05 нау, 2019 сағат 07:29

Ерік Байжүнісов: Дәрігерлердің жалақысын көтеру - кезек күттірмейтін мәселе

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айындағы Қазақстан халқына жолдауында медицина саласы да назардан сырт қалған жоқ. "Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады" деп атап өтті Мемлекет басшысы. Әрине, ең бірінші тән саулығы мен жан саулығына жіті көңіл бөлінсе, одан кейінгі мәселелер де өз кезегімен шешімін табары анық. Елбасы ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет деді. Сондай-ақ, "алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын" деп, қадап айтты.

Осы орайда, аталған тақырыпты кеңірек тарқату мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісовті сөзге тартқан едік. Назар салсақ...

- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті жолдауында сөз болған әлеуметік мәселелер қатарында денсаулық саласы да бар. Елбасы ең алдымен медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жайлы айтты. Осы жайлы пікіріңізді білсек...

- Иә. Елбасы биылғы жолдауында да денсаулық сақтау саласының мәселелеріне ерекше тоқталды. Дәрігерлер жалақысын өсіру, ауыл медицинасының деңгейін көтеру сынды бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының жолдауға арқау болғаны қуантады. Жалпы, бүгінде мемлекеттік емханалардағы ұзын-сонар кезек мәселесі, окулист, лор, ортопед сынды салалық мамандардың жетіспеуі, дәрігерлердің кәсіби деңгейі мен олардың пациенттерге деген қарым-қатынасы жиі-жиі сынға ұшырап жатады. Негізінде бұл да бір бюджеттік медицинаның салдары. Себебі, мықты мамандардың көбі емхана мен ауруханада біліктілігін жетілдіріп, әбден тәжірибе жинақтағаннан кейін айлығы аз, жүктемесі көп мемлекеттік мекемені тастайды да жанға жайлы, бар жағдай жасалған жеке меншік клиникаға кетіп қалады. Немесе өз кабинетін ашып, адамдарды сол жерде қабылдай бастайды. Ал, кәсіби мамандардан айырылып қалмау үшін оларға қолайлы жағдай жасап, материалдық жағынан қамтамасыз ету керек.

- Дәрігерлердің алып отырған жалақысы атқарып жатқан еңбегіне сай емес дейсіз ғой?

- Әлбетте, дәрігерлердің қазір алып отырған жалақысы еңбектеріне сай емес. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір дәрігерлерді: мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін дәрігерлер мен жекеменшік емханаларда жұмыс істейтін мамандар деп екі топқа бөліп қарауға болады. Мемлекеттік аурухана мен жекеменшік клиникадағы жалақының арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстанның мемлекеттік емдеу орындарында институтты жаңа бітірген жас маманның базалық жалақысы – 56 мың теңге. Бүгінгідей қымбатшылық заманда ол ақша тіршілікке жетпейтіні анық. Сондықтан, ол маман күндіз бір жерде, түнде екінші жерде, тіпті, үшінші клиникада да жұмыс тауып жатады. Демалмай, шаршап жүріп істеген жұмыстың сапасы да төмен болмай ма? Сол себепті дәрігерлердің жалақысын көтеру керек. Бюджеттік салада бұл қиындау. Сондықтан мәселені түбегейлі шешу жолдарын қарастыру қажет. Елімізде енгізіліп жатқан медициналық сақтандыру жүйесі осы мәселені шешуге септігін тигізуі тиіс. Медициналық сақтандыру қоры дәрігерлердің, емдеу мекемелерінің арасында бәсекелестік туғызуға күш салады. 

