12 сәу, 2017 сағат 09:20

Ерлан Қарин. Мәселе латын әліпбиіне көшуімізде емес, нақты өркениеттік таңдау жасауымызда

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалы мақаласы жарияланды. Бірден айта кету керек, жолдау тек «Егеменде», қазақ тілінде ғана жарық көрді. Бұл мақалада айтылған ойлар, тезистер ұлттық идеологияға, қазақ қоғамына арнайы бағытталғанын аңғартса керек. Сондықтан, бұл мақаланы қазақ халқына жолдау сияқты қабылдауға болады.

Елбасының мақаласы мемлекеттік идеологияны анықтайтын, жаңа идеологиялық платформаға айналатын, саяси-идеологиялық құжат. 

Себебі ол саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық реформалардан соң идеологиялық саясатты модернизациялауды күн тәртібіне шығарды. Мәселен, латын қарпіне көшу өте маңызды шешім. Мен осы турасында бұрын да пікірімді айтқанмын, мәселе латын әліпбиіне көшуімізде емес, нақты өркениеттік таңдауымызды жасауымызда. Ендігі ретте Елбасы бұрын және бүгінгі ұсынып отырған жаңа тың идеяларды нақты іс жүзінде асырудың жоспарын ұсынып отыр.

Бұл құжат қазақ ұлттық мүддесінің стратегиялық бағытын айқындайтын жаңа идеологиялық концепция. Ұлтты белгілі бір әрекетке жігерлендіретін, түрткі болатын принциптердің жиынтығы.

Сондықтан, біз Президент мақаласында айтылған жаңа, тың идеяларды «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазақ» радиосының түрлі бағдарламаларында жан-жақты, салмақты талқылауды ұйымдастыруға әзірміз.

Ерлан Қариннің фейсбуктағы жазбасынан