12 шіл, 2019 сағат 11:38

Ерлан Тұрғымбаев: Ашылған қылмыс саны - полиция қызметінің көрсеткіші емес

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев учаскелік полиция инспекторларын есептік көрсеткіштен нақты іске көшуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде біз нәтижені ашылған қылмыстар санымен бағалаудан алшақтап келеміз. Яғни, биыл мұнша құқықбұзушылық болды, келесі жылы тағы 2-3% көбірек болсын деген түсініктен арылу керек. Нағыз көрсеткіш - қылмыстың азаюы мен халықтың жоғары бағасы болуы керек. Біз жүргізген сауалнамаға 200 мыңнан астам халық қатысты. Олардың басым көпшілігі учаскелік инспекторының аты-жөнін біледі және оларға жоғары баға беріп, сыйақы беруді, жалақысын көтеруді және баспана беруді сұрады. Бұл - учаскелік инспектордың беделін көрсетеді. Сондықтан, құр санайғақтан арылып, халықтың құрметіне ұмтылу керек», - деді министр Қазақстанның учаскелік полиция инспекторларының слетінде.

Министр қалалық жерде түйткілді мәселелердің көп екенін атап өтті.

«Жыл басында департамент басшыларына Пәтер иелері кооперативтерімен бірлескен жиналыс өткізуді тапсырдым. Себебі, ПИК-те барлық мәселені анықтауға болады. Шағын аудандарда көптеген пәтерлер жалға беріледі. Тыныштықты бұзу сынды әкімшілік құқықбұзушылықтан бастап, ауыр қылмыстар сонда жасалады. Көп жағдайда біздің учаскелік инспекторлар құлықсыздық танытып отыр. Сондықтан, оларды ПИК төрағаларымен байланыстырдық», - деді Е. Тұрғымбаев.

Сондай-ақ, жиында «Полицияның үздік учаскелік инспекторы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Байқау барысында еліміздің 195 мың тұрғыны әлеуметтік желі арқылы үздік иснпекторларға дауыс берген.

«Республикалық маңызы бар қалалардағы үздік учаскелік инспектор» аталымында Шымкент қаласы Полиция департаменті әл-Фараби ауданының полиция басқармасының полиция инспекторы Ербол Юсупов үздік деп танылды. Оған «Қазақстан Республикасының үздік учаскелік иснпекторы» дипломы, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі және 3 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы берілді.

«Облыстық маңызы бар қалалардағы үздік учаскелік инспектор» аталымы бойынша Қостанай қаласының Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Жеділхан Нұрпейісов жеңімпаз атанды. Оған да «Қазақстан Республикасының үздік учаскелік иснпекторы» дипломы, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі және 3 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

«Ауылдық елді мекендердегі үздік учаскелік инспектор» жүлдесін Алматы облысы Қаратал ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Ерасылов жеңіп алды. Оған миинстр «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі және 3 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы берді.

Одан бөлек, салтанатты шарада бірқатар учаскелік инспекторға мерзімінен бұрын арнайы атақтар табысталды.

Жамбыл облысы Сарысу аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нарбеков Қанат Маратұлына және Қарағанды облысының Полиция департаменті Абай аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Жаппаров Дамир Қантайұлына «Полиция майоры» атағы мен 2 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы берілді.

Атырау облысы Полиция департаменті Атырау қалалық Полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Әлиев Ерден Қанатұлы мен Ақтөбе облысының Полиция департаменті Ақтөбе қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Сұлтанғалиев Дастан Данашұлы «Полиция капитаны» атағы мен 2 лауазымдық еңбекақы көлемінде қаржылай сыйақы алды.

Одан бөлек, бірнеше инспектор II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен» марапатталды. Марапатталған барлық қызметкерлерге қаржылай сыйақы берілді.

ҚР ІІМ хабарлауынша, учаскелік полиция инспекторларының тікелей жұмысы арқылы жыл сайын 40 мыңға жуық қылмыс ашылады. Елімізде 166 мыңға жуық адам, 8,5 мың отбасы және 7 мыңға жуық кәмелетке толмағандар учаскелік полиция инспекторларының бақылауында тұр.

Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігі 2020 жылды Учаскелік полиция инспекторларының жылы деп атады. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап, бірқатар ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысы көтерілді және баспана бойынша өтемақы төлене басатады.