- Емханадағы кезек мәселесін айтып қалдыңыз. Оны қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

- Бұл жұртшылық арасында көп талқыланатын, көпшіліктің наразылығын тудыратын мәселенің бірі. Денсаулық сақтау басқармасын басқарған адам ретінде мынаны айтар едім: Емхана қызметкерлері көбіне басшылардың түр-түсін біле бермейді. Кезінде соны пайдаланып мен емханаларға жасырын барып, қызметкерлер жұмысын сырттай бақылап жүрдім. Пациенттің маршрутымен жүріп отырсаң емхана қызметкерлерінің қатесіне көз жеткізуге болады. ​Жалпы, мемлекеттік емханалар пациенттің қажетіне бейімделмеген және оларды бизнес-құрылым деуге келіңкіремейді. Емхана азаматтар келіп-кетіп, арыз-шағым айтып, ұрсысып жататын мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істейді. Ондағы әр қызметкер өзіне бекітілген белгілі бір функцияны ғана атқарады. Көбісінің түрлі есептерді толтырудан қолы босамайды.​ Анализді тек түске дейін алады, диагностикалық кабинеттер де түстен кейін жұмыс істемейді. Сондықтан түрлі тексеруден өтіп, медосмотрдан өткісі келгендер таң сәріден тұрып емханаға келеді. Оған шынымен де дәрігер көмегіне зәру пациенттер қосылады. Емханадағы таңертеңгі кезектің себебі осы. Оған дәрігер жетіспеушілігін, бас дәрігердің күн сайын өткізетін бір сағаттық «пятиминуткаларын» қосыңыз. Мемлекеттік емханалар жұмысында осы сынды кемшіліктер жетіп-артылады. Бұған дәрігерлердің титтей де кінәсі жоқ. Оған әлсіз менеджмент пен осы міндеттерді шешуге тиісті денсаулық сақтау басқармаларының басшылары кінәлі.

- Президенттің тапсырмасымен биыл Астанада Халықаралық ғылыми онкологиялық орталық салынатын болды. Осы бастаманың дәл қазір көтерілуіне не себеп?

- Бұл еліміз үшін өте қажетті орталық. Біздің онколог мамандар қазірден бастап орталық жұмысына қажетті алғышарттарды дайындап жатыр десе де болады. Олар Америка, Түркия, Корея мен Еуропаның бірқатар елдерінде тәжірибе жинақтады. Яғни, біздің мамандарымыз болашақта аталған орталықта енгізілетін сәулелі, лазерлі, протонды терапия, иммундық емдеу, диагностиканың ең озық үлгілерін енгізуге дайындық жасап жатыр. Мәселен, әлемнің 57 елінде ғана пайдаланылатын протонды терапия посткеңестік кеңістікте мүлдем жоқ. Мамандардың айтуынша, бұл әдіс көз обыры, сүйек кемігі обыры, балалардың миындағы қатерлі ісік сынды сирек кездесетін ауруға шалдыққан 1600 пациентті емдеп жазуға, омыртқа мен ми обыры метастаз берген науқастарға көмектесуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа онкологиялық орталықта иммунды терапия әдісі енгізіледі деген жоспар бар. Өкінішке орай, Қазақстанда бүгінде тек өкпе обырына шалдыққандарды ғана аталған әдіспен емдеуге мүмкіндік бар. Ал, әлем елдері қатерлі ісіктің тері обыры, меланома, мойын мен бас обыры сынды түрлерін иммундау арқылы емдеуді әлдеқашан жолға қойған. Жоспар бойынша, жаңа орталық жыл сайын 8000 пациентті қабылдай алады және мұның бәрі қазақстандықтар үшін тегін жүргізілетіні қуантады. Оған қоса, 2019 жылдан бастап онкологиялық диспансерлердегі қондырғылар паркін жаңартып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға қосымша 35 млрд теңге бөлінбек. Мұның мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесері хақ.

Қазіргі таңда елімізде онкологиялық ауруларды емдеу жақсы жолға қойылған. Жыл сайын қатерлі ісік тырнағына іліккен пациенттерді емдеуге бюджеттен 36 млрд теңге бөлінеді. Ал, онкологиялық ауруларды анықтауға бағытталған тегін скринингтік тексерулерге 4 млрд теңге қарастырылған.   

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ұлт порталы