08 қаң, 2018 сағат 11:13

Ерлан Қарин Ұлттық арнаның жұмыс барысы туралы мәлімдеме жасады

"Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин өзінің фэйсбук желісіндегі парақшасында Ұлттық арнаның 2017 жылғы жұмыс барысы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Ол өз жазбасында нақты сандар келтіре отырып өткен жылдың қорытынды көрскеткіштеріне тоқталды.

"2017 жыл «Qazaqstan» телеарнасы үшін оңай бола қойған жоқ, себебі, жалпы теленарықта телекөрсетілім деңгейі төмендеуде, бірақ соған қарамастан біз жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындыладық.

"Барлық 6+" аудиториясының есептеулері бойынша, телеарнаның жылдық орташа үлесі 7,2% пайызды құрап, отандық теленарықта алтыншы орынға жайғасты. Соңғы жылдары көрерменге танымал болып келген "Келін" телехикаясының эфирде тоқтатылуы телеарнаның аудиторлық көрсеткіштерінің төмендеуіне әкеліп соғады деген болжам жоққа шықты. Себебі, телеарна жобаларының тұрақты көрсеткіштері мен жаңадан шыққан әр түрлі жанрдағы тележобалар және үздік шетелдік телетуындылар медианарықтағы телеарнаның аудиториясын төмендетуге жол бермеді. Соңғы 4-5 жылда көрсетілген бұл телехикая аудиторлық көрсеткіштердің 25-40 % үлесін қалыптастыруды қамтамасыз етіп келген. Дегенмен, ұтымды жоспарлау арқылы жаңадан сапалы контент ұсынып, нақты тайм-слотты ілгерілету жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асырғандықтан, жақсы нәтижелерге қол жеткізе алдық. Әрине, басында бұл телехикаяның эфирден алынуы аудиторлық көрсеткіштерге күрт әсер етті. Наурыз айынан бастап, яғни үнді телехикаясы тоқтатылған сәтте телеарнаның рейтингтік көрсеткіштері төмендей бастаған болатын. Сонымен қатар, дәл сол кезде эфирде өтіп жатқан қысқы спорттық ойындарына арналған Бүкіләлемдік Универсиаданың арнадағы трансляциясының аяқталуы да өз әсерін тигізбей қоймады. Оған қоса үш бірдей арнаның ортақ өлшемдік панелге енуі аудиторлық көрсеткіштердің бөлінуіне алып келді", - дейді Ерлан Қарин.

Арна басшысы өз сөзін: 

"Ал, біз өз тарапымыздан контентті жаңарту жұмыстарын жүргізуді бастап кеткен болатынбыз. Сөйтіп, 2017 жылдың күзінде корпорацияда ребрендинг жұмыстары сәтті жүзеге асырылды. Эфирдегі визуалды өзгерістер мен сапалы контент телеарна көрермендерінің ұлғаюына алып келді. Қазан айынан бастап рейтинг көрсеткіштері тұрақталып, қараша-желтоксан айында айтарлықтай өсу үрдісі байқалды. Сондай-ақ, эфирдің 79% өзіміздің ішкі өнім, бұл басқа телеарналармен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткіш.

Сонымен қатар, телеарна интернеттегі және әлеуметтік желілердегі өз орнын кеңейте бастады. 2017 жылы YouTube видеохостингінде енгізілген Ұлттық арна жобаларының қаралымы жалпы есеппен 77 млн-нан асты! Осы орайда «Qazsport» пен «balapan» телеарналары жоғарғы көрсеткіштерге ие болып, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсеткіш рейтингісі өлшенетін телеарналар қатарына енгенін айта кету керек. Жыл қорытындысы бойынша, кабельдік телеарналардың арасында «balapan» телеарнасы жалпы үлесі 3,1% пайызбен алдыңғы қатардан орын алды. «Qazsport» телеарнасының үлесі осы уақыт аралығында 1,5% пайызды құрады. Ал, корпорация құрамына кіретін телеарналардың жалпы үлесі «Барлық 6+» аудиториясы бойынша 11,8% пайызға жетті. Аудиторияның сұранысы мен талабын ескере отырып, эфирдегі контенттің сапасын арттыру жұмысы әлі де жалғасады", - деп түйіндейді.