22 шіл, 2019 сағат 10:13

Ерлан Саиров елді алаңдатқан проблемаларға тоқталды

Елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі туралы дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңес мүшесі Ерлан Саиров елді алаңдатып отырған негізгі проблемаларды атай келе, елдің мемлекетпен диаолгқа сусап қалғанын жеткізді.

«Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлығы ер арасында резонанс туғызды. Орталық қалалардан ғана емес, өңірлерден де адамдар шығып, өз пікірлерін білдіріп жатыр. Бұл жұртттың билікпен әңгімеге сусап қалғанын көрсетеді. Қазір елімізде қоғамдық-саяси процестерді либералдандыруға деген сұраныс бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан бұл кеңестің қажеттігін барлығымыз түсініп отырмыз», - деп бастады Ерлан Саиров.

Оның айтуынша, қазір елді еңбек саласы мен азаматтардың мүддесін қорғау, саяси реформалар салаларында көптеген проблемалардың қордаланып қалуы алаңдатып отыр.

«Қазір елдегі қоғамдық-саяси палитра әркелкі. Сайлау, митинг, БАҚ, саяси партиялар туралы заңдардың кейбір тармақтары заман талабына сай емес екенін уақыт көрсетті. Сондықтан, осы тұрғыда ойлануымыз керек. Саяс процестерді орталықсыздандырып, әртараптандыруға сұраныс бар. Саяси шешімдердің барлығы Нұр-Сұлтаннан шықпауы керек екенін айтушылар көп. Жыл сайын Қазақстаннан өз еркімен көшіп жатқандардың саны артып келеді. Ал шекаралық аудандардан халық орталықтарға көшіп жатыр. Бұл тіпті гуманитарлық проблема деуге болады», - деп түйді Кеңес мүшесі.

Оның пікіріне қарағанда, бұл мәселелерді шешу кеңестің негізгі миссиясы болмақ.

«Мемлекеттің осы мәселелерді шешуге деген ерік-жігері бар. Сондықтан, қазірдің өзінде кеңес жұмысына қатысты оптимистік болжам қалыптасты деп айтуға болады», - деді қоғам қайраткері.