайнап, дайын ойды миына салып беруге міндетті. Бұлай болмайды. М.Цветаева айтпайтын ба еді: «Читатель – соавтор». Кинода да солай. Көрермен – режиссердің сырласы. Егер суреткердің түпкі ойын түсінсе, әрі қарай өзі дамытып алады, бірге мұңдасады.

– «Ермек Тұрсыновтың ки­но саласынан алған салмақ­ты сый­лығы жоқ» деген сөзді естідім. Солай ма?

– Бүгінгі халықаралық кино­фес­тивальдардан жүлде алып жатқан фильмдер неге биік дәрежеде бағаланады? Себебі ол фильмнің режиссерлері өз елін қаралайды және ол бүгінде сәнге айналды. Сөйтіп ұпай жинайды. Америка мен Аустралиядан бас­тап, бірқатар шет мемлекеттерде өтетін кинофестивальдарда болдым. Байқағаным, кез келген елдің режиссері өз елін қаралап шықса – бағаланады. «Ой, қандай қызық». Меніңше, бұл дұрыс емес. Қайта өз еліңді биіктетпейсің бе? Ең өркениетті елдің өзінің проблемасы бар. Бірақ олар көрсеткеннің жөні осы деп, өз елін мазаққа айналдырмайды. Көрсетсе де, қандай көңілмен баяндап отыр – пайда көздеп отыр ма, әлде жаны ашып, мұңымен бөлісіп отыр ма? Міне, бұл нә­зік мәселе. Жақсы, Каннан да, Венециядан да жүлде ал. Бірақ бастысы бұл емес. Бастысы – өз еліңнің бағасы. Өз көрерменіңнің түсінгені. Көрермен «Шалды» жақсы қабылдады. Мен іштей қуан­дым. Ал «Келінді» қабыл­дауға әлі дайын емес. Ол үшін ренжімеймін.

– Қателеспесем, сіз осы екі-үш мәрте «Оскарға» ұсыныл­ды­ңыз. Ала алмады­ңыз. Рен­жіген жоқсыз ба?

– Осы оқиғаның басымнан өткені де жақсы болды. Дамаскіде тұрған кезімде 92-ге келген бір әулие имамның айтқаны бар еді. «Сен ешқашан «осыған қайтсем де қол жеткізуім керек» деп өзі­ңе арман белгілеме. Бір күні арманың орындалғанда, зиян шегетін өзің боласың. Өйткені сен өзіңе шекті мөлшер белгілеп қойдың, қолың жеткеннен кейін болды, өмір мағынасыз болып қалады» деген-ді. Ең қызығы – жолдың өзі. Сен алдыңда не күтіп тұрғанын білместен қуалап жүре бересің. Өмір деген – белгісіз нәрсе. Сол белгісіздігімен қызықты, құнды. «Оскар» деген не – жай ғана жүлде. Рас, қызықтым. Қудым. Тіпті айнаның алдында тұрып алып «Оскар» алғанда сөйлейтін сөзіме дейін жұптап, дайындалатынмын. Құдай оңдап, осының бәрінен аман-есен өтіп, өз жолымды шын танығандай болдым. Қазір мен үшін бәрі анық. Бөтен елден баға іздеме. Америкалықтар менің туындымнан, қазақтың мәселесінен не түсінеді? Ендеше оны қалай бағаламақ? Саған кім баға береді? Адам ба? Жо-о-қ – уақыт. Сол себепті адамнан баға күтпеймін. Әсіресе бүгінгі көрерменнен. Сырттан барып жүлде алу міндет емес. Бас тарттым. Менің түйгенім – осы.

– Сонда кинофестиваль кә­сіби деңгейдің анықтауышы бола алмай ма?

– Жоқ, ешқашан. Әсіресе Еу­ропада бір мезгілде кем дегенде 3-4 қалада кинофестиваль өтіп жатады. Қазақстанның өзінде 5-6 кинофестиваль бар. Өзім қанша кинофестивальдың қазылар алқасының мүшесі, төрағасы болдым. Ол жүлделер қалай беріледі, қандай жолдармен анықталады, иесін қалай табады – бұл қулықтардың бәрін бес саусақтай білемін. Тіпті мақтаулы «Оскарыңыздың» өзі дос пен таныстың айналасынан алысқа ұзай алмай жатады. Сондықтан биік дәрежеде беріліп жатқан жүлденің өзіне күмәнмен қараймын. Мұндай жүлденің құны маған бес тиын. Мына істеп жүрген ісім жүлде алу үшін емес. Тіпті не үшін екенін өзім де білмеймін. Білетінім, бұл – менің жолым.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар