04 қыр, 2019 сағат 15:59

Еріктілер – қоғамның қозғаушы күші (фото)


Алматы қаласында «Bolashaq» Қауымдастығының ұйытқы болуымен «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы басталды.  

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырылған шараға Шығыс Қазақстан және Алматы облысынан 18-29 жас аралығындағы 200-ге жуық жас қатысты. Олар ҮЕҰ мен ЖРО арасындағы өзара қарым-қатынас, тұрақты даму мен ҮЕҰ тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Шараның ашылу салтанатына Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ринат Бақбергенов, «Kazakhstan Trade Council» директоры Дэвид М. Валера, «Еріктілер лигасы» қоғамдық қоры төрайымы Айсұлу Ерниязова, Нархоз университетінің Халқаралық ынтымыстық бөлімі басшысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жайлагүл Сағындықова қатысып, жастарға арнайы семинарлар мен мастер-класс өткізді.

Жоба аясында «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова «ҮЕҰ мен ЖАО өзара байланыс мәселелері» атты семинар ұйымдастырды.

Семинар барысында еріктілер жұмысы мен олардың ел дамуына қосқан үлесі сөз болды. Сонымен қатар Айсұлу жастарға өзі басқаратын қоғамдық қордың жұмыстары мен алға қойған жоспарларын да айтып берді.

«Bolashaq» Қауымдастығы бастама болып отырған жиынға белсенді жастар жиналған екен. Іс-шарада ЖОО-дан келеген және әртүрлі жас айырмашылығы бар еріктілер көп болды. Сондықтан жастармен ортақ тіл табысу, пікір алмасу қызықты өтті. Меніңше бұл – нағыз нетворкинг», - дейді «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова.

Еліміздің әр аймағынан жиналған жастардың басым көпшілігі өздеріне қызықты тақырып аясында пікір алмасып, еріктілер жұмысында туындайтын түрлі мәселелерді талқыға салды.

«Біз бүгінгі шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Бұл жерден өзімізге қажетті барлық ақпараттарды ала алдық. Тәжірибе алмасу мақсатында келген соң әр аймақтан жиналған еріктілермен пікір алмасып, өз жосапарларымызбен де бөлісіп жатырмыз», - дейді Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 3 курс студенті Айман Битабарова.

Нетворкинг шарасына АҚШ-тан арнайы келген «Kazakhstan Trade Council» директоры Дэвид М.Валера сөз алып, өз ойын ортаға салды. Ол жастар арасында ұйымдастырылып жатқан жобаның нәтижелі боларына сенім білдірді.

Елімізде еріктілер ардагерлерге, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, аймақтарды қоқыстан тазарту жұмыстарына жәрдемдесіп, түрлі әлеуметтік шараларда көмек көрсетіп келеді.

«Қазіргі таңда ерікті жастар елімізде өте белсенді. Олардың ел үшін жасайтын жұмыстарын жоғары бағалауға болады. Біз – жастар бір-бірімізге бәсекелес болмауымыз керек. Керісінше достық қарым-қатынаста болып, тәжірибе алмасып, ел игілігіне жарайтын іс жасауымыз қажет. Келер жыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Енді еріктілер алдағы уақытта өз белсенділігін арттыра түсеріне сенімдімін», - дейді «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова.

Оның айтуынша, нетворкинг – жастардың бірігіп жұмыс жасауына, белсенді болуына, қоғамның түрлі саласындағы тақырыптарды талқылып, өз тәжірибесін бөлісуге арналған үлкен алаң.

Алматыда жиналған белсенді жастар болашақта түрлі жобалар атқарып, жастар ұйымдарының дамуына, еріктілер жұмысының жандануына атсалыспақ. Болашақта жиында айтылған кеңестер мен жобаларды өз аймағында іске асырып, өзара тәжірибе алмасуға ниетті. 

Айта кетейік, «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы Шымкент, Павлодар қалаларында жалғасын табады. Аталмыш жобаның нәтижесі бойынша, ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